Әдебиет

Сұлухан ФАТИХҚЫЗЫ: «Мені мазалама, мен XVIII ғасырда отырмын деуші еді»

Өткен жылы жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының туғанына 80 жыл толды. Соған орай елі, туған жері, оқырмандары қазақтың қабырғалы қаламгеріне деген ықылас-құрметін білдіріп, есте қалар іс-шаралар ұйымдастырды. Облыс әкімдігі, туған жері — Байғанин ауданы әр ауылда еске алу шараларын ұйымдастырып,мектеп бітірген Оймауыт ауылындамемориалды тақта ілінді. Облыстық драма театрында «Тар кезең» романынан спектакль қойылды, т.б. Біз ол шаралар жөнінде жазған болатынбыз.

Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында да жазушының атында оқу залы ашылып, оның оқыған кітаптары, өз қолымен жазған мақалалары, журналдары тіпті үстелі мен жазу құралдарына дейін қойылып, отбасымен, балаларымен, көңіліне ыстық ағаларымен түскен суреттері, жеті атасына қатысты деректер ілінген.

Астаналық әріптесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жадыра Шамұрат та жазушының зайыбы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сұлухан ФатихқызыІлиясоваменсұхбаттасқан еді. Осы сұхбатты adebiportal.kz сайтынан ықшамдап алып, ұсынып отырмыз:

—Кезінде жазушы Әнес Сарай ағамыздың Қажығали ағай туралы керемет мақаласы басылды, суреткерлік қырын біршама ашты, «Тар кезең» туралы Әбдіжәміл атамыз да, Әбіш ағамыз да керемет пікір білдірді, бүгінде осы кісілердің бәрі кетіп қалды… Жазушы кімдермен араласатын еді?

— Адам өз өмірінде жүрегі қалаған, өзінің жанына жақын адамдарын іздейді, адамгершілігі зор, ниеті таза, ақыл-парасаты биік адамдардың қасында жүргенді қалайды деп ойлаймын. Жалпы қаламгерлердің пенделіктен сәл де болса биік тұратыны белгілі. Тіпті кейде өзгеше табиғатымен қарапайым пенделік мінезді аттап кететін кездері де болады. Бұның барлығы жазушы қауымның болмысының өзгешелігі, жаратылысының ерекшелігі деп түсінемін. Ерекше жаратылыстың тағдыры да бөлек болады. Сондықтан шығар, студенттік кезден бастап бес жыл бір бөлмеде жатқан өзіне жақын достары, бір нанды бөліп жеген марқұм ақын Дүйсенбек Қанатбаев, Әнес Сарай, Төлен Әбдік туралы қызық естеліктер айтқан кезде көзі жайнап, достарына деген алғаусыз ниеті мен ыстық ықыласы білініп тұратын. Достары туралы айтқанда көз алдыңа олардың бейнелері келіп, бір-біріне деген сыйластықтары туралы естеліктер ойыңда жаңғырар еді. Ал кейін жұмыс істеген кезеңде, Алматыға көшіп келгеннен кейін үлкен ағалары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Тахауи Ахтанов, Қадыр Мырзалиевтермен жиі кездесіп, сөйлесіп, рахаттанып жүретін. Астанаға көшіп келер алдында да маған «Мұнда менің бірге оқыған достарым бар, Әнес аға, Ақселеу, Төленнің қасына барамыз» дейтін. Жазушылардың ішінде осы үлкен ағаларының ортасына барғысы келіп тұратын. Қажекең өте бауырмал еді, өзі де аға ретінде өзіне керемет, парасаты биік, пейілдері таза інілерін тапты. Ол Қуаныш Жиенбай, Бауыржан Омаров, Шархан Қазығұл және екі досы Тынымбай Төлепбайұлы мен Марат Мажитовтпен сұхбаттасып, бірге қыдыратын, балыққа бірге баратын. Жүрегі қаламаған адамдарға үйір болған жоқ. Бір кездері ақын Шөмішбай Сариев Қажекеңе бір өлең арнаған еді, соның ішінде бір-екі шумағы Қажығалидың қасиетін ашатын.

