«Бақытты отбасы» — мүмкіндіктер мекені

Ұлт болашағының басты тұғыры, іргетасы — отбасы. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің де түп-төркіні осыдан шықса керек. Отбасы — кез келген мемлекеттің, халықтың бүгіні мен болашағының бүтіндігінің кепілі. Сондықтан отбасы құндылықтарын дәріптеу, некенің беріктігін сақтау өте маңызды. Осы орайда Ақтөбе қаласында ашылған «Бақытты отбасы» орталығы бүгінде отбасылық өмірде тұрмыстық, әлеуметтік мәселелер туындап, мамандардың көмегіне мұқтаж болған ерлі-зайыптыларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп келеді. Қазір бұл орталықта медиатор, психолог мамандар қолдау көрсетумен қатар, жаңа кәсіп бастап, жұмыс істегісі келетін әйел-аналарға шеберлік сағаттары өткізіледі.

Тегін қызмет, нәтижелі еңбек
Өткен жылы өз жұмысын бастаған «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы Батыс-2 шағын ауданындағы «Анаға тағзым» ғимаратында орналасқан. Бұл жерде мамандар түрлі қызметтің жұмысын үйлестіріп, мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіп келеді. Орталықтың қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Гүлмира Мамытжанованың айтуынша, «Бақытты отбасы» мекемесі негізінен көмекке мұқтаж жандарға арнайы қызмет көрсету үшін құрылған. Бұл жерде ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынас нығайтылып, отбасылық мәселелерді шешуге көп көңіл бөлінеді. Ұлттық құндылықтар насихатталып, мамандар әйел-аналардың жаңа кәсіп бастауына ықпал етеді.
— Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі жанынан құрылған «Бақытты отбасы» орталығы былтыр қараша айынан бастап жұмыс жасап келеді. Бұл орталықтың мақсаты – қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау және оларға кешенді қызметтер көрсету. Мекемеде көпбалалы, аз қамтылған, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға оңалту жұмыстары, заңгерлік және психологиялық бағыттарда қолдау көрсетіледі. Біздің орталығымыз, негізінен, оқу-үйрету кабинеттерімен жабдықталған. Атап айтсақ, мұндағы «Алтын оймақ» кабинетінде мамандарымыз қыз-келіншектерге пішіп-тігуден бастап, тігіншілік өнерді кәсіби деңгейге дейін үйрететін болса, «Кәсіп ал» кабинетінде денсаулыққа пайдалы, дене, бет, аяқ-қол массаждары үйретіледі. Ересектер және балалар массажы бойынша шеберлік сыныптары өткізіледі. «Кербез» кабинетінде әйел-аналарға бет және шаш әрлеудің әдістері үйретілсе, «Зейін» кабинетінде SMM курстары, бухгалтерлік есеп курстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар түрлі бағытта кеңестер, курстардың теориялық сабақтары өтеді. Ал «Әке ғибраты» кабинетінде аталар жолымен келе жатқан кәсіптерді қайта жаңғырту, оның ішінде қамшы өру, қыш құю, үйге қажетті жабдықтарды қолдан жасау бойынша оқу-үйрету курстары өтеді, — дейді ол.
Бөлім басшысының айтуынша, мұнда ұлттық өнерімізді, салт-дәстүрлерімізді ұлықтауға арналған көпшілік шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, орталықтағы «Ұмай ана» кабинетінде «Қазақ аналары — дәстүрге жол» облыстық аналар қауымдастығы қыз-келіншектердің қатысуымен салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға арналған мәдени шаралар өткізсе, «Жәдігер» аталатын қолөнер, кесте тігу, тоқу ісі бойынша жұмыс жүргізетін оқу-үйрету кабинетінде әйел-аналар тігіншілік өнерді үйренеді. Сондай-ақ орталықта қыз-келіншектер аспаздық және кондитерлік өнімдерді дайындай алады.
