Тарих

Айбынды Ақпан батыр

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Алашқа айбын болған Ақпан батыр» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және Ақпан батыр ұрпақтарының ұйымдастыруымен өткен жиынға тарихшы ғалымдар, мәдениет саласының мамандары, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері, т.б. қатысты.

Алғашқы сөзді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали алып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Өткен тарихымызда елдікті қорғау, жерімізді сақтау жолында бүкіл ғұмыры күресте өткен тұлғалар көп. Олардың бірқатарының есімдері ұмытыла жаздап барып, тәуелсіздіктен кейін қайта ортамызға оралды. Солардың бірі — Ақпан Келінбердіұлы. Ақпан батырдың ерлікке толы өмірі, елдік жолындағы істері әлі де зерттеле түсуі, деректер жиналуы керек. Бүгінгі жиын — осы үлкен істің басы, — деді Мейрам Дүйсенғали.

Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев, Бәйішев университеті президентінің кеңесшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан, т.б. ғалымдар, музей қызметкерлері, өлкетанушылар баяндама жасады.

Зерттеушілердің айтуынша, Ақпан Келінбердіұлы 1531-1605жылдары өмір сүрген. Ол туралы деректер Қашаған Күржіманұлы, т.б. халық ақындарының еңбектерінде, жыр-дастандарда сақталған. Ұрпақтары жуырда Ақпан батырдың зиратын Ақтөбе жерінен, атап айтқанда Бөгетсай жағынан тауып, басына құлпытас қойыпты. Бұл істе ұрпақтарына жергілікті ақсақал Көпжасар Ахметов жолбасшы болған. Көпжасар Ахметовтің айтуынша, әкесі Жүзжасар мұғалім болған, өткеннің біраз дерегін сол кісінің айналасына жиналған үлкендерден естіп, есіне сақтап келіпті.

Конференцияда көп жағдайда тарихи тұлғаларды зерттеу ісіне оның ұрпақтары бас-көз болатыны, сондықтан зерттеу ғылыми тұрғыдан тиянақты жүргізілмей, көп қателіктер жіберілетіні туралы да айтылды.

Зерттеу ісі тарихи тұлғаның ұрпақтары, солардың арасынан шыққан кәсіпкерлер арқылы емес, мамандар арқылы жүргізіліп, деректер ғылыми тұрғыдан жинақталып, сарапталып, ғылыми айналымға енгізілуі керек, — деді Бекежан Ахан

Конференция соңында фольклор, жер атаулары, т.б. дерек көздері арқылы Ақпан батыр туралы ғылыми тұрғыдан еңбек әзірлеу, оның есімін есте сақтау үшін көше атауын сұрау және басқа да ұсыныстар енгізілді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button