Мереке

Металлургтерге құрмет көрсетілді

Жұма күні Ақтөбеде металлургтер күні тойланды. «Қазақ халқына мың тағзым» стеласы алаңы мен Тұңғыш Президент атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында металлургия саласының ардагерлері мен қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Қала тұрғындары мен қонақтарының мерекелік шараға қатысуына қойлайлы болуы әрі еркін, қауіпсіз жүруі үшін шаһардың бас даңғылында көліктердің қозғалысы тоқтатылды.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов күрделі де жауапты мамандық өкілдерін қос мереке Металлургтер күні және Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Металлургия саласы — мемлекеттің қуатын арттыруда маңызды орынға ие, еліміздің индустрия саласында басты қозғаушы күш. 

Металлург күні — өз кәсібіне мығым және адал адамдардың мерекесі. Металлургтер — табанды, төзімді, шыдамды, рухы мықты маман иелері. «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының облыс экономикасы үшін маңызы зор. Бұл өндіріс орны — өңірдегі ең ірі компания. «Қазхром» соңғы 5 жылдың ішінде Ақтөбенің дамуы үшін 370 миллиард теңге инвестиция салды. Бұл — аз қаражат емес. Ақтөбенің ажарының арта түсуіне «Қазхром» сүбелі үлес қосып отыр. Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы экологияны жақсартуға бағытталған құны 85 миллиард теңгеге бағаланған меморандумға қол қойды. Келісімде белгіленген бірнеше ауқымды жобаларды іске асыру қоршаған ортаға шығаратын зиянды заттардың көлемін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Меморандум Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған. Себебі еліміздегі экологиялық мәселелері ел Президентінің жіті бақылауында тұр.

Елімізде өндірілетін хром рудасы мен хром концентратының 85 пайызы және ферроқорытпаның 40 пайызы шығарылуы — өңірдің ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы. Ақтөбе ферроқортпа зауыты — Қазақстан қара металлургиясының қарлығашы. 

Жыл сайын компания жаңа технологияларды белсенді енгізіп, техникалық қайта жарақтандыру жүргізіп келеді.Мұның жарқын дәлелі — ферроқорытпа зауытының 4-балқыту цехы. Қазіргі уақытта қуаттылығы жылына 500 мың тоннаға жуық ферроқорытпа өндіру жобасы әлемдегі ең үздік автоматтандырылған жүйесі бар зауыттардың қатарына кіреді.

Бүгінде «Қазхром» бөлімшелерінде 12 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. 

Өз өмірін металлургия саласына арнаған адамдар — «Қазхром» трансұлттық компаниясының ең үлкен байлығы, — деп облыс әкімі Ералы Тоғжанов металлургия саласын дамытуға үлес қосқан қызметкерлерге алғыс білдірді.

Шара барысында үздіктерге салалық және корпоративтік наградалар, Ақтөбе облысы әкімінің және «Қазхром» компаниясы басшылығының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары табыс етілді.

Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы зауытта 27 жылдық жұмыс өтілі бар №4 балқыту цехының ұсақтаушысы Қайрат Кәкеновті, сондай-ақ ферроқорытпаларды фракциялау және тиеу цехының кран машинисі Лариса Песоцкаяны «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Лариса Песоцкая зауытта 32 жылдан бері жұмыс істеп келеді.38 жылдық тәжірибесі бар теміржол цехының жабдықтаушысы Федор Деркач Алғыс хат алды. Марапатталушыларға 300 мың теңге көлемінде сыйлықақы берілді.

Кәсіби мерекеде металлургтер пәтер кілттері, ақшалай сертификаттарға ие болды. Сондай-ақ зауыттың 10 қызметкері Chevrolet Cobalt маркалы көліктің кілтін алды.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жұмыс жасағаныма биыл — 40 жыл. Өз жұмысымды жақсы көремін. Сол себепті ауыр болса да, осы саланы таңдадым. Бүгін мен үшін ерекше күн. Төбе көкке жеткендей, қатты қуанып, толқып тұрмын. Мерекелік шараға шақырылғанымда ұзақ жыл еңбек еткеніме байланысты Құрмет грамотасымен марапатталатын болармын деп ойлаған едім. Ал маған көлік кілтін табыс етті. Бұл — мен үшін тосынсый, күтпеген қуаныш, — дейді кран машинисі Жаңыл Хакимова.
Мерекелік кеш эстрада әншілерінің концертімен жалғасып, отшашумен аяқталды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button