— Орталықтағы барлық курстар тегін жүргізіледі. Жалпы, курстарды өткізу әр кез түрленіп отырады. Себебі кейде қаламыздағы кәсіпкерлер қыз-келіншектерге өздерінің кәсіптік білімдерін бөлісуге ұсыныс жасап жатады. Мысалы, жуырда орталық басшысы Бибігүл Маратқызы «Изимов» жеке кәсіпкерлігінің директоры Гүлсана Ізімовамен меморандумға қол қойды. Бұл кәсіпкер орталыққа тіркелген отбасы мүшелеріне фотограф, мобилограф, визажистік курстар өткізе алатынын, өзінің тәжірибесімен бөлісетінін жеткізді. Бұл да біздің аналарымыздың жаңа кәсіп бастауына үлкен серпін береді. Жалпы бүгінге дейін біз Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, «Ыбырай» қоғамдық қоры, «Лакомка» кондитерлік цехы, «Сарқыт» мейрамханасы, «Zhasmin» гүл салоны, «Қуаныш» клиникасы, «Продуктовая корзина» акционерлік қоғамы жеке қайырымдылық қоры, «Шаңырақ», «MoreLife» және тағы басқа қайырымдылық қоғамдық қорларымен өзара ынтымақтастық меморандум аясында бірлесе жұмыс жасап келеміз. Сондай-ақ орталықта жергілікті мемлекеттік атқарушы органдар жұмыс күндері бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды қабылдап, оларға жеке сұрақтары бойынша кеңес береді, — дейді ол.
Орталық ашылғаннан бері бұл жерде 530 адам тегін курстардан өтіп, 232 адам арнайы сертификатқа ие болған. Ал психолог мамандардың көмегіне жүгінгендердің саны — 170. Оның ішінде 104-і ересектер болса, 66-сы — балалар.
— Орталықта 3-13 жастағы балаларды балалар психологі қабылдаса, 13 жастан егде жасқа дейінгі адамдарды ересектер психологі қарайды. Бұл жерге әлеуметтік жағынан осал топқа жататын әйелдер көп келеді. Біз психологиялық жағынан ауытқушылығы бар, яғни күйзеліске түскен, стреспен күресіп жүрген әйел-аналармен жұмыс істейміз. Олардың психологиялық портретін жасап, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы әңгімелесеміз, сырласамыз. Жалғызбасты, ерекше бала тәрбиелеп отырған, сондай-ақ көпбалалы аналарға психологиялық жағынан қолдау көрсетеміз. Бұдан бөлек әртүрлі отбасылық жағдайларға байланысты ажырасуға бел буған ерлі-зайыптыларға медиатор, заңгерлермен бірге кеңес беріп, олардың отбасын сақтап қалуына ықпал етеміз, — дейді орталықтағы ересектер психологі Ардақ Жұмағалиева.
Оның айтуынша, «Бақытты отбасы» орталығы мамандарының арқасында бүгінде ондаған отбасы некесін сақтап қалған.
Өнерді үйрен де жирен
Бүгінде орталықтағы «Алтын оймақ» кабинетінде тігіншілік өнерді үйреніп жатқан аналардың саны көп. Бұл жерде орталық ашылғаннан бері жұмыс жасап келе жатқан Әлия Өткелбаева келушілерге құрақ құрау, киім пішу және тігуді үйретіп жатқанын айтады.