Халқымның қалап алар ырымындай

Тұлғаны сен қаладың ірі мұндай.

Ортадан саяқ жүріп ғұмыр кештің 

Қазақтың әдебиетте Сырымындай. 

 

Бөлмейді, бөле алмады үніңді ешкім,

Дәурен сүріп өмірде дүбірлестің.

Ешкімге ұқсамайтын өзің болдың,

Сұлухан жеңгемізбен ғұмыр кештің, — деген жолдар жазушының адами болмысын тап басқандай. Қажекең жүрегі қаламаған адаммен сыпайы қарым-қатынаста болғанымен, ары қарай араласып кетпейтін.

— Жиырма жылдан астам уақытын жұмсап жазған «Тар кезең» туралы әлі де толыққанды пікір айтыла қоймаған сияқты, бұған қатысты пікіріңіз қандай? Осы шығарма арқылы Сырым батыр ғана емес, жалпы қазақ тарихының бір кезеңі туралы фильм түсіруге бола ма?

— Әрине, жалпы тарихтың көп кезеңі туралы деректі, көркем фильмдер көрсетіледі, бірақ 18-ғасырдың ауыр кезеңі, отаршыл саясаты туралы, батыр Сырым Датұлы туралы бірде-бір фильм жоқ. Бірде бір белгілі адам «Неге осы «Рухани жаңғыру» жобасымен Сырым батырдың 280 жылдығына орай бір фильм дайындап көрсетпейді екен?» деп хабарласқан еді. Өйткені «Рухани жаңғыруға» қатысты 17 жобаның ішінде осы елін, жерін қорғаған батырлардың есімін ұлықтау, насихаттау туралы айтылған бөлімдер бар екен, сол үшін 243 миллиард теңге ақша жұмсалады деп жариялады баспасөзде. Сырым батырды ең бірінші зерттеуші Қажығали Мұханбетқалиұлы, Орал қаласында ескерткіш ашуға да көп күш салды, осы роман бойынша қанша еңбектенді, материал жеткілікті, Сырым батыр туралы фильм түсіруге болатын еді. Мен осы мәселені көтеріп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде Аида Балаева министр болған кезде хабарласып, фильм түсіру туралы хат жазып сұрағанымда, олар көрейік, мүмкін жобаға кіргізерміз» деп жұмсақ сөйлеп, жауап берді. Бірақ ол сөз күйінде қалды, ешкім Сырым батыр туралы фильм түсірген де жоқ.

— Жазушының үлкен ерекшелігі — сыншылығы жоғары еді, біздің қолымызда «Тоғысар арнамыз бір толғанғанда» деген кітабы бар, осындағы мақалалары арқылы ол кісінің талғамы биік екендігі, сөз бен сөйлемге келгенде кірпияздығы, шағын жанр талабына жауапкершілікпен қарайтыны, байыпты көзқарасы бары аңғарылады. 

— Қажекең әрнәрсеге үлкен дайындықпен, жауапкершілікпен қарайтын. Үйдің бір шаруасына болсын, өзінің сүйікті ісі — балық аулауға барарда да ерте тұрып, тыңғылықты дайындалатын. Жазушы ретінде өте көп ойланып, толғанып, материалдарды көп іздеп еңбектенетін, мысалы, «Тар кезең» романын жазуға жиырма жылдай уақытын жұмсады. Бармаған архиві жоқ. Мәскеу, Хиуа, Бұқара, Куйбышевте болды, әр жердегі архивтерден материалдарды жинап, содан кейін тарауларын жазуға отырды. Күні бойы кабинетінде отырып, кеште шыққан кезде сол күні бойы жазған парақтарды жыртып тастайтын. Мен оған «Неге жыртасың, сол үшін ертеден кешке дейін отырдың ғой» десем, «Мен өтірік жазып қойыппын, әдебиетте өтірік жазуға болмайды» дейтін. Ал кейде түскі асқа шақырған кезде «Мені мазалама, мен XVIII ғасырда отырмын» деуші еді. Сондай жауапкершілігі мол, өзіне-өзі қатал, көңілі толмаса ештеңеге қарамайтын адам еді.

