Денсаулық

Энтеровирусты инфекция дегеніміз не?

Маман кеңесі

Энтеровирусты инфекцияатынан көрініп тұрғандай, қоздырғышы вирустар болып табылатын ішектің жұқпалы ауруы.

Ол күнделікті тығыз қарым-қатынас кезінде су, тағам,сондай-ақ ауа-тамшы жолдары (жөтел, қақырық, түшкіру кезінде), нәжіс арқылы таралады. Ауру маусымдық сипатқа ие, көктем-жаз және жаз-күз кезінде, яғни маусымаралық мезгілде күрт күшейеді. Ашық суқоймалары да осы инфекцияның таралу көздерінің бірі саналады.

Энтеровирустар сыртқы ортаға төзімді келеді: төмен температураға шыдамды болғандықтан, тоңазытқышта бірнеше апта бойы сақталады, ал құбырмен келетін суда 18 күнге дейін тіршілігін жоймайды. Тіпті ағып жатқан өзен суында бір айға жуық тіршілік етеді. Вирусты жоюдың тәсілі — жылыту, қыздыру, қайнату, сондай-ақ құрамында хлоры бар препараттар, ультракүлгін сәулесі бұл вирустарды тез жояды.

Энтеровирусты инфекцияның бастапқы белгілері:қызу көтерілуі (38-40˚С), әлсіздік, бас ауруы, лоқсу, құсу және көздің қарығуы. Бұл белгілер жүрек тұсының, іштің, бұлшық еттің ауырсынуымен, түрлі бездердегі ұшық бөртпелерімен қатар жүруі мүмкін. Кейбір жағдайларда мұрын бітіп, жөтел пайда болады. Аурудың бастапқы күндері, негізінен, қолда, аяқта, ауыз қуысында және оның айналасында бөртпе пайда болып, ол 24-48 сағаттан (кейде 8 күннен) соң жоғалып кетеді.

Мұндай белгілер байқалған жағдайда, ауру өздігінен өтеді деп күтпей, тез арада дәрігерге бару қажет. Ешқашан өз бетіңізше емделуге тырыспаңыз !

Энтеровирусты инфекцияның алдын алу шаралары жедел өтетін кез келген ішек  инфекциясына қарсы шараларға ұқсас:

— тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдаланыңыз;

— тамақтан бұрын және дәретханаға барғаннан кейін қолды сабындап жуып, қоғамдық гигиена ережелерін қатаң сақтаңыз;

— жеміс пен көкөністі пайдаланудың алдында оларды жөке қолданып, соңынан қайнатылған сумен шайып мұқият жуу;

— ресми рұқсат етілген жерлерде ғана шомылу керек, ал шомылған кезде суды жұтпаңыз!

— жеке тұлғалардан және сатуға рұқсат етілмеген жерлерден азық-түлік сатып алмаңыз.

Бұл дерт емделеді, дегенмен денсаулығыңыз үшін қарапайым профилактикалық шараларды сақтай отырып, аурудың алдын алу жеңіл болатынын есте ұстаңыз!

Райхан ҚОЙШАНОВА,

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің басшысы.

Лолита ДУДАЕВА,

бас маман.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button