Әдебиет

Базарбай ИМАНОВ.

Базарбай Иманов 1947 жылы Қарақалпақстанның Хожелі ауданында дүниеге келген. 1983 жылы Нүкіс мемлекеттік университетін тәмамдаған. 1980-2002 жылдары Шоманай ауданының халық ағарту бөлімінде қызмет атқарды. Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Қазақстанға көшіп келгеннен кейін «Қазақия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Ақтөбе облыстық филиалының басшысы, т.б. қоғамдық қызметтер атқарды.

Ақынның «Жүрегімнің шуағы» (1995 жыл), «Тұмар» (1998 жыл), «Тау домалап, тас құлап…» (2001 жыл), «Алтын сөз» (2002 жыл) атты жыр жинақтары жарық көрген. Сондай-ақ бірқатар поэмалары мен өлеңдері «Ақтөбе кітапханасы» сериясының 48-томына енді.

Базарбай Иманов 2023 жылы маусым айында дүниеден өтті.

Киіктер

Жазира жондар күнсіген,

Айнала тегіс, саздау қыр.

Қуғыншы көріп, тынысы кең

Киіктер бауырын жазды-ау бір.

 

Бұлдырап қалды биік бел,

Бет бұрған жағы алыс тым.

Кестірмес алдын киіктер,

Қымбаты-ай, шіркін намыстың.

 

Даланың сұлу еркесі,

Қалайша кінә тағайын.

От тұяқ тиген жер төсі,

Дүбір боп кетті маңайым.

 

Керек қой қанат жетуге,

Болса да, қалқам, екінді.

Алдыңды кесті, өтуге,

Тәкаппар кеуде бекінді.

 

Тағыға әсте балама,

Жанары қандай тұп-тұнық,

Алдыңды, туған далада,

Кестірмей жүрсең — мықтылық.

 Ата жұртын аңсаған…

Жер жүзінде ата жұртсыз, қанша Адам,

Қанша Адам, жұртын іздеп шаршаған?

Отаны бар — әлемдегі бар қазақ,

Атамекен, Ата жұртын аңсаған.

 

Қара дауыл, қара суық арқадан,

Үскіріп кеп бойға кіріп тарқаған,

Естілерін қамап, атып асқасын.

Бабаларым жасаған-ды нар қадам.

 

Қасқыр шапқан, қойдай қазақ шашылды

Қытай асты, Ауған асты… Асырды.

Жер шарына тарап кеткен қазақтың,

Тәуелсіздік келіп, көзі ашылды.

 

Барған елде, адал қызмет еткенмен,

Қол жетпейтін жетістікке жеткенмен.

Күліп тұрып, «Әй, қазақ…» деп айтқаны,

Бірдей еді көкірегіңе тепкенмен.

 

Өкпеміз жоқ, Аллаға шүкір, жалшыдық,

Мал дүниелі, дүние кешіп малшыдық.

Қанша атақ, даңқ, абырой болса да,

Жүректе тұрды Отан деген тал шыбық.

 

Сол тал шыбық жүрегімде сақталған,

Гүлім болды, тоғай болды қаптаған.

Тоғайымды Отанына көшіріп,

Ата жұртым — Ақтөбеге тоқтағам.

Дүние қоңыз

Дүние қоңыз алдында жортады екен,

Мен соны қуалауға шорқақ екем,

Артық дүние көрсе сахабалар,

«О дүниелік несібем» деп, қорқады екен.

 

Абзалы, дүние-малға қызықпаған,

Қызықсаң — жасағаның бұзық қадам.

Қиқулап қуа бермей, ынсап шақыр

Жүргенің өзіңе жай, масық табан.

 

Байлық қуу. Қызығу, Бөтен ұғым,

Шүкірмін де, қайғысыз тепең күнім.

Пендеміз ғой,

Біз осы білеміз бе?

Дүние — малдың бір жұттық екендігін.