— Ол кісі үнемі «Әдебиеттің басты парызы не?» дегенге жауап іздегендей болады, өзіне көңілі толушы ма еді, «Тар кезеңнен» кейін осыны жазамын деген жоспары болды ма?

— Әрине, жаңа айтқанымдай, өзіне-өзі қатал қараған жазушы. Әдебиетке де, жазушыларға да қатал, жазған-сызғанына көп көңіл бөліп, әр сөзіне қадалып, астын сызып, сұрақ қоятын. Ал бір жақсы өлең не әңгімелер оқыса, сол автордың нөмірін тауып звондап, пікірін айтып, қуанып қалатын. Мысалы, Оралдан Мұқадес Есламғалиев деген жазушының бір-екі әңгімесін оқып, телефонын тауып, сөйлесіп, «Сенің мына әңгімең жақсы екен, кейіпкерлерді жақсы ашқансың, сен жазушы боламын десең Алматыға, жазушылар ортасына кел» деп шақырды. Екіншісі, жазушы Серік Асылбек, жас кезінде сонау Қызылордада, бір ауданда мектепте жұмыс істеп жүр екен, оған да «Алматыға кел, керемет жазушысың, әңгімелерің, кейіпкерлерің мықты, әрі қарай даму үшін Алматыға, жазушылар ортасына кел, өсесің» дегені есімде. Екеуі де жетпісінші жылдары көшіп келіп, кейін белгілі жазушыларға айналды. Қажекең — өзіне өте қатал талап қоятын жазушы. Кейбір жазушылар «неге жазбай кеттің?» деп сынап, кекететін де кездер болды.Сондай  өзіне-өзі көңілі толмай, жаза алмай жүрген кезде шахматқа назарын аударады, Әнес ағай екеуі 5-6 сағат шахмат ойнап отыратын, болмаса Ақселеу, Қойшығара, Төленмен бильярдқа баратын. Кейде аң аулауға шығып, кейде карта ойнап кететін кездері де болды. Ол — өзіне көңілі толмай, жаза алмай жүрген шақтары. Әдебиеттің басты парызы — шындықты айту, сөйлемді дұрыс жазу, өтірік, жалған жазбау деп есептейтін.

— Кезінде «Муратигімен» танылып, шағын жанрда жақсы еңбектеніп, «Қайдасың сен, махаббат?!» деген новеллаларымен, «Бас жұтқан бас» сияқты керемет дүниелерімен оқырман ықыласына ие болған жазушымен бір шаңырақ астында елу жылдай тұрдыңыз, адам бір-біріне әсер ете алады, бір-бірін өсіреді немесе өзгертуі мүмкін. Ол кісінің қай қасиеттерін ерекше бағалап, айтар едіңіз?

— Марқұм Қажығали мені, яғни орысша тәрбиеленген адамды қазақша сөйлеуге үйретті. Кезінде Нархозда орыс тілінде дәріс беретін едім. Сол жылдары Қажекеңнің арқасында қазақ тобына да қазақша лекция оқитын болдым. Оның ең бір тамаша қасиеті — ешкімді өкпелетпейтін, ешкімді жамандама деп маған да, балаларына да айтып отыратын. «Өзің бірдеңе айтып ренжітіп алған шығарсың» дейтін. Өте ақкөңіл, таза жүрегімен адамдарды баурап алатын.

Қажекең жүрегі жомарт, ақ ниетті адам болғасын ешкімге сөз келмесін, кесірім тимесін  деп, азаматтардың абыройын ойлағандықтан, ешкімнің алдына барып, ештеңе сұрамайтын. Бұл жағынан келгенде, ол кісі ұсақ-түйек әңгімеден бойын аулақ ұстайтын, дүниелік әңгімеден биік адам еді. Осының өзі кейінгілерге өнеге деп ойлаймын.

