«Ақтөбе» — 100!

Тілекші

(«Кедейдің»  бел баласы)

Бүгінгі «Ақтөбе» газетінің ізашары — көне «Кедей» басылымының сарғайған  тұмса парақтарын саралап көргенде ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында басталған жаңа әліп жорығының Ақтөбе жеріндегі жаңғырық-шежіресінен де біраз мәлімет алуға болар-ды.Мәселен, осы уақытта сол заманғы барша Қазақстандағы сияқты, Ақтөбе атырабының ұлттық үнжариясында да «Жаңа әліп сабағы» айдарымен  әліпбиді араб қарпінен латын қарпіне көшіру, яки, жаңа жазу — жаңа әліп қозғалысы дәл бүгінгідей ахуалда қарқын алды. (Елімізде Жаңа әліп комитеті құрылып, оның «Жаршы» деп аталатын әйбат мазмұнды әдемі журналы шығып тұрды).

Әліпби үйрену тақырыбын кеңінен жазған  «Кедейдің» сондай бір жарияланымында, мысалы, Нұрпейісұлы есімді автор «Жаңа әліпбиді үйреніп жатыр» деген хабарында: «Шалқар қаласындағы 7 жылдық мектеп оқушылары жаңа әліпбиді үйреніп жатыр. Оқушылар оқуға көңілді» деп жазды.

Ал   оған ілесе берілген «Латын  оңай екен» деген шағын хабар тіпті басқа дүниенің құлпын ашқандай болды. Өйткені «Газет бетінде басылып шыққан сабақтарын оқып келе латынды үйреніп кеттім, ыждағат болса, латын оңай екен» деп қол қойған  автор Т.Шойғараұлы —  республикаға белгілі журналист-газеткер, Ақтөбе-Шалқар өңірі журналистерінің  ұлағатты ұстазы Тілеужан Шойғарин ақсақалдың тырнақалды туындыларының бірі еді (Бұл ұлттық баспасөзде автордың аты-жөні орысша «ов», «ев», «ин» жұрнақтары қойылмай, әкесінің атымен  таза қазақы қалпында жазылатын кез. Өмір-ғұмырында үш түрлі әліпбиді  басынан өткерген Тілекеңнің бұл бұрынғы арабшаға негізделген жазудан   латын қарпімен таңбаланатын Қазақстандағы екінші әліпбиді меңгеріп жүрген кезі болса керек. Оны алдында үшінші — кирилл әліпбиі күтіп тұр еді…).

Т.Шойғараұлының осынау шағын хабары қалың ел білген қадірлі  ақсақал,  «Шалқардың тірі шежіресі» атанып, 85 жыл ғұмыр кешкен асыл абыз,  біртуар Тілеужан (Тілекең) Шойғарин есімін «Ақтөбе» газетінің ғасырлық мерейтойы қарсаңында жаңғыртуға жол ашып отыр.  Өйткені кезінде ілгері  ұмтылған үміткер жастың өз бойындағы өнер ұшқынын  өшіріп алмай, қалт-құлт еткен қауырсын қаламының қатайып, бекуіне бекем дем берген «Кедей» газеті оны жергілікті тілшісі ретінде тәрбиелеп, кейіннен өмірлік-мәңгілік тағдыр-мұратына айналған  баспасөздің бейбіт  майданына аттандырып салған.

Өз қызығы өзіне жетіп артылатын кешегі кеңестік кезеңнің журналист кадрларын даярлауға және баспасөздің бұқарамен байланысын нығайтуға сіңірген еңбегін бүгінде де ешкім жоққа шығара алмайтыны хақ. Әсіресе ұлт тілдерінде шыққан алғашқы газеттер, ең алдымен,  сол заманның саясатын орнықтырушы, қоғамдық пікірді қалыптастырушы, кеңес адамын тәрбиелеуші, жақсылыққа жетелеуші тұрғысында көрініп, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің өгей-теріс көріністерін де өткір сынап отырды.  Бұл үшін  қалың бұқараны баспасөз ісіне тартып, жер-жерде жұмысшы (рабкор), ауыл-село тілшілері (селькор) қозғалысын дамытты. Кеңестік-партиялық кезең тарихынан жұмысшы-село тілшілерінің тынысына, газет басқармаларының еңбекші хаттарымен  жұмыс істеу стилі мен тәжірибесіне арналған жүздеген қаулы-шешімді табуға болады. Газет басқармалары тілшілерді  іске тартып, еңбекші хаттарымен жұмыс істеуге, хабар-ошар жазуға үйретіп, кәсіби тәрбиелеу арқылы болашақ баспасөз қызметкерлерін де өсіріп шығарды.

