Денсаулық

Есірткіге жол жоқ!

Бейсенбі күні «Дүние» университетінің кітапханасында қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен есірткі мен ішімдікке қарсы күрес тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Темекі, арақ, есірткінің адам денсаулығына қаншалықты зиян екендігін білеміз. Сондай-ақ, көптеген аурулардың асқынып, түрлі қылмыстардың дені осыларды қолдану салдарынан болатынынан да құлағдармыз. Сол себепті маман иелері жастармен жиі кездесу өткізіп, кеңескені дұрыс.

«Дүние» университетінде өткен дөңгелек үстелге қала әкімі жанындағы жастар саясаты мен патриоттық тәрбие беру ісі жөніндегі кеңес мүшелері, жастар ұйымының өкілдері, дәрігерлер, ішкі  істер бөлімінің қызметкерлері, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары қатысып, студенттерге есірткі мен ішімдіктің зияндығын жан-жақты түсіндірді. Жастар есірткіге неге тәуелді? Бұл туралы дәрігер Наталья Исабекова былай деді:

Әр адамның айналысатын сүйікті ісінің болғаны дұрыс. Уақытпен таласып жұмыс жасаған адамның қолы бос болмайды. Ал бос жүргендер біреулердің алдауына еріп, есірткіге тәуелді болуы ықтимал. Сондықтан ата-ана, ұстаздар баланы жиі қадағалауы қажет. Кейбір адамдар сәл қиындықты көтере алмай, қатерге басын тігеді. Бұл дұрыс емес. Және ауыл жастары қалаға келген соң шылым шегуді үйренеді, арақ ішеді. Ал темекі мен арақ нашақорлыққа жол бастайды. Сол себепті мұғалімдердің әр баланы бақылауға алғаны дұрыс. Әсіресе, топқа көп қосылмайтын, үнемі көңілсіз жүретін, ортаға бейімделе алмайтын балаға назар аударып, онымен сырласқаны дұрыс.

Ал облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға жедел өкілі, полиция подполковнигі Лаура Забихова студенттер мен оқушылар арасында арнайы дәрігерлік тест жүргізген дұрыс деп есептейді. Сондай-ақ, ол түрлі ауруларға жол бастайтын дертті әу баста қолға алмаса, кейін сан соқтыратынын айтты.

– 2008 жылдың 17 шілдесінде ҚР Қылмыстық кодексі мен ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексіне және ҚР Әкімшілік кодексіне өзгерістер енгізілді. Мұндағы өзгеріс бойынша оқу орындары мен ойын-сауық орындарында есірткі сатқан не пайдаланған адамдар бас бостандығынан айрылады. Дерекке жүгінсек, осы жылдың 3 айы ішінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты 97 қылмыстық іс тіркелген. Оның 73-і есірткі сату, контрабанда, т.б. қатысты болып отыр.  Қалада есірткі сатумен айналысатын адамдар бар. Мәселен, Құрмыш ауданында бұрын түрмеде отырған 2 адам мен Москва ауданында сыған ұлтының отбасы қолға түсті. Тіпті, сыған отбасындағы №12 мектепте оқитын 17 жастағы қыз да есірткі сатады екен, – дейді Л.Забихова.

Шара барысында нарколог-дәрігер Сағира Санжанова фармалинге салынған зақымданған дене мүшелерін, яғни темекі шеккендіктен организмнің қасірет шегіп, инсульт алған бейнесі, бауырдың рак түріндегі ісігі, есірткі тұтыну салдарынан шала туылған бала және т.б. көрсетті.

Дөңгелек үстел барысында мамандар жастарға көптеген ақыл-кеңес берді. Соның ішінде танымайтын, бөгде адамдармен араласпауды қатаң тапсырады мамандар. Егер қиын іске тап болсаң, ойыңды алдымен ата-анаңмен, ұстазыңмен және достарыңмен бөліс.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

«Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырмасы бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button