— Қазақ радиосынан Қажығали ағайдың соғыстан кейінгі қиын жылдардағы балалық шағы туралы мұңлы естелігін тыңдадық, үйде отырғанда кей-кейде естелік айтатын ба еді? 

— Бала кезін көп айтпайтын, әкесіз өскен бала ішіндегі сырын басқа адамдардан жасырып, көрсетпейтін сияқты. Өзінің анасы мен үлкен ағасының қасында өсіп, он бес жасында оқуды қызыл аттестатпен бітіріп, екі жыл пошта тасып, Жем бойынан балық аулап, үлкен ағаларының, аталарының әңгімесін тыңдап, өскенін айтатын.

— Студент кезінде Нұрғиса Тілендиев басшылық жасаған құрама оркестрге де қатысқан, күйшілігі бар адам болыпты деген әңгіме бар… 

— Ең жақын досы Төлен Әбдік керемет домбыра тартады, Қажекең оркестрге қатысқанын айтпайтын, бірақ домбыра тартып, ән айтатын даусы өте ұнайтын, әсіресе ескі әндерді көп айтатын. Мен 3-курста жүргенімде бүкіл біздің тобымызды Алматы облысы Шелек ауданына жиын-терінге жіберді, мені іздеп сол жерге бір күні Қажекем келіп тұр. Бір күнге сұранып, мені Алматыға алып кетуге келген екен. Алматыға барғанша таксиде маған өлең айтып барды. «Бір күй бар жүрегімде айтылмаған, бір сыр бар…» деген өлеңді жиі айтатын. Кейде көңілі болмаған кезде домбырасын алып күй тартатын. Өзінің де күй шығаратыны бар, қайтыс болған баламызға арнап «Наркес» деген күй шығарған. Бірақ, өкінішке қарай, балалары мен немерелері бұл өнерін  жалғастырмады.

— Жазушының біз білмейтін, жарық көріп үлгермеген шығармалары бар ма? Немесе оқырманға беймәлім күнделіктері, хаттары деген сияқты…

—  «Тар кезеңді» бітіргеннен кейін мен тек әңгімелер жазамын дейтін. Жас кезінде маған «Мен Чехов сияқты әңгімелер жазуым керек» дейтін. Қажекеңнің зерттеп, зерделей оқығаны Толстой, Чеховты да түгелге жуық оқыған еді.

2020 жылдың ақпан айынан бастап Қажекең өзінің ауылының адамдарын жазатын ойы барын айтты. Мен де оған анда-санда «Неге сен өзіңнің өскен жеріңді, ауылыңның адамдарын жазбайсың?» деп айтатынмын, сол 2020 жылдың ақпан айынан бастап пандемия кезінде 5-6 әңгімені асығып жазды. Олар «Кесек кемпір», «Біздің ауылдың Қожанасырлары», «Шегебай» т.б. әңгімелер еді. Құдайым өзі білдірді ме, бұрын өз ауылының адамдары, туыс-ағайындары туралы көп айтпайтын еді, осы пандемия кезінде ауыл адамдарын, туыс-ағайындарын көбірек есіне алып, көп құжатты іздеп, ауылдағы таныстарына хабарласып, осы әңгімелерді жазып, бітіріп, өзіне сондай  риза көңілмен, түн ішінде Әнес ағаға, Төленге, Қойшығараға оқып беретін. 2020 жылдың 13 шілдесінде кетіп қалды ғой, ол әңгімелері жарыққа шықпап еді, мен тек былтыр 2021 жылы баспаға бердім. Алла бұйыртса, кішкентай әңгімелер жинағы болып, «Сағындым сені» деген атпен оқырманына жол тартады деп ойлаймын. Әрине, күнделіктері, бастап жазып, ұнатпағаннан кейін жалғастырмай қалған, жария етпеген қағаздары бар ғой. «Әдебиет порталына» бұрын да әңгімелерін беретін. Қажекеңнің өзі жоқ болса да, мына мерейтойына орай еске алып жатқаны үшін портал ұжымына ризашылық көңілімді жеткізгім келеді.

— Әңгімеңізге рахмет.

 Сұхбаттасқан Жадыра Шамұрат.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button