Алғашқы еңбек жолын 1922 жылы байдың қойын бағып, жалшы болып  бастаған Тілекең 1927-1929 жылдары теміржол жұмысына ауысады.Теміржол бойында балға соғып жүрген білекті жігіт газетке кездейсоқ тап болады. Бір танысы Тоғыз станциясынан  газеттер  алып келеді. Сөйтсе, бұл губерниялық «Кедей» газетінің жекелеген нөмірлері екен. Жас жігіт газетті қызыға оқиды, кейбір жарияланымды жанындағы жолдастарына оқып береді. Газет оқуға деген құмарлығы күннен-күнге  арта түседі, бірте-бірте «мен де жазсам» деген жастық жалын бойды билей бастайды…

«Бір күні «Анықтама бермейді» деген тақырыппен жазған тырнақалды хатымды «Кедейдің» редакциясына жібердім, — депті Тілекеңнің өзі. — Ол бір жұмадан соң сол қалпында  жарияланды, Мен мұндай қуанбаспын. Міне, осы уақыттан бастап ауыл тілшісі атандым. Бұл 1927 жыл еді». Сөйтіп, үш жастағы «Кедей» газетімен 21 жастағы жұмысшы жігіт осылай табысады. Бұл — Ақтөбе баспасөзінің ардагері Тілеужан Шойғариннің журналистік қызметінің бастауын білдіретін әрі қауырсын қаламы қаттаған төлбасы туындысын тиянақтайтын дерек.

Осыдан бастап ол «Кедейдің» өз адамына айналады.  Заманның талабына сай редакциядан тапсырмалар алып, еңбекші хаттары бойынша жұмыс істеп, сол кездегі тап күресіне араласып, ауыл өмірінен өткір мақала-хабарлар жазып тұрады. «Жазықсыз жарылған бас» деген  алғашқы мақаласының бірі, мысалы, ел ішіндегі осындай тартысты оқиғалардың бірінен туады. Теңдік іздеген жарлы-жақыбай енді  Тілеужан тілшіні іздеп келіп мұңын айтып, «Кедей» газетінен көмек сұрай бастайды. Сол кездегі бір жалшының атынан жазған «Еңбегім еш бола ма?» деген мақаласының аяғы жерге тиіп, нақты нәтижеге жетеді.

«Еңбекшілерді ұйымдастыруда «Кедей» газетінің рөлі ерекше болды. Газет округ бойынша  жаңалықтарды,  жұмыс нәтижелерін үзбей жазып отырды» деп қаттапты Тілекең. Ол  1929-1930 жылдары ауылдық кеңестің хатшысы,  1930-1933 жылдары аудандық тұтынушылар одағының есепшісі бола жүріп,  «Кедейдің», оның ізін басқа өзге басылымдардың жұмысына қалам күшімен қатысуын жалғастыра береді. Баспасөзге кеңінен араласу келешегі бар тілшінің қабілетін кемелдендіре  түседі. Бұған атақты ақын Нұрпейіс Байғаниннің өзіне арнап:

Айналайын Тілеужан,

Құтты болсын талабың,

Өткір болсын қаламың.

Қатарыңнан қалыспа,

Кедейлерді қолдаған,

Туды міне заманың, — деп хат жазуы да дем берген тәрізді.