Ақтөбе

Атамекен, ата жұрт Ақтөбе жері киелі,

Ұлы, Орта, Кіші жүз басын саған иеді.

Әулие, батыр айналаң, Ақтөбедей қалаға

Бабалардың әруақты шапағаты тиеді.

 

Қарасай — Қази бұл елде,

Есет батыр жатқан жер,

Асанқайғы ұрпағы, Абат байтақ тапқан жер

Меккеге мешіт салдырған, Досжан хазірет мақтаныш,

Ақтөбедей ұлы елге,

Бақыт, дәулет аққан жер.

 

Ақтөбеге әруақтар тектен текке келмеген

Көшіп жүрген әр кезде, осындай ұлы елменен

Асау-Барақ қолдаған,

Базар қожа пірің бар,

Қысылғанда сыйынсаң, қорғайтын сені көлденең.

 

Қайсарлықпен шыныққан, сендегі мынау сап дене,

Әлия батыр қызың бар,

Отырған елің бақ көре.

Басқан жерің төгілген, несібелі, ырысты,

Бүкіл қазақ халқына, астана болар Ақтөбе.

Емен

Өзіндей болған төзімнің,

Қашанда биік мәртебең.

Көзісің қайсы кезімнің,

Саясы самал қарт емен.

 

Жапырағы жасыл, тіні нық,

Тамыры жерді уыстап.

Уақытқа етсе ірілік,

Көңілім қалай суыспақ.

 

Көз таса қылса сағымның,

Жаңбыр боп жауар нұр тынбай

Қатпар да қатпар қабығың

Қолтырауынның сыртындай.

 

Тал, терек өссе иек сүйеп,

Әлсізге тірек тұрағың,

Көлеңкең болса көкжиек,

Жапырақ біткен құлағың.

 

Ділгірдің алған сауабын,

Көрмейді әсте тапшылық.

Тұнығын жұтқан ауаның,

Тереңнің нәрін нәпсі ғып.

 

Өлшеулі тірлік, тегінде

Базарға барып қайтады ел,

Аспан мен жердің шебінде

Мықтылық жырын айта бер.

Қарағай

Еңсесі пәске қарамай.

Күншілді жасқап, мұңайтып,

Орманның көркі — қарағай,

Өрліктің  жырын тұр айтып.

 

Мекені болған қия шың,

Табанын тіреп сұр тасқа.

Кеудеме нұрын құяды,

Айналып құпия сырласқа.

 

Боранды дауыл жас кешкен,

Тарамыс тартқан сабырлым.

Қияда көктеп, таста өскен,

Тағдырлым, әрі тамырлым.

 

Қайыспас, қайсар, дер өткен

Жел болып желпіп жетеді үн.

Жалаулы жасыл желекпен,

Көмкерген шыңның етегін.

 

Серігі сенсің көп құздың,

Айтылар алуан сыр қандай.

Күзетіп ақ қар, көк мұзды,

Алдында саптың тұрғандай..

 

Ұстаған сертке семсердей,

Көріндің маған, көз көрік,

Ұл едім өскен мен сендей,

Өзгеріп кетпе, өзгеріп.

Солмайтын гүл

Қараша келіп, құс кетті,

Қоштасып жылы жағына.

Тамыршысы жердің іспетті,

Қамкөңіл бағбан қария.

 

Жаз дәурен ұшқан басынан,

Бүрісіп бәрі тұр, әттең!

Немере жетті қасына,

Алуан түрлі сұрақпен:

 

— Ерекше еді жазда өңі,

Сүйсінтіп, жұртты еліткен.

Аяулы гүлдің тәждері,

Шашылып қалды неліктен?

 

— Әзірге ол кез болды ұмыт,

Қаһарына мінді суықтық.

Гүлдерді жатыр солдырып,

Қалдырмай құсты қуып түк.

 

Жүрмейді оған өктемдік,

Білмейді пенде тұрағын.

