Мәдениет

Аймақтық ән байқауы өтті

Байғанин ауданында композитор, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Дала дауысы» республикалық байқауының фольклор номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алған, танымал әндердің авторы Орал-Қосай Байсеңгір атындағы «Жем-Сағыздың ән самалы» атты аймақтық ән байқауы өтті.

Байқауға Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарынан 20 үміткер қатысты.

Қазылар алқасының құрамында халықаралық байқаудың жүлдегері «Асыл домбыра» Президент сыйлығының иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Марат Сарбөпеев, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі Бақытбек Зейнелов, «Жан серігім — домбыра» республикалық ән байқауының бас жүлдегері, «Мен қазақпын» мега жобасының финалисі Динара Шынарбаева болды.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені (500 мың теңге) Атыраудан келген әнші Ғибадат Тұрғалиев жеңіп алды. Бірінші орынды алған Байғанин ауданының әншісі Диас Орысбай мен ақтөбелік Әкімжан Шәкірге екі жүз елу мың теңгенің сертификаттары табысталды. Екінші орын (200 мың теңге)  ақтөбелік Гүлхан Бөрібасарова мен Байғанин ауданынан қатысқан  Ақбота Тәжімағанбетоваға бұйырды. Үшінші орынды (100 мың теңге) маңғыстаулық Азамат Аманкелдіұлы мен Батыс Қазақстан облысынан келген Мирас Әдіков, ырғыздық әнші Бауыржан Нұрлыбай иеленді.

Марапаттау рәсімінде жүлделі орындармен қатар, «Байқау дипломанты» атағы және  барлық қатысушыларға кеш иесі атынан сыйақы берілді.

— Сан қырлы талант иесі Орал-Қосай Байсеңгірдің әндері өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Байқауға қатысушылар зор даярлықпен келгені көрініп тұр, бізге де бағалау оңай болмады. Байқау жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған. Ал Оралдың әр туындысынан қазақтың дауысын, ұлтымыздың үнін естиміз. Бұл оның мемлекеттік ұлттық идеологияға қосқан зор үлесі деп білемін, — дейді байқауға төрағалық еткен Марат Сарбөпеев.

Байғанин аудандық Мәдениет үйінен басталған Оралдың шығармашылығы дала сахнасындағы гала-концертке ұласты.

Кеш соңында Орал-Қосай Байсеңгірге аудандық мәслихат шешімімен «Байғанин ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Талантымен танылған кеш иесіне біз де тілектестігімізді білдірдік.

 Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button