Алғаш рет ауыл тілшісі ретінде танылып, кейін журналистиканың шоң биігіне шыққан Тілеужан Шойғараұлы шын мәнінде губерниялық «Кедей» газетінің  бел баласы еді. Себебі Шалқар өңірінде 1932 жылға дейін баспасөз органы болған жоқ; Шалқарда  1932 жылғы 20 тамызда бірінші нөмірі жарық көрген «Социализм туы» газетіне жұмысқа қабылданған 1933 жылы Тілекең «Кедей» газетінің қойнауында ауыл тілшісі ретінде тәрбиеленіп, жазуды үйреніп, қаламын қатайтып, басқа да жұмыстарды атқарып,  азынша тәжірибе жинақтап,  бүкіл алдағы өмірінің айнымас мақсатын айқындап келген, Кішіқұм өңіріндегі №16 ауылдың 1906 жылғы тумасы, 27 жастағы жігіт болатын.

Газет ұжымына алғашында есепші болып қосылған Тілекең көп ұзамай редакцияның жауапты хатшысы болады. Ал 1939 жылғы қазанда аудандық газеттің  редакторы болып тағайындалып, осынау  жауапты қызметті 23 жыл абыроймен атқарды. Бұдан кейін 13 жыл бойы газет редакторының орынбасары болып істеді. Сөйтіп, 85 жылдық ғұмырының тең жартысынан астамын (43 жылға жуығын)  баспасөз ісіне арнады.

Тілекең қаламының өрісі кең, тақырыбы шектеусіз; көсемсөзді көркем сөзбен астастыра жазатын шығармашылық әдісі, тақырыпты табу, таңдау, дамытып жазу ерекшеліктері  журналистердің бірнеше буыны үшін үйрену мектебі болды.

Майда жел май айының желпи есті,

Мақпал түк мың құлпырып жайнап өсті.

Көлбеген көк төрінен көркем айдың

Дірілдеп нұр сәулесі көлге түсті, —

деп өзі де өлең жазған Тілекең халық шығармашылығы өкілдерімен тығыз байланыста болып, олар жайында кеңірек һәм ұдайы ой толғап отырды. «Ақын ағадан хат»,  «Есімі ескерілетін ақын», «Ашубай ақын», «Аталы сөз — асыл мұра», «Ұзақ жаса, Нұреке» сияқты шығармалары мұны қуаттай түседі.

1938 жылы Қазақстан жазушыларының съезіне жүрер алдында халық ақыны Нұрпейіс Байғанин «Ақын шабыты» дастанының алғашқы бөлімдерін шығарады.  Дастан «Шалқар ауданында ертеректе  өмір сүрген Сарышолақ деген ақынның өмірінен еді. Оның руы Тілеу,  Тілеудің Бестоқалы. Сарышолақтың өзі айтулы суырып салма ақын болған… Сарышолақтың Бақырадин дейтін он алты жасқа толмаған  баласын  он тоғыз жаста деп  приемға іліктірген…» деп жазады Тілекең.

1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбына арналған бұл дастанның ағашқы бөлімін Н.Байғаниннің айтуынан қағазға түсірген Мәселе Жаңабаев еді. Тілекең Мәселенің де Шалқар өңірінің тумасы, атамекені  қазіргі (бұрынғы) «Ақтоғай»  кеңшарының аумағы екенін білдіріп өтеді.

«Дастанның кейіпкері шалқарлық болғандықтан жер, су аттарының  жарасымды болуы үшін алғашқы бөлімін оқыған кеңеске мен де қатыстым.  Бұл кезде Мәселе Жаңабаев Н.Байғаниннің  секретары болатын.

Қопасор, Жомарт, Тебенсу,

Көшпелі елдің жайлауы.

Көкалалы көкмайса,

Байлардың бие байлауы, — өлеңіндегі жер атауын, Сарышолақтың туған жерін дұрыс ұштап жіберген едік»деп жазады бұдан әрі ол.