Уақыт деген — көшкен бұлт,

Уақыт деген — ұлы ағын,

 

— Түсіндім, бірақ, расында,

Көңілім оған толмайды

Батырлар аллеясында,

Өскен гүл неге солмайды?

 

— Берейін саған бір кеңес,

Құлақ сал, өшпес өр үнге.

Өйткені олар жерде емес,

Жүректің өскен төрінде.

* * *

Ұлы арманға жетелей сезімдерім,

Қайда асығып барады төзімдерім?

Қиялым қол жетпеске ұмтылады,

Мінсем деп өлең-жырдың бозінгенін.

 

Сездік пе санамыздың езілгенін,

Айтылмай көп жатты ғой кезінде мін.

Бұйырғанға қуанам өзімдегім,

Ел тағдыры ойлантып көз ілмедім.

 

Өлеңнің тағып алып жез ілгегін,

Келеді Арал үшін безілдегім.

Қасиетті халқымның осы күнде,

Көрінеді сарғайған көзінде мұң.

 

Созылған жібек жолдың көшіндемін,

Ертең шың,

Бүгін таудың төсіндемін.

Қақпаңдар, ағайындар, маңдайымнан,

Шапқылайын біткенше есіл демім!

Музейдегі тебіреніс

Құлаққа ызың келеді,

Болар-ау бәлкім, жаңғырық.

Дерегің қайда, дерегің,

Музейде тұрған Мәңгілік?

 

Үңіліп әрбір мүсінге,

Өзімді жайсыз сезіндім.

Бар сыры қатқан ішінде,

Көзісің қайсы кезімнің?

 

Бас сүйек

Кім ол?  Жатың ба?

Жебелер зулап ұшқанда —

Ақыра шапқан Батыр ма,

Андағайлаған дұшпанға.

 

— Еркіндік үшін баз кешкен,

Тарпаң-ай, дейді жиі елім.

Жоғалған сендей аз деспен,

Қол жетпей қалған киелім.

 

Теңгелер, киім, дулыға,

Ортағасырлық ұнасым,

Тіліңді уақыт буды ма?

Қашанғы үнсіз тұрасың?

 

Кездер-ай, өткен құрды азап,

Камзол мен зерлі тон сақтар.

Тартпайды мені бір ғажап,

Үкі көзденген моншақтар

 

Бабалар тіккен бөрікті ал,

Мұңнан да сауыр киесің.

Ер — тұрман, әбзел, көріп қал,

Түсіріп кеткен иесін.

 

Портрет залы,

Бұл маңда

Үнсіздік.

Кешер күй бөлек,

Құлдарды шалған құрбанға,

Салыпты сәтті бейнелеп.

 

Суретші жоқ,

Жоқ Құдай,

Алайда

емес,

— Жай мүсін!

Байлаулы жатқан тоқтыдай,

Не тілеп тұрсың, байғұсым?!

 

Бәрібір менен жоқ көмек,

Жетеді қайдан дәрмене.

… Дүр самал қайдан соқты деп,

Жаутаңдап жүрмін әрнеге.

Көктемім

Сәулелер өбіп үйімді,

Төгіп тұр нұрын көкте күн.

Естисің бей-жай жиі үнді,

Қайырлы болғай көктемім.

 

Ақ тілеу жаңбыр себелеп,

Еседі тамшы дара үнмен.

Тыныштық…

Өзге не керек?

Қатар жүр сүйген жарыңмен.

 

Тырналар сазы — маусым ән,

Тыңдайсың, жанмен ұғын бір.

Көктемгі құстар даусынан,

Тыныштық үні шығып тұр.

 

Жұлдыздар жырақ құлайды,

Дегендей менше ағып өт.

Неліктен ана жылайды?

Соғысқа сансыз лағнет.

 

Өмір сүр, күл де жайраңда,

Ауа да, су да теп-тегін.

Боздақтай, қалған майданда,

Оралмай жүрме, көктемім!..

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button