Әдебиет

Сәндібек ЖҰБАНИЯЗОВ

Сәндібек Жұбаниязов 1966 жылы 2 сәуірде Әйтеке би ауданының Жабасақ ауылында дүниеге келген. 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Жалын», «Зерде» журналдарында әдеби қызметкер, «Қазақстан» телеарнасында аудармашы, «Азия-Информ» баспасында бас редактор, ҰҚК Шекара қызметінің «Шекарашы» журналында бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. 2008 жылдан бастап «Жазушы» баспасында редактор қызметін атқарды.

Ақынның «Жасыл әлем», «Жабасақ», «Сыр» атты жинақтары жарық көрген. Сондай-ақ өлеңдері «Толқыннан толқын туады», «Жас толқын» ұжымдық жинақтарына, Ақтөбе өңірі қаламгерлерінің «Жәдігер» антологиясына енген.

ТУҒАН ӨЛКЕ

Көкжиекке өрлегем,
Кезімді арбап қарлы шың.
Жүрегімде тербеген
Туған өлке, армысың?!

Мені ұшырған аспанға,
Шапағатың өлшеусіз.
Қанша қанат қақсам да,
Аласамын мен сенсіз!

Сәтсіздігім басталма,
Ұшпас биік ер елсіз.
Айдан алқа тақсам да,
Ажарсызбын мен онсыз.

Жанарымды жас кернеп,
Жүрем кейде мұңайып.
Ұлың болып өссем деп —
Тек езіңе лайық.

Ешбір елден таппайтын,
Естімеген жан адам,
Бақытыңа бастайтын —
Жол салсам деп жаңадан…

Осы ой тербеп жүремін…
Осы ой арбар мені мың,
Солай соғар жүрегім,
Солай өтер өмірім.

БАҚ ЖҰЛДЫЗЫН АЯЛА

Талай түннің бесігінде тербеген,
Сәби мақсат сәуле шашты — ада мұң.
Бар тағдыры байланысқан жерменен
Көкке апарып бір жұлдызды қададың.

Жанарыңды жәудіретіп Айға сан,
Жүрдің қанша жарығынан сыр тыңдап.
Бар биікті сүю қажет, байқасаң —
Ал махаббат аспан үшін
Тым қымбат!

Сәтсіздіктің кең ашылған араны,
Сор болмағай сеніміңе дөп келген.
Шиыр ойлар шимайлайды сананы
Жұлдызыңа жан бітірген сәттерден…

Шалдықпастан жетем деме мәреге,
Сабақ алмай соқпағыңнан сүрінген.
Қуаныштың таңы атты
Және де
Шын қасірет басталады бүгіннен.

…Көкке барды —
Дейді оны «Көк ұлы».
Бәрі жақсы: қонысы да, атағы…
Толығады жүлдыздардың шоғыры
Тобыр әлі — пенделердің қатары.

Тауқыметтің ащы дәмін татады,
Нұр шашады көтеріліп көңілі.
Көрмейді оны пенделердің қатары —
Төзбейді оған жұлдыздардың шоғыры.

Қысастықтан кейде ертерек
                                          солды гүл,
Кейде гүлдің өзінен де таптық мін.
Қасіреттің кірлемеуі —
Оңды бұл
Тазалығын сақтау үшін шаттықтың.

Басқа түсінік қажет емес түсінсең,
Барлығына уақыт өзі төреші.
Жұлдыз жанын ұға алғаның үшін сен
Өзіңді-өзің қуанышқа бөлеші.

БҰРЫНҒЫ ӘЛЕМ ЕЛЕСІ

Қожанасыр, көсе Алдар есіне еніп,
Арман көрсе қуатын екіленіп —
Кітаптағы өмірден өсіп-өніп,
Посткеңестік кезеңге үн қосып едік.

Апарардай көрініп Ұрымға өлең —
Шындап қуса,
армандар бұрылған ең.
Бір-ақ сәтте дүние баспен тұрып,
Быт-шыт болды бір сәтте
                                   Бұрынғы әлем.

Бұрын болған түрлі дін қайта оралған,
Кес-кестеді ежелгі шайтан алдан.
Түсті айқасқа үмбеті медеу тілеп
Мұса, Дәуіт, Мұхаммед, Ғайсалардан.

Шөл кезігер шөліркеп қусаң көлді,
Билік жақтан бұқара бу, шаң көрді.
Лаңкестік әр елде сәнге айналды,
Дәл осыған Бхутто душар болды.

Саддам сынды яки Ирак сынды,
Тұлға жайрап, тұтас ел қирап тынды
Тағдырымен ұқсаған ауған-шешен
Көшедегі үрейді үйге ап кірді.

Үрей өрті тіксінтті — өңірді үйіткен,
Аумай қалды қоңсылас жебір киттен.
Ал мен болсам арманға әлі сенем
Ұққым келмей бөлегін өмір-мифтен.

Кері кетсе де ойға алған қандай ісі,
Алдан бақыт күтетін қалмай есі.
Күдігі мен үмітін күрестірген
Менің басымдағы жағдай осы.

