Мәдениет

Өміршең әндердің авторы

«Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, жерлесіміз  Бейбіт Оралұлы — талай кеңтынысты әндерді шығарған, көпшілікке белгілі композитор. Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Өмірқұл Айниязов сынды еліміздің маңдайалды сахна саңлақтары, ресейлік «На-На» тобы туындыларын әуелеткен ақтөбелік маэстроқолтаңбасы қалыптасқан, ән өнерінде өзін мойындатқан тұлға. Әрі көптеген халықаралық, республикалық байқаулардан жүлдесіз қайтпаған өнер иесі.

Облыстық газеттің 100 жылдығы қарсаңында жарыққа шыққан «Ақтөбенің перзенті» айдары үшін танымал мәдениет қайраткерімен Ақтөбенің музыкасы, туған жерге арналған әндері, жалпы шығармашылығымен өмірі төңірегінде сұхбаттасқан едік…

— Осыдан 8 жыл бұрын, 60 жас мерейтойыңызға орай сұхбаттасқанымызда:«Ақтөбенің атын аспандататын ән шығаруды армандаймын», —  деп едіңіз. Сол ой-тілегіңіз орындалатын күн жақын ба? Ән болғанда да өзіңіздің әлі күнге ел аузында жүрген «Боз жорға», «Елім», «Нұр бейнең», «Алғашқы көктем»  сияқты әндеріңіздің деңгейіндегі туындыны айтып отырмын.

— Туған жеріме арнап шығарған «Ақтөбем — алтын бесігім» деген гимн стиліндегі, кең тынысты әнімді Аллаберген Жақсыбаев орындап жүр. Мирас пен Құралай Бекжановтардың репертуарында да «Ақтөбе» деген төл туындым бар, оның әуені вальске келіңкірейді. Осы екі әнім де өзіме ұнайды, құрылымы жағынан күрделі композициялар. Бірақ, өзіңіз айтпақшы, көпшілікке кеңінен таныла қойған жоқ.

Шығармашылығым тоқтамады ғой, әлі де болса Ақтөбе туралы бәсі жоғары, бағасы биік ән туады деп ойлаймын.

— 2014 жылы атқарушы билік өзіңізді Ақтөбенің талантты перзенті ретінде қадірлеп, пәтер сыйлады. Артынша облыстық филармонияның жанынан шығармашылық орталығыңызды ашуға мұрындық болды. Екі жылда бір рет сіздің атыңыздағы «Елім менің» байқауы өткізіліп келеді. Онсыз-ақ туған жеріңізбен байланысыңыз үзілмегенін білеміз…

— Иә, кезінде Архимед Бегежанұлы облыс әкімі боп тұрғанда арнайы шақырып, шығармашылық орталығымды ашып берді. 2015 жылы «Тамсан» деген топ құрдым, музыкалық студиям бар. Сондағы Ерхан Алданазаров, Әкімжан Шәкіров, Сәбит Бегіманов, Лаура Тауасарова, Мерей Самұрат, Ақторғын Аминова сынды жастар жақсы жетістікке жетіп, өңірдің мәдени шараларына атсалысып жүр.

Елге жиі барып тұрамын. Жақында Мұғалжар, Шалқар аудандарында 4 концертімді өткізіп, сондағы тыңдармандарыммен жүздесіп қайттым.

Ақтөбе дегенде, әрине, бірінші жол мәселесі ойға оралады. Өткенде гастрольдік сапармен барғанда, мен тұрмақ, жастардың өзі қатты шаршап қалды. Сол түйткіл шешілсе, жақсы болар еді. Жалпы, өңіріміз қай жағынан да дамып келеді. Халқы да күн санап артып, жаңа шағын аудандар бой көтеріп жатыр. Соған сай жерлестерімнің әлеуметтік тұрмысы да жақсарғанын тілеймін. Қазір бұл мақсатта  облыста түрлі бағдарламалар, жобалар іске асырылып жатқаны қуантады.

