Мәдениет

Рамазан — мейірім, рахым, кешірім айы

Өткен жұмада, Қасиетті Рамазан айы қарсаңында, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков пен Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Талғат Қожамұратов баспасөз мәслихатын өткізді.

Қасиетті Құранда: «Рамазан — адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын» («Бақара» сүресі, 185-аят) — делінген.

Рамазан айында мұсылмандар тек ауыз бекітіп; Тарауих намазы, Құранды хатым ету және басқалай  құлшылықтарды күшейтіп қана қоймай; адамзат баласын азғындықтан сақтап қалған Қасиетті Құран түскен қасиетті айға деген ерекше құрмет ретінде  айналадағы мұқтаж жандарға қарайласып; араздасқан жақындарыңмен татуласып; туыс-бауырмен қарым-қатынасыңды нығайта түсіп; біреуді ғайбаттау немесе арамдық ойлау сынды, барша жамандық атаулыдан аулақ болуға барынша тырысады.

Биылғы Рамазан айы қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орталық Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі үндеу жариялап, кәсіпкерлерді азық-түліктің бағасын 10 пайызға жеңілдетуге шақырды. Рамазан айында халыққа мұндай жеңілдік жасаудың сауабы мол болмақ. Біз ақтөбелік барша кәсіпкерлерді осы үндеуге қосылуға шақырамыз, — деді «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков.

Бас имам биылғы пітір садақаның мөлшері 150 теңге болып белгіленгенін айтты.

Пайғамбарымыздың кезінде пітір садақасы 2 келі бидай, арпа немесе осынша мөлшерде мейіз және құрмамен берілген. Ал Ханафи мәзһабы бойынша мұны ақша түрінде де беруге болады.

Базарда мейіз бен құрма бағасы қымбатырақ екені белгілі. Пітір садақа берсем деп ниет еткен ағайынның бәрінің бірдей қымбатқа шамасы жете қоймауы мүмкін. Сондықтан пітір садақа мөлшерін бидай құны бойынша белгілеп отырмыз. Әйткенмен, мейіз, құрма құнымен төлеуге  шамамыз келеді дейтіндер болса,  олай етулеріне де болады, — дейді бас имам.

Баспасөз мәслихатында хабарланғандай, Рамазан айында мешіттерде ауыз ашарға дастарқан жайылып, кешкілік Тарауих намазы оқылады және Түркия, Сирия сынды елдерден келген Құранды жатқа оқитын қарилердің қатысуымен Құран хатым етіледі.

Бұл айда тәубеге келіп, шын ықыласпен дұға еткен жандардың тілегі қабыл болады. Сондықтан еліміздің болашағы жарқын болуы үшін, халқымыздың бірлігі үшін, жат ағымдар жетегінде адасып жүрген бауырларымыздың өз үйірін қайта тауып, қатарымызға қосылуы үшін де тілек тілеуді ұмытпағайсыздар, — деді бас имам.

Мешітте демеушілер күшімен жайылатын тегін ауыз ашар дастарқанына ораза ұстамайтын жандар да келе алады.

Ауыз ашар дастарқанында ораза ұстайтын жандармен бірге отыру басқаларға әсер етеді, олардың имандылық жолға бет бұруына себеп болады деп үміттенеміз, — дейді бас имам.

Ал ораза ұстауға ниеті болғанмен, денсаулығы жарамайтын жандар фидия бере алады. Фидия дегеніміз — таңертең және кешке, яғни күніне екі мезгіл бір міскінді тойдырып тамақтандыру немесе соған жететіндей мөлшерде қаржы беру.

Рамазан айы биыл 29 күнге созылады. Қадір түні тамыздың 26-сынан 27-іне қараған түнге сәйкес келеді.

Ал 30 тамыз — Ораза айтының бірінші күні.

Қасиетті Рамазан айы баршаңызға береке әкелгей!

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button