Әдебиет

Жанна ЕЛЕУСІЗ

Жанна Елеусіз 1970 жылы 22 қарашада дүниеге келген. 1992 жылы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Аудандық «Шалқар» газетінде тілші болып жұмыс жасады. 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған мүшәйраның жүлдегері атанды.

2004 жылы «Мен сүйетін дүние», 2011 жылы «Тіршілік трилогиясы» атты кітаптары жарыққа шықты. Сондай-ақ өлеңдері «Жәдігер» атты Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясына, «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен шыққан жергілікті қаламгерлердің 50 томдығына енген.

Қалың оқырман мен әдебиет сыншылары Жаннаны қазақ поэзиясына өткен ғасырдың 90-жылдарында келген буынның көрнекті өкілдерінің қатарына қосады.

Ауылға хат

Жарқамысым, қалайсың… Аманбысың?

Қаңқылдап тағы жетті маған құсың…

Көкірегімде шулаған қаздарыңның

үндерінен соғайын Саған мүсін…

 

Итбалықтай Жеміңде жүздім неше…

Итбүлдірген бағыңнан үздім неше…

Қаланың тас төсеген көшесіндей

өзгеріп кеткен жоқ па Біздің Көше?..

 

Ақтам жақтан соға ма ақ самалдар?

Көбейді ме мектебің, бақша, алаңдар?

Бір баласы күнұзақ үй көрмейтін…

Біздің Үйде… тұра ма жақсы адамдар?

 

Жетіспейді Уақытқа тұрлау ғана…

Сағынышым барады шырмаулана…

Апама ұқсап, бір апа сиыр сауып…

Әкеме ұқсап, бір әке жүр ме аулада?..

 

Бауырлары бір-бірін іздей ме екен?..

Үш жас үлкен ағамдай, біздей тете,

«Малдың қиын тазалап болғанымша

әңгіме айтып, қасымда жүр…» — дей ме екен?..

 

Сырласары түндерде — жұлдыз ғана…

Бір қарасаң ұқсайтын қырғызға да…

Толқын шашын төгілтіп иығынан

бантик тақпай жүр ме екен бір қыз бала?

 

Ел едің ғой көпке арман, азға үлгі…

Жарқамысым, сақташы Жаз-Бағыңды!..

Жүрегімде алты ай қыс жылытып ап,

Көктемеде қайтарам қаздарыңды…

Кішкентай 

Мені қойшы.

Келдім. Ертең кетермін…

Өкпелетіп алсам тіпті кектенбе!

«Бірдеңе ғып анау көкке жетермін»

деп…

Нұрымды бере салғам Көктемге.

 

Жүрмін қазір жандарыңда.

Көп керме.

Жанымды ішіп жауады ертең әппақ Қар.

Мені қойшы…

Ұқсайтын көк белге

Сенімімді мынау Елге — сақтап қал!..

 

Анау Дала, Орман, Теңіз, Тау үшін —

мендік Шырақ жанған кеше. Өшеді…

сәл қаттырақ шықса менің Дауысым —

бір қызғалдақ батылырақ өседі!..

 

…бір құдықтың суындай жолдағы

мені кейін… түсінсеңдер болғаны!.

Біз бір күні Алматыдан кетерде…

Өмір, өмір…

Өмір өстіп өтерде,

адам, тегі, қиналмайды бекерге…

Сен де қимай.

Мен де қимай жылармыз.

Біз бір күні Алматыдан кетерде…

 

Екеуміз де мың қайырар бір Әнбіз.

Жал-құрықсыз.

Жалқыбасты құланбыз.

Сен де қимай.

Мен де қимай!

Бір күні…

Алатауды артқа тастап шығармыз…

 

Ақ бас таудың етегіне жас тамып.

Табандарды тамшы тесер Тас қарып.

Сөйлей алмай.

Қой… дей алмай тұрармыз!

Бордай босап.

Қол қысысып.

Қас қағып…

 

Сосын.

Сосын…

Осы мұңның бәрі шын:

жақын болып кетеді де алысың!

Қара жолға қасқая кеп шығамыз.

Жалғыздықтың жамылып ап Шәлісін…

 

Жаудырумен жаутаң көздің жаңбырын.

Үңілеміз өткенге көз талдырып…

Жиырма бірде —

біз екеуміз қайтамыз!

Он сегізді Алматыға қалдырып…

 

Арман болып — біздер талай іздеген!

Үміт болып.

Түндерде көз ілмеген…

Махаббат боп.

Машақат боп меңіреу!

Бұл Алматы… қоштасады Бізбенен.

 

Сағыныштан талай көрген түсімде.

Ұқсастық бар түрінде де, ісінде.

Өкінемін…

Өлең сүйген өрім Қыз

қап қояды жатақхана ішінде…

 

Өкінемін!..

Бұны да көөп айтқанбыз.

Басымыздан Қаз да ұшып.

Қайтқан Күз.

Қап қояды көп бөлменің бірінде

жарым түнде жандай сырын айтқан Қыз…

 

Бәрі…

Бәрін…

Санасаң сан жетер ме?

Адам, сірә, қиналмайды бекерге…

Сен де қимай.

Мен де қимай жылармыз…

Біз бір күні Алматыдан кетерде!

 

Жүректері мың шертілер күй аңсап.

Арман қуған Қыздар едік — ұялшақ…

Алматыдан Біз кетеміз бір күні —

бір Көрісу үшін тағы жиі аңсап…

Екеу

Қара суық желге бердім сыртымды.

Жүрегімде — мәңгі жасыл бақ заңғар!..

Қызғанбашы менің жылы күлкімді

еріп бара жатқан Қар…

 

Жымиғаным сәнді етеді ернімді,

көзімдегі жұмсарады ренішім…

шыршама іліп қоям сенің белгіңді,

еріген қар, соның бәрін Сен үшін…

 

Кешіктік біз. Сен де, мен де, Көген жыр.

Ол да, күнім, табар сылтау күлерге.

Қаңтарда емес, Наурызда келер Жыл

— қадірімізді білер ме?..

 

Еріген қар тротуарлар шетінде.

Қара суық жасап жатыр тірі мұз.

Ол қағаздың,

мен өлеңнің бетінде,

жымиямыз бірімізге біріміз…

 

***

Біреу көкке салғысы кеп бейнесін,

біреу гүлге орамақшы моласын…

Менің Жаным үстіндегі жейдесін

жабады үнсіз жылағанға:

«Тоңасың…»

 

Аспаныма қараймын да Біп-биік!

Астам көңіл аяп кейбір адамды —

суық Күзде тұп-тұнық

Шыққа ұйып,

көлегейлеп кете барам жарамды…

Жан 

«Кешірімді бол»

Ата-анамның тәрбиесі. 

 

…түнде емес Қараңғылық.

Жерде — бар пендешілік.

Біреулер — саған күліп…

Біреуді мен кешіріп…

 

Белің бір бүгілгенде

көрсетпей Күн қарасын…

Жаманнан түңілгенде

қарайып Түн боласың…

 

Сұмдығын Расың қуып,

Мына түс… ана арасын…

Жаныңды жасың жуып,

қайтадан ағарасың!..

 

Ай басын Түн иеді

арқамнан қағып тұрып —

«Адамдар — Дүниені

тұратын Жарық қылып!..»

 

****

Менің Мұңым — мына ел…

Орта жолда мертіккен ол да бір —

Құлагер! —

Өмір дейтін тәп-тәуір шал болғысы кеп жүрген…

Өлең дейтін сұп-сұлу қыз болуға

Мұрагерлердің айтысы —

Елдің емес, ерекшеленудің қайғысы!..

 

Ауырмаған жұлдызбен,

көктегі біреумен

Күзге қарап, «күз ғой» деп жымияды жай кісі…

Болғысы кеп талпынған — Үлкеен Кісі. Баай Кісі!

Менің мұңым — сендер ғой…

Қайран, менің байғұсым…

Көрісу

«Өмір — тек Күз емес.

Кезі көп дүрілдейтін…

Күз — Біз емес.

Бір өлсе — тірілмейтін».

Күнделігімдегі ой. 

Жер ұқсап өңі кеткен алашаға,

аласұрып ойнамас бала-шаға…

Күндізі мамыражай, түні үскірік —

ойпырмау, келе жатқан Қараша ма?..

 

Жаңбырда жүрісінен адасады із.

Бал ашамын сізге де, қаласаңыз…

Аппақ қарын көзірдей қолына ұстап,

жәйменен жақындады Қараша — Қыз!..

 

Жүрекке алмас едім түк те уайым.

Айналды әшейін бір түпке Қайың…

Ақ ұлпа тәнін жауып, жылытар ма ед —

осынша сарылумен күткен Айым?..

 

Көзіне қарайыншы көзімменен!

Мен көптен шын сағыныш сезінбегем…

Қараша қараша емес, қаны кепкен

көрісер секілдімін Өзімменен!..

Жолда

Сағындың ба…

Телефон көп шаласың.

Тыңдадың ба біреудің бопсамасын?..

Желкені

көтерілген қайықтай боп,

тілеймін

сол сағыныш тоқтамасын!..

 

«Кешігем-ау…

Дұрыс-ты күтпегенің…» —

тұрмаса да кідіртіп түк те мені,

ысырамын

кейінгі келер күнді…

Тілеумен

сол сағыныш бітпегенін…

 

Мен болмасам

кете ме қала көшіп…

Мен болмасам қалмайды дала да өшіп…

Менің жолым

ұзаған сайын күнге

Сағынышың тек сенің… барады есіп!..

Былайғы кез…

Кәдімгі жұп қана-мыз.

Әрқайсысы өзінше тұтқа да — біз.

Әр қоңырау

айтпаған сыр секілді…

Әр қоңырау —

жүректен шықпаған Із…

 

Қоңыр күндер жетелеп қоңыр ойға.

Төгілетін көз жасы омырауға…

«Не бітірдім мен осы?..»

деп жүргенде,

жатыр екен бар құным — Қоңырауда.

 

Сынбай кеткен Өлеңнің сағы ма өр?

Жырымды оқып жаныма ағылар Ел…

Бақыттырақ

мені сәл болсын десең —

сағына бер!..

Сағыншы…

Сағына бер…

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button