Автор  «Есімі ескерілетін ақын»  деп, міне, белгілі халық ақынына әдеби хатшы болған шалқарлық Мәселе Жаңабаев жайында  айтып отыр. Ол Мәселемен алғаш рет 1928 жылы «Кедей» газетінің  тілшілер слетінде танысқанын жазады.1934-1937 жылдары Шалқар аудандық «Социализм туы» газетінде  бірге қызмет істеген. Мәселенің «Еңбек ері екпінділерге» деген алғашқы ұзақ өлеңі де «Социализм туы» газетінде жарық көрген. Ол, сондай-ақ комсомол мүшесі ретінде жастар қозғалысына белсене қатысып, 1934 жылы  аудандық комсомол комитетінің пленум және бюро мүшесі болып сайланған. Жас талантты ақынның ауданда көркемөнерпаздар үйірмесін басқарып,  әртүрлі пьесаларда  күлдіргі рөлдерде ойнағанына, домбыра тартып,  өлең айтуға керемет шебер екеніне тоқтала келіп, осымен қатар «газетке өлең, фельетон, әңгімелер жазып жүрді» дейді.

Тілекең бұдан кейін Мәселе екеуінің Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына 75 жыл толуына байланысты салтанатқа делегат болып, Нұрпейіс Байғанинмен бірге Алматыға барғандарын жазады. Халық ақынының:

Астанамды — ордамды,

Деп едім қашан көремін.

Кәрі көңілім жадырап,

Құмарлана келемін, — деп басталатын «Ақын шабыты» өлеңін Мәселенің жол үстінде, пойыз ішінде жазып алғанын,  ертеңіне өлеңнің «Социалистік Қазақстан» газетінде  жарияланғанын баяндайды.

Мәселе 1939 жылы Қазақстан жазушыларының ІІ съезіне делегат болып қатысады. «Келісімен «Мөңке Төлеген» атты повесть жаза бастады. Бірақ осы шығарманы жазу үстінде  Ұлы Отан соғысына аттанды. 1941 жылғы 27 июль күні  «Социализм туы» газетіне «Ұлы аттаныс»  өлеңін қалдырып кетті. Кейін бұл өлең газетте жарық көрді» деп жазған Тілекең соғыс жорығынан оралмаған Мәселе Жаңабаев  сынды талантты ақынды ұмытпауға  шақырады.

Бүгіннің биігінен қарасақ, көпті көрген көшелі адамның соңында қалған салиқалы сөз мұрасы бірқатар тақырыпқа орайлас нақты деректер беріп, шығармашылық тарихқа  қатысты мәселелерді таразылауға  көмектесе алады. «Есімі ескерілетін ақын»  мақаласы соның бір қыры ғана.

Тілекеңнің зертханасында   бүгінгі ұрпақ зерделеп оқитын еңбектер аз емес. Ол өмірден өткенше қаламын қолынан түсірген жоқ. Алла берген ғұмырының мол тәжірибесін, кешкен өмірдің тағылымды өнегесін, тіршіліктің тәлім-тәрбиелік  түйткілдерін оқырман ортасына тастап, ой бөлісіп, пікір білдіріп, жазу майданының алғы шебінде журналистиканың жарақты жауынгері бола білді.Зейнет демалысында жүрген кезінде, жетпісінші-сексенінші жылдары, облыстық газетте жарияланған «Тілші болу құрмет», «Әлібидің әңгімесі», «Сүйіспеншілік тасқыны», «Халыққа қызмет етуден жалықпа», «Ұлы ұғым», «Естен кетпес кездесу»,  «Әдепті болалық», «Аудан шежіресін жасайық», «Айырық» секілді және басқа көптеген еңбегі танымдық тұрғыда әлі өміршең.

