Денсаулық

Қызылша дертінен сақтаныңыз!

Облыста 38 адам қызылша дертіне шалдықты деген күдікпен дәрігерлер назарына ілінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Бұл — ақпан айының ортасы мен 26 маусымға дейінгі аралыққа қатысты дерек. Оның ішінде 4 адамның диагнозы расталды, бір адамға әлі де қорытынды диагноз қойылған жоқ. Ал алтыншы адамның қызамық дертіне шалдыққаны анықталды.

Қызылша дертіне шалдыққандар, негізінен,14 жасқа дейінгі балалар. Олар ата-аналарының профилактикалық екпеден бас тартуына байланысты қызылшаға қарсы вакцина алмаған болып шықты. Бір ересек адам қызылшаға шалдығып отыр, оның да қызылшаға қарсы егілгенін айғақтайтын құжаты жоқ.

Қызылшаға қарсы егу иммунитетті тұрақты қалыптастыру үшін 1 жаста және 6 жаста ревакцинация, бұрын қызылшаға қарсы вакцина алмаған  30 жасқа дейінгі адамдарға жүргізіледі, — дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.

Облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әлия Нұртдинованың айтуынша, қызылшадан қорғанудың жалғыз және тиімді жолы —вакцина алу.

Ата-аналар баласының қызылшаға қарсы жоспарлы екпемен қамтылған-қамтылмағанын тексеріп, вакцина алмағаны анықталған жағдайдатұрғылықты жері бойынша емханаға апарып, профилактикалық екпе салдыруы керек. Егер түрлі себептерге байланысты бала вакцина алмаған болса, оның адам көп жиналатын жерлерге баруын шектеу керек.

Қазіргі таңда облыс аумағында қызылшаның алдын алу, осы дерт бойынша эпидемияға жол бермеу үшін арнайы қаулы қабылданып, профилактикалық және санитарлық-гигиеналық іс-шаралардың жедел жоспары әзірленді.Қызылшаға, қызамық пен паротитке қарсы профилактикалық егулерді өткізіп алған 14 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ бұрын қызылшаға қарсы егілмеген немесе егілгені жөніндегі деректері айқындалмаған 30 жасқа дейінгі ересектер мен 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері үшін иммундау жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button