ЖаңалықтарТарих

Ғалымбаеваның шәкірті

Суретші Орынғали Хайруллин — жүзден астам туындының авторы. Оның «Түс сұлулығы» атты каталогына енген «Жаңа таң», «Ыстық күн», «Ошақ», «Шопан ауылында», «Оралу», т.б. көптеген картиналары адам жанын айрықша бір жылылықпен баурайды.

Ал кейінгі жылдары салған «Москва түбіндегі шайқас», «Ақтөбенің 150 жылдығы» атты картиналарын, «Жәдігер жерде қалмасын» акциясының аясында облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйға тартты.

Ол 1942 жылы Орынбор облысының Ақбұлақ деген жерінде дүниеге келді. Әкесі Алтынбай қаржы саласында қызмет жасайтын. Анасы Ақлима екеуі төрт бала тәрбиелеп-өсірген. Орынғали мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ сурет салуға қызықты:

Бесінші-алтыншы сыныптарда оқып жүрген кезіміз еді. Суреттен сабақ беретін мұғаліміміз Нармағанбет Исмаилов балтаны ағашқа қадады да, «осыған қарап сурет салыңдар» деді. Ол біз сурет салуға кіріспес бұрын, әрдайым жарық пен көлеңке, қай тұсты таңдаса, тиімді болатыны жөнінде түсіндіріп, бағыт-бағдар беретін. Сол сабақтарға мен қатты қызығушы едім. Ол кезде мектепте міндетті түрде қабырға газеті шығады. Сабаққа кешіккен, бұзықтық жасаған, үй тапсырмасын орындамаған оқушылардың суреті карикатура түрінде салынады. Ондағы мақсат — намыстанып, тәртібін, оқуын түзеуге тырыссын деген ой. Қабырға газетін суретпен безендіруді көбіне маған тапсырушы еді, — деп еске алды ол.

Баланың талабын, суреттерін аудандық Мәдениет үйінің суретшілері көріп, Алматыдағы көркемсурет училищесіне жіберіп тұру керектігін айтыпты. Орынғали олардың ақыл-кеңесін бұлжытпай орындапты. Сөйтіп, ауылда бейқам жүрген күндердің бірінде ойда-жоқта Алматыдан шақырту қағазы келді. Мектеп бітіргеннен кейін қолына сол қағазды алып, пойызға отырып, өмірінде алғаш рет алыс жолға шықты.

Бір жақсысы, Алматыда алыс туысымыз бар еді, қазақтың бір-біріне қол ұшын беруге дайын тұратын қасиеті бар емес пе? Мені қарсы сол кісі алып, Алматыдағы көркемсурет училищесіне ертіп апарды. Алматыға арнайы шақырғанымен, емтиханы тіпті де оңай емес екен: училищеге 600 талапкер құжат тапсырса, содан оқуға қабылданатыны — 50-ақ адам. Мен сол 50 адамның бірі болып оқуға түсіп кеттім, — деді кейіпкеріміз.

Алғашқы оқу жылында В.Щукин, неміс жігіті Н.Герцевтермен танысып, күні кешеге дейін достығын үзбеді. Сондай-ақ І курста қазақтың тұңғыш суретші қызы Айша Ғалымбаевадан сабақ алды. Одан кейін танымал суретшілер Ә.Исмайлов, А.Бортников, М.Кенбаевтардың дәрісін тыңдады.

Бұл жерде ұстаздарымыз карандашты қалай ұстаудан бастап, түстерді араластыра отырып жаңа реңк табуды, бәрін-бәрін ерінбей-жалықпай үйретті. Айша апай студенттерін тауға апарып немесе ауыл сыртына шығарып, бет-жүзі ерекше адамдарды тауып әкеліп, табиғат аясында портрет салуды көрсететін. Ол әрдайым, «Сендер суретшісіңдер, бұл — таланттысыңдар деген сөз. Талантты адам, ең алдымен, халқыңа қызмет етуі керек» дейтін. Ешкімді қайталамау, жеткен жетістігімізге дандайсымау керектігін миымызға құя беретін, — дейді Орынғали аға өткенді есіне түсіріп.

Орынғали Хайруллин көркемсурет училищесін 1965 жылы тәмамдап, еңбек жолын Ақтөбе облыстық телеарнасында суретші-шрифтист болып бастаған. Бұл жерде жарты жылдай ғана істеп, әскерге кетіпті.

Содан 1968 жылы оралды. Келген соң Г.Полуэктов, М.Лунов, Н.Герцев сынды суретшілермен бірге көркемсурет шеберханасын ашуды жөн көріпті. Суретшілердің бұл өтінішіне орай қаланың қазіргі ескі саналатын бөлігіндегі А.Пушкин атындағы саябақтан бір вагон беріліпті. Қыс іші. Суретшілер ешкімнен ештеңе сұрап жатпастан өздері пеш жасап, отын әкеліп, әп-сәтте ішін жылытып алыпты. Вагонның қасындағы кішкене жер үйде саябақ директоры отыратын еді. Бірте-бірте дүкендерге маңдайша, т.б. тапсырыстар түсе бастады. Одан соң КСРО елі Лениннің 100 жылдығын тойлауға кірісіп, осыған байланысты көлемді тапсырыс та түсті. Осылайша уақыт зырлай берді. «Сол шеберханада 1990 жылға дейін  жұмыс жасадым», — деді Орынғали аға.

1994 жылы ол облыстық тарихи-өлкетану музейіне суретші-рестовратор болып жұмысқа тұрды. Музей ішіндегі түрлі экспозициялардан бөлек, көрмелер де жасақтауға атсалысты. Осы жерде 2011 жылға дейін жұмыс істеді.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Орынғали Хайруллиннің туындылары облыстық өнер музейінде, облыстық тарихи-өлкетану музейінде, сондай-ақ жеке коллекцияларда да сақтаулы тұр.

Бүгінде зейнеттік демалыстағы суретшінің өлең жазатыны да бар. Биыл өзінің өлеңдер жинағын жарыққа шығарды. Ал қылқаламын әлі де қолынан тастамай келеді.

Жаңылған ДАНАБАЕВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің сектор меңгерушісі

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button