***

…Шалқар жақта айтылатын «Жарайды, Қарашоқат» (орысшасы – «Ладно, Қарашоқат») деген тағылымды, көңілді әңгіме бар. Былай болған екен: Журналисті аяғы асырайтыны белгілі; жүрген аяққа газетке баратын жүз жол ілінетіні және аян. Ертеректе жолаушы пойызына мінген тілші Тілекең теміржол бойындағы Қарашоқат станциясын нысанаға алып іссапарға бара жатса керек. Әдеттегісіндей көпшіл, әңгімешіл Тілекең жол бойы кездескен басқа бір кейіпкерімен әңгімелесіп, қойын дәптерін керекті деректерге толтырып отырғанда пойыз Қарашоқатқа жетеді. Ескертуге тиісті жолсерік ұмытып кетіп, пойыз Қарашоқаттан жүріп бара жатқан кезде ғана айтса керек. Қозғалып кеткен пойыздың терезесінен станция ғимаратына қарап тұрған Тілекең сәті түспеген сапарына қынжылмастан, «Жарайды, Қарашоқат!» депті де әрі қарай журналистік сапарын жалғастырып кете барыпты.  Содан бері Тілекеңнің «Жарайды, Қарашоқаты» туған жерге деген ықыластың, «саған қайта ораламын, елім» деген перзенттік сүйіспеншіліктің белгісі ретінде жұртшылық жүрегінде сақталып келеді.

«Шойғарин десек, Шалқар дегеніміз, Шалқар десек, Шойғарин тұрады есте» деп  сәл өзгертіп, Маяковский мақамына салсақ та,  бұл — айналып өтуге болмайтын аксиома.  Тілекең өмір бойы  Шалқарын жырлап, шалқарлық жерлестерін сүйіп өтті. Шалқарды Шалқар қылған, басқа жерге ұқсамайтын өңірге айналдырған Тілеужан ақсақал сынды туған жеріне шексіз берілген, атамекеніне адал  адамдардың қадір-қасиеті. Өйткені Шалқардың жері-суы, тыныс-тіршілігі ел көзіндегі ер азаматты қашан да тұлғалық тұғырда жүруге тәрбиелейді. Журналист Тілеужан Шойғарин өзінің қаламы арқылы ұрпақтарға осыны ұғындырды. Ол жұртшылық таныған есімімен де, артында қалған жақсы атақ-ісімен де, өркен жайған  өнегесімен де мұраты жаңа ел-жұртты тәуелсіз рухани өсіп-өркендеуге бастап кеткен қалам қайраткерінің бірі десек  қателеспейміз. Шалқарлық ақын Зиядин Әбдуәлиевтің «Еліңе рухани көсем болған /Есімің ешқашан да ескірмейді» деген арнауы  жайдан-жай жазылмаған.

Шалқардың шартарабында Тілекеңді танымайтын һәм Тілекең танымайтын адам жоқ  сияқты көрінетін. Осынау ақырын жүріп, анық басып, көшеде кетіп бара жататын орта бойлы, кең маңдайлы, жанары жарқырап, жүзі нұр шашқан қалың қасты қарияны еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін білетін. Алдынан шығып сәлем берген кез келген жастың аты-жөнін сұрап білісімен, «айналайын» деп тұрып, оның кім екенін әрі қарай сұрамай-ақ, өзі таратып айтып беруші еді.

… Бірінші курстың соңы. Бірінші өндірістік практика. Аудандық газеттің редакциясына келдім. Қызметкерлердің сырттай есімдерін білгенім болмаса, ешкіммен жете таныс емес едім. Редактор Тауман Төреханов жиналыста екен, мені редактордың орынбасары Тілеужан Шойғарин қабылдады. Аты-жөнімді сұраған соң бірден «Ертеректе, соғыстың аяқталып қалған кезі болса керек, сенің әкең ауылдық кеңестің хатшысы болатын, ал шешең қалқоздың шатауаты (счетовод) еді. Мен райкомның өкілі ретінде барып, жиналыс өткізіп, әкең мен шешеңді партияға қабылдап қайтқанмын» деді (Ал, ендеше?! Кім екеніңді өзің айтпай, біліп отырған мұндай адам қалай бейтаныс болады?!). Сөйтіп, ол әрі қарай өндірістік практиканы қалай өткізудің жай-жапсарын айтып, нақты тапсырмалар беріп, кәсіби әңгімесін жалғастырды. Тап осы кезден бастап үлкен журналистикаға қадам басқан біз секілді бір талапкердің  де  аты-жөні құшағы кең, жан баласын жат көрмейтін Тілекеңнің көңіл орбитасына келіп қонған тәрізді…

Тілеужан Шойғарин  желкілдей өскен жас буын журналистердің ғана емес, қырық үш жыл газет сөзін санасына құйған қалың оқырманның да тілекшісі, ұстазы әрі тәрбиешісі бола білді.  Бүгінде тоқсанның төбесіне көтерілген белгілі журналист-жазушы, тау тұлғалы  Тауман Төрехановтың өзі «Ұстазым Тілеужан Шойғарин білікті ұстаз, қамқоршы аға болды. Елге танымал журналист-редактор, ақын, көсемсөзші, шежіреші, құрметті Тілекең атанған еді»деп тебіренуі тегін болмаса керек.

Сондай-ақ Үмбетбай Уайдин, Төрежан Мәндібаев, Үбайдулла Жаулыбаев, Жарқынбай Назарбаев, Әжібек Мәліков, Маркен Асанов, Әкімжан Оралбаев, Аманбай Көздібаев, Болат Теміров, Әбдіқани Аймағанбетов, Ұзақбай Төлебаев, Жұбатқан Тұрлыбекова, Мұқамбетәли Есмағанбетов, Жанғабыл Қабақбаев, Қонай Әлжанов  сынды шығармашылықпен айналысқан, баспасөз саласында еңбек еткен және басқа да есімі аталған-аталмаған азаматтар Тілекеңнің ағалық-редакторлық тәрбиесін көріп, жанашыр ақыл-кеңесімен қанат қатайтты деп айна-қатесіз айтуға болады.

… Республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде өндірістік практикадан өтіп жүрген студент кезім. Ұмытпасам, осы кезде Тілекеңнен  хат алдым. Өзінің жетпіс жасқа толатынын,  құрметті демалысқа шыққалы жатқанынан хабардар етіпті. Жетпіс деген жер түбіндегі жас сияқты көрінді сонда… Ол кезде баспасөз қызметкері туралы газет-журналда жазылмайды, жеке журналистің шығармашылығын, жақсы жұмысын көрсету үрдісі жоқ; яғни журналист өмір бойы қаншама адамды ардақтап жазса да, өзі туралы   баспасөз бетіндегі жарты ауыз жылы сөзге зәру болып өтетін заман еді ол.

Соған қарамастан, мен Тілекең туралы студенттік деңгейімде өзімше жаздым.  Шағын мақаламды өндірістік практика жетекшісі — газеттің бөлім меңгерушісі, қазақтың танымал қаламгері Бекболат аға Әдетовтың қарауына ұсындым.  Бекең көлемді мақалаға сол кездің талабы рұқсат бермейтінін білдіре отырып,  барша ғұмырын газет ісіне жұмсаған  мұндай адамдар үшін  қысқа да болса  аға газет бетінде әріптестік ықыласты  бейнелейтін жылы сөз арнау  қажет екенін баса айтты. Сөйтті де, өз қолымен шағын хабардың бас тақырыбын «Жетпіске желіп жеткен» деп өзгертіп, қолын қойып берді. Ертеңіне газетке шықты. Жақында Алматыдағы Ұлттық кітапхана қойнауындағы  газет тігінділерін ақтарып отырып, 1976 жылғы 16 маусымда «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»)  газетінде жарияланған  сол дүниені тауып алдым, мәтіні мінеки:

 ЖЕТПІСКЕ ЖЕЛІП ЖЕТКЕН

Шалқар ауданының еңбекшілері республикамыздың қарт журналистерінің бірі, СССР Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Коммунизм таңы»  газеті редакторының орынбасары Тілеужан Шойғариннің  70 жасқа толуы мен творчестволық қызметінің 50 жылдығын атап өтіп, құрметті демалысқа шығарып салды.

Т.Шойғарин ұзақ жылдар бойы  баспасөз саласында жемісті еңбек етіп, қалам тербеді. Еңбек жолын ауыл тілшісі ретінде бастаған оның алғашқы хабары 1927 жылы  Ақтөбе губерниялық  «Кедей» газетінде басылды.  Сол кезден бастап Тілеужан Шойғарин  газеттің тұрақты тілшісі болды.

