Денсаулық

Тексерілу тегін

Брифинг

Биыл жыл басынан бері 33 облыс тұрғыны АИТВ жұқтырған. 400-ден астам адам диспансерлік есепте тұр. Десек те, Ақтөбе өңірі еліміз бойынша АИТВ-инфекциясының таралуы төмен өңірлерге жатады.

Облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Анна Каспированың айтуынша, аталған инфекцияны жұқтырғандар арасында ерлердің үлесі басым.

 АИТВ инфекциясы 20 мен 59 жас аралығындағы азаматтардан анықталып отыр. Соңғы жылдары аталған ауруды жыныстық жолмен жұқтыру жиілеп кетті. Сондай-ақ инъекциялық есірткі тұтыну кезінде де жұқтырғандар бар.

Қазіргі таңда облыста диспансерлік есепте 445 адам тұр. Оның 411-і арнайы ем қабылдайды, — деді Анна Каспирова.

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында орталық мамандары аурудың алдын алудың бірден-бір жолы арнайы вирусқа қарсы препараттарды қабылдау екендігін айтты.

Профилактикалық қабылдауға арналған дәрі-дәрмектер ЖИТС орталығында «Достық» кабинетіндегі дәрігердің кеңесінен соң және құпия тексеруден кейін тегін беріледі.Жыл басынан бері 145 адам байланысқа дейінгі профилактикалық қызметтермен қамтылды, — деген орталықтың бөлім меңгерушісі Айжан Жайлаубаева өткен жылмен салыстырғанда АИТВ-ға тексерілетін адам саны көбейгенін хабарлады.

Өткен алты айдың ішінде орталық мамандары АИТВ инфекциясы туралы тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында 400-ден астам профилактикалық іс-шара өткізген. Бүгінде ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. 2023 жылы АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі жобаны «Наша жизнь» қоғамдық қоры сәтті жүргізіп жатыр.

Айтпақшы, АИТВ-ға зертханалық тексеру — тегін. Ол үшін өзіңіз тіркелген емханаға немесе Ақтөбе қаласындағы Жамбыл көшесі, 4 мекенжайында орналасқан ЖИТС орталығына жеке басыңызды куәландыратын құжатты ала баруыңыз қажет.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button