— «Алтын оймақ» — Ақтөбедегі дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығы жанынан ашылған кабинет. Бұл жерде біз көпбалалы, жалғызбасты, ерекше балалар тәрбиелеп отырған, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі аналарға екі апта бойы құрақ құрауды, киімді пішіп-тігуді үйретеміз. Шындығына келгенде, бұл жерге келген әйелдердің көбі тігін машинасын қалай пайдалануды білмейді. Біз сол себепті тігін тігуді нөлден бастап үйретеміз. Бұл жерде екі апта курстан өткен соң аналардың дені жеке кәсіп ашуға бейімделеді немесе жұмысқа орналасады, ал бірқатары осы кабинетте жұмыс жасауға қалады. Қазір кабинетте қалып, еңбек етіп жатқан аналар да бар. Ал курстан өтіп, соңғы үлгідегі түрлі сәнді киімдер тігіп үйренген қыз-келіншектер қазір өз қолынан шыққан дүниелерін дефилеге шығарып, көрсетіп жатыр. Ұлттық киімдердің түр-түрін тігіп, өнерін шыңдап жатқандар да бар. Жалпы, өзімнің осы салада еңбек етіп келе жатқаныма елу жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында көп жерде жұмыс жасадым, қаншама жастарға білген-түйгенімді үйреттім. Ендігі мақсатым — «Алтын оймақтың» үйренушілеріне қолдан келгенше көмек көрсету, олардың осы саланы меңгеруіне атсалысу, — дейді ол.
Айта кету керек, қазір сондай-ақ аталған орталықта бір топ ана асүйге арналған дастарқан, терезе жапқыш және алжапқыш тігуді де үйреніп жатыр. Бұл бағыт бойынша дәрістерді Гүлмира Мамытжанова жүргізеді. Ол үш жылдан бері дастарқан тігуді сүйікті кәсібіне айналдырған.
— Бұл іс, бір жағынан, тігіншілік өнерге деген құштарлығымды арттырса, екінші жағынан, табыстың көзі екенін ұқтым. Қазір орталыққа келіп, тігіншілікке бет бұрған қыз-келіншектерге осы өнерімді үйретіп жатырмын. Қазақта «Өнерді үйрен де жирен» деген нақыл сөз бар. Сондықтан бұл жерде біз келушілерге түрлі өнерді үйретуге талпынып жатырмыз. Қуаныштысы, орталыққа келушілердің арасында жаңа дүниені тез үйренуге, меңгеруге бейім, еңбекқор, жан-жақты әйелдер көп, — дейді Гүлмира Мамытжанова.
Оның айтуынша, «Бақытты отбасы» орталығы мамандарының жан-жақты қолдауының арқасында бүгінде мемлекеттен грант ұтып алып, жеке кәсіп ашып жатқан аналар жетерлік. Солардың бірі — көпбалалы ана Нұрайым Сембаева. Ол жартылай дайын өнімдерді әзірлеу бойынша өз бизнес жоспарын ұсынып, мемлекеттен 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған.
— «Бақытты отбасы» орталығы мамандарына ерекше ризашылығымды білдіремін. Орталықтың біз сияқты көпбалалы аналарға ұсынып отырған көмегі, қайырымдылығы орасан. Мен осы орталықтың арқасында өз кәсібімді ашып, бүгінде әлеуметтік желілер арқылы жұмысымды дамытып жатырмын. Осы орталықта алған білімім мен тәжірибем отбасымды асырауыма көмектесетініне сенімдімін, — дейді ол.
Ал асыраушысынан айырылған, ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі ана Нұрлыгүл Таужанова орталықтан аспаздық курсын тәмамдап, қазір үйден кәсіп ашу үшін құжаттарын рәсімдеп жүргенін айтады.
— Орталықта тәжірибелі мамандардың қолдауымен аспаздық курсын оқып шықтым. Осы іспен айналысуға бет бұрып, қазір үйден түрлі тағамдар әзірлеп жасап жатырмын. Жуырда мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілетін қайтарымсыз грант алуға өтініш тапсырдым. Қазір үміткер ретінде тіркеліп, конкурстың нәтижесін күтіп жүрмін. Егер грант ұтып алсам, жеке кәсіп ашқым келеді. Сондай-ақ бұл жерде кәсібімді дамыту үшін SMM курсын да тәмамдадым. Осындай орталық ашып берген облыс, қала әкімдігіне алғысымыз шексіз, — дейді ол.
Данагүл ҚАЗИХАН