Бар ғұмырын баспасөз ісіне арнаған қарт журналистің  қаламы әлі  де мұқалған жоқ. Аудандық газет оқушылары Т.Шойғариннің жазған мақалаларын, очерктері мен корреспонденцияларын қызыға оқиды.

Партия мен үкімет қарт журналистің еңбегін жоғары бағалап, 1960 жылы  Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен наградтады. 1962  жылы ол «Еңбекте үздік шыққаны үшін»  медалін өңіріне тақты.   Қаламының қайраты қайтпаған Т.Шойғарин оқушыларын әлі де қуанта бермек.

 С.БАЙМЕНШИН.

Ақтөбе облысы.

Бүгінгі жұрттың көзімен қарағанда алақандай-ақ дүние әрине. Сала құлаш сарнау емес. Болашақ журналист-студенттің риясыз лебізі ғана.  Бірақ аз да болса шын жүректен шыққан осынау  санаулы сөз кезінде саналы азаматты қуантуға жетіп еді. Тілекең республикалық газеттің  өз еңбегіне білдірген бұл ілтифатын ұмытпай, әрдайым еске алып жүрді.  Кездесе қалған сәтте: «өзің жазғандай, желіп жүріп жатырмын» деп мәз болатын. Сөйтіп, желіп жүріп жетпістен өтті,  сексенге жетті, сексен беске таяп-ақ келе жатты…

Шалқардың бір мықтысы – Шойғарины,

Әлі де басылмаған сөз жалыны.

Куәсі осы өңірдің көпті көрген,

Бар кісі өз қызығы, өз жанры, — деп қазақ сатирасы классиктерінің бірі  Асқар Тоқмағамбетов жырлаған;

Кездесіп журналистер әрқайдан біз,

Сағынып, сөз алысып марқайғанбыз.

Шалқардың қажымайтын жалғыз шалы,

Аудандық газеттерге бар пайдаңыз.

Тілеке, еңбек жолың құтты болсын,

Жамбылдай жүзге келмей қартаймаңыз, — деп  көрнекті ақын Есенбай Дүйсенбай жырға қосқан  сол Тілеужан Шойғарин —«Шалқардың тірі шежіресі» — 1991 жылы  дүние салды.  Қазір Шалқардағы бір көшеге оның есімі берілген. Тілекең   Шалқар музейіне тапсырған  аудандық газеттің 38 жылғы тігіндісі бүгінде ел тарихын зерделеудің  сенімді дереккөзі болып отыр. Шалқарлықтар 2006 жылы Т.Шойғариннің туғанына 100 жыл толуына орай іргелі ғылыми-практикалық конференция өткізді; Елдің белгілі азаматы Елемес Жұмаұлы бастап, Тілекеңнің шәкірттеріҰзақбай  Төлебаев, Аманбай Көздібай, Нұрмұханбет   Дияров қостап, «Шалқардың шежіресі — Шойғарины» деп аталатын естелік жинақты жарыққа шығарды.

…Тарихта қазақтың  қайраткер ұлдарының бірі — Сұлтанбек Қожановтан «бүгінгі коммунист-бәлшебек болып жүргендердің  бәрі де Абай мен Ахметтің (Байтұрсынұлы)  шәкірттері» деген сөз қалған.  Біз мұны  басқаша бейнелесек, Шалқар өңірінде туып-өскен кез келген журналист Тілеужан Шойғарин шаңырағын көтерген, Тауман  Төреханов керегесін кеңейткен ақбоз үйдің — аудандық газеттің перзент-шәкірті деп тұжырымдар едік. Бір кезде балапан жазбаларымыз осынау асыл азаматтар тарапынан бата көрген  соң біз  де өзімізді сол  саптан көреміз. Мүбәда ақ қағазды таңбалаған ғұмырлық жазу-сызу  сапарымыздың сәті  түсіп жатса, бұл өмір жолымызда кездескен Тілеужан Шойғарин сынды тілекші ата-ағалардың ақ батасының қабыл болғаны шығар деп ойлаймыз.

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Алматы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button