Денсаулық

Екпе алуға кеңес берді

Соңғы 5 ай ішінде облыста қызылша ауруына қатысты 45 күдікті жағдай тіркелді.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылды. Жиынға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова мен облыстың штаттан тыс бас инфекционисі Мейрамбек Құрманғазин қатысты.

Биылғы 16 ақпан мен 5 шілде аралығында облыста қызылша ауруына қатысты 45 күдікті оқиға, оның ішінде аудандардан 4 жағдай тіркелді. Атап айтқанда, Алға ауданынан — 3, Мәртөк ауданынан — 1 жағдай, ал өзгелері облыс орталығынан тіркелген. Зертханалық жолмен тексергенде, 29 адамның қызылша жұқтырғаны расталды. Олардың 27-сі, яғни барлық науқастың 93,1 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар.

Мамандар облыстағы қызылша ауруына шалдыққан науқастардың 90 пайыздан астамы бұл індетке қарсы екпе алмаған балалар екенін айтты. Мамандардың атап көрсетуінше, қызылшадан қорғанудың бірден-бір тиімді жолы — вакцинация. Қызылша — жұқпалы ауру. Оған шалдыққан адамның өз денсаулығына ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төнеді. Ал екпе алған адамдар, індетті жұқтырған күнде де ауру жеңіл өтеді.

Ұлттық екпе салу күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы егу 1 жастағы және 6 жастағы (ревакцинация) балаларға, сондай-ақ науқаспен қатынаста болған, бұрын қызылшаға қарсы вакцина алмаған 30 жасқа дейінгі адамдарға жүргізіледі.

Эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу барысында науқастармен қарым-қатынаста болған 2177 адам анықталды, оның ішінде эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша иммундауға жататыны — 91 адам. Олардың 28-іне екпе салынды, ал 63 адам медициналық қарсы көрсетілімдер болуы себепті екпе алған жоқ. Қарым-қатынаста болған барлық адам күнделікті медициналық бақылауға алынды.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button