— Ақтөбелік жас таланттар туралы пікіріңізді білсек…

— 1990 жылдары қай сұхбатқа барсам да, «әншілердің бәрі оңтүстік өңірлерден шығады» деген әңгіме айтылатын. Қазір, шүкір, жағдай басқаша. Димаш Құдайбергеннен бастап қаншама әншіміз алыс-жақын елдерге танылды. Нарқыз Жанұзақова деген болашағынан үлкен үміт күттіретін жас талант бар. Одан бөлек қазақ эстрадасында жақсы көрініп келе жатқан  Ерке Есмахан, Нұрболат Абдуллин, Kalifarniya лақап атымен белгілі Фархат Қалиевтің өзі неге тұрады!? Үлкен сахнаға шықпаса да, дарынды, ән айту мәнері ерекше өрендердің барын да білемін. Осыған қарап ақтөбелік әншілердің аяқ алысына қуанамын.

— Сіздің әндеріңізді Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Гауhар Қаспақова, Өмірқұл Айниязов бастаған сахна саңлақтары орындады. Олардың жолын қуып келе жатқан жоғарыда өзіңіз атаған ақтөбелік әншілермен шығармашылық тандем құру ойда бар ма? Олар композитор ағасын іздеп, әніңізді шырқауға ниет білдірді ме, болмаса өзіңіз ұсынып көрмедіңіз бе?

— Екі тараптан да ондай болмады. Мысалы, әншілер Ерке, Фархаттармен танысып, әңгімелесіп көрген адам емеспін. Сырттай білемін, жерлес ағасы ретінде тілекшімін. Олар да іздеп, ән сұрап әзірге келе қоймады. Дей тұрғанмен сіз айтып отырған бастама міндетті түрде болады деп ойлаймын. Мерейтойым жақындап келе жатыр, өзім әндерімді ұсынып, шығармашылық кешімде барлығының басын қоссам деймін.

—200-ден астам әннің авторысыз. Арасында әскери-патриоттық туындылар да бар. Солардың ішінен қайсысы жаныңызға ерекше жақын? Әндеріңіздің ең мықты орындаушысы кім деп санайсыз?

—Бақтияр Тайлақбаев, Өмірқұл Айниязов, Алтынай Жорабаева, Гауһар Қаспақова, Жанар Дұғалова, Дана Мәжитова сынды әншілер талай байқауларда менің әндерімді орындап, бас жүлделерді иемденген. Әсіресе «Жаса, Қазақстан», «Елім менің», «Елім» сияқты әндеріме ерекше көңілім толады.

Негізінен, мені композитор ретінде танытқан Роза Рымбаева ғой. Ресейлік «На-На» тобының да бұл тұрғыдан септігі тиді. Бір қызығы, қалың жұртшылыққа жеңіл деп жазған әндерім кеңінен танылды да, күрделі композицияларым соның көлеңкесінде қалғандай (күліп).

— Ән қалай жарыққа шығады? Алдағы уақытта қай тақырыпта ән жазғыңыз келеді? Жалпы, шығармашылық процесс туралы айтсаңыз?

— Композитордың басты міндеті — өмірдегі оқиғалардан алған әсерін әнмен жеткізу деп ойлаймын. Меніңше, бұл — Алладан даритын, қанмен берілетін қасиет. Мысалы, «Нұр бейнең» деген белгілі әнімді түсімде көрдім, ояна сала  қағазға түсірдім. Сол сияқты адамның жеке трагедиясынан, болмаса қуанышынан, жалпы қатты тебіреністен туған әндер өміршең болады деген ойдамын. Әрине, арасында тапсырыспен жазылатын әндер де кездеседі.

Әлеуметтік мәселелер туралы, халықтың мұңын жоқтайтын әндерді шығару ойда бар.

— Бірер жылдықта Ақтөбеден шыққан жазушы Бибігүл Иманғазинаға арнап «Бибі-ана» әнін шығарғаныңыздан хабардармыз. Туған жеріңізден шыққан тағы қай тұлғаларға ән арнауды армандайсыз?

— Халық Бибі-ана атап кеