Ақтөбе ұмытпайды Ақтанұлын
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақ әдебиетінің классигі, халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтановтың 100 жылдығына арналған «Заңғар жазушы» атты тарихи-танымдық кездесу өтті.
Жазушының өнегелі өмір жолы мен шығармаларын және музей қорында сақталған құнды мұраларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға өлкетанушылар мен тарихшылар қатысты.
Студент кезінде жазушының көзін көрген өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай қаламгердің өнегелі өмір жолы мен шығармашылығы туралы сыр шертті. Сондай-ақ 2013 жылы Алматы қаласындағы «Білім» баспасынан жарық көрген «Арыстан жалды заңғар жазушы» атты кітап туралы да айтып өтті.
Ал Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Майгүл Мұзбаева жазушының «Ант» драмасындағы Бопай ханымның монологын оқыды.
Кездесу соңында облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Айбек Ертеміров шараға қатысқандарға алғыс білдіріп, өнер иелеріне шығармашылық табыс тіледі.
Айта кетейік, облыстық музейдің тақырыптық-экспозициялық залында заңғар жазушыға арналған экспозиция бар. Онда қаламгердің шығармашылығынан сыр шертетін кітаптары мен пайдаланған жеке заттары қойылған.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің менеджері.