ӨТКЕН КҮН

Жырақ қалды — десек-дағы —
Қиянда,
Өткен күнге бұрылады жиі арна.
Тобарсыған тірлік дәмін татып қап,
Торыққанда тілдесемін қиялда.

Сағыныштың самалы есер тым майда,
Сырлы шақтың сазын жүрек
                                            тыңдай ма?
Бәлкім, сені қинамайды бұл қазір,
Қиналмаған ұтады рас, мұндайда.

Қалт үзіліп қайырмасы әнімнің,
Қалың ойдың тұтқынына алындым.
Әлде, мені өртеймін деп, жарығым,
Жылылығын жоғалттың ба жаныңның.

Жалындатып, жанарыма мұң құйып,
Қимас құсым, қалықтадың тым биік.
Саған деген сағыныштан шарқ ұрып,
Жиі батам сезім-көлге тұңғиық.

ҮМБЕТБАЙ АҒАҒА

Бөлейді деп мені ертең мың алғысқа,
Ұясы үміт артады қыран құсқа.
Ырғыз биыл тойлады елден ерек —
Жүз елуге толды өзі, ұлы алпысқа.

Олқы соғар — теңей бер көкке неше,
Ондай өлшем өмірде жоқ немесе.
Бірін-бірі даңқымен толықтырып,
Құшақтасты осылай қос мереке.

Жырымменен Ырғызға жетелейін,
Елдің бағы — елесе жекені ұйым.
Тойға бару қазаққа таңсық емес,
Бұлай келу өмірге өте қиын.

Күтті ұя, күттім мен, күтті бәрі,
Бәрі күтсе — жанарға шық тұнады.
Ағыл-тегіл төгілді мың сан тілек,
«Тойың тойға ұлассын!» — түпкі мәні.

Бір-бір алғыс арналды әр қиялдан,
Әр қиялды тербеді ән-күй арман.
Ұшып бара жатты олар көкте бірге,
Бұл өлеңде биігін қамти алман.

Туған жердің әр тасы, төбешігі,
Тебіренді, түрткі боп ер есімі.
Тойың тойға ұласты, Алтын ұя,
Сізге де, аға, айтпақ ем мен осыны!

БІРАҚ ТА…

Зұлымдыққа сермелгенде боп қылыш
Талай ерлер қыршынынан қиылды-ау.
Ең дұрысы — өмір сүрген тып-тыныш,
Бірақ соның — олар үшін қиындау.

Батырмысың —
Елің сенген ерім деп,
Сенім жүгін енді арқаңнан құлатпа.
Өжеттігің сын сағатта көрінбек,
Өзің үшін боп шықпасын бірақ та.

Ақынбысың,
Айдалаға лақпа —
Жырыңменен жүрек емін таппасаң.
Дарыныңа басымды ием,
Бірақ та —
Дақпыртыңа елікпеймін ешқашан.
Қайран, Уақыт!
— Қалды ғой , — деп жырақта ол,
Қартаң әжей жанарына жас алды.
Сұлумысың — табынамын,
Бірақ сол —
Болмаса екен жасанды.

Тұңғиықты тілгілеуді көздеген
Жасынбысың —
Жарқылыңнан мұң күлсін.
Бүл жырымның шын мәнісін сезбеген
Күмәндана қарар ма екен, кім білсін?!

Жамылмайын тағдырдың
                                       түн-қайғысын,
Сен де енді жұлдызыңды төкпе, мұң.
Өмір, маған кез қылсаң да қайсысын,
Болсын ада «бірақ та»-дан тек соның.

ШЫҢДАР

Шыңдар, шыңдар — ақ басына күй сіңген,
Шарықтауда шаттық барын
                                               түйсінгем.
Перзентіне пейілді емес Табиғат,
Бірақ сенің асқақтық бар кейпіңде —
Бәрі маған ұқсап тусын дейсің бе?!

…Кешір, күнім, келіп Көкпен теңескім
Орманына еніп кетсем елестің…
Оңашама ортақ болма, мұндайда,
Мен ешкімді қажетсінген емеспін,
Оған бола жазғыра алмас мені ешкім.

Жанар ғой ол — биіктікке арбалар,
Тұра бермей, жүрегіңнен жолдама ал.
Армандаудан жалыққан ба адамдар,
Табылады көзқарастар таңданар —
Заңғарларды қомсынатындар да бар.

Жетер енді, сылдыр сөзде сыналдық,
Құдайсынып қыжыртқанша —
                                              Құранды ұқ.
Шыңым менің, арманыңды ұққанша
Сергелдеңге салшы біраз мұнар ғып,
Сезім сыйлап — қызғануға тұрарлық.

Шыңдар, шыңдар —
                             ақ басына күй сіңген,
Шаттық бар да мұң боларын
                                                түйсінгем.
Перзентіңе пейілді емес мына өмір.
Сенің де бір жабырқау бар кейпіңде —
Маған неге ұқсамайсың дейсің бе?..

БІР ҰҒЫМНЫҢ МҰҢЫ МЫҢ

Сыйласқан жөн тірлікте, —
                                           деп тұжырып,
Бір ұғымның дәмін татқам — тұзы нық.
Бұжыр мойын ұғымына кез болып
Тұшымды ойым сала берді бұзылып.

Жаңалық та емес еді бұл анық,
Жамандық та еместігін ұғалық.
Төмендемес адам деген ойда едім, —
Төбесіне бұл ұғымды шығарып.

Рас, мұны дейтін болсам — бал-шекер,
Төзімі — шар табан асты тарс етер.
Сонша сызат түсері хақ жүрекке
Тұщы ойыңды тұздап өтсе қанша есер.

Осы ұғымды серік етіп күнбе-күн,
Бірге ұйықтап, оянғанда бірге тұр.
Тіл табыспай, төртке бөліп ұйқыңды,
Жүрегіңді өртке бөлеп жүрмесін.

ШЫНАЙЫЛЫҚ

Мағынасы махаббатқа жол ашқан,
Шынайылық, жан қалауым о бастан.
Көкті аңсаған көңілім бар мен үшін:
Ол — бәйтерек, ол — аспан.

Сұр жебесін мөлдірлікке кезенген,
Көлгірлікті танып қойып кезеңнен,
Бөлек кеттім —тигізердей кесірін
Мақсатыма мұрат тұтқан ежелден.

Табиғаты тұнып тұрған көрікке,
Ес арбалып дала кезген елікке,
Қайттым талай қиялыммен қыдырып,
Көңіліме сезім кіріп желікпе.

Қырға ұқсатып кей қылығын шынайы —
Тәнті болдым түлкіге де мүләйім.
Қалып қоям ере жаздап ұдайы,
Неге сонша нәзік етті Құдайым!

Асау сезім шығып кетіп ырқынан,
(Мейлі, менің осы болсын — бір күнәм!)
Бас тартпаған болмысынан, құлқынан
Бөріге де құмартқанмын — ұрты қан.

ЖЫЛТЫРАҚ ОЙЛАР, АЛДАМА

Басыма қонар бағымның, —
Бұлыңғыр күнім
бағытын бүрып, тірлікте сүріндім бүгін.
Кескілей бердім көзіммен көкжиегімді
Көрініс іздеп сүртетін көңілдің кірін.
Пендешіліктің қоя алмай пердесін түріп,
Өзін ұқпаған —
Жарытпас өзгесін біліп.
Жанымды қоса турайды
                                     жарығымен алдап
Жылтырақ ойлар жылжыған
                                      жер бетін тіліп.

Өмірдің мынау кезігер сай-жарын, —
Дара
қарсы алар күш —
Сенімім — айбарым жаңа.
…Алаңдап кетсең әрнеге — асыға жетем,
Құлап түскен соң жиналған ойларымды ала.

ӨЗ ҚАЛПЫҢНАН ӨЗГЕРМЕ

Түк те емес топта сөз бермеу,
Тірлікті қиын безбендеу.
Өмірлік мұңға айналды —
Өз қалпымнан өзгермеу.

Талайды көргем тілді, ойлы,
Жанары сүйген түнгі Айды.
«Өзгерме» деп ем — ит болды,
«Енді адам …» десем, қыңбайды.

Ескертпек едім соларды,
Бос емес екен топ алды.
Бақытты болғам бір кезде,
Бүгінде ол сәт жоғалды.

…Мәңгіліктегі мекенге,
Мәңгіріп басың кетерде —
Айналайын, адамзат,
Аңқаусисың бекерге.

Талабың болмай тіл алғыш,
Тындырам деме құнарлы іс.
Баянсыздығын ерте айтқан,
Бақытым, саған мың алғыс.

Сан рет ойдың салмағын,
Көтере алмай қарға адым,
Жырымды мұңға жалғадым,
…Өзіңде қалды бар үміт —
Өзгермей келген арманым.

Тұрағың арғы беттегі,
Өткелі жоқ боп — өкпелі.
Жербетілік жалғызым,
Жоғалтып алма тек мені …
Жоғалтып алма тек мені!

ТУҒАН ЖЕР

Торқалы тойың кеп қаяды, ойымда асқақ ән,
Туған жер,
Жеттім жырдан сый дайындап саған.
Жалғыз байлығым — бейнеңді жүрегімдегі,
Көктегі жеті жұмаққа айырбастаман.

Ақ тілек құшқан арманды арайға нұсқап,
Қасиеттілігіңді ей, Ырғыз, қалайда құптат.
Ырғызбай сенде туған-ды, құт дарыған ұл —
Тағдырың содан тараған Абайға да ұқсап.

Той қылып жатсың.
Қанша ұл-қыз талапты, дарын,
Өртене жүріп халқына таратты нәрін.
Туған жер, сенің бағың сол —
Бауырыңда өскен
Ұшыра білдің ұрпақтың қанаттыларын!

Арнаған жырым арнаңа қосады ма ағын,
Жағаңнан сенің арманға жасадым адым.
Мейірхан ағам сияқты сені ойлап, Ырғыз,
Сарғая жаздап, жағаңды, о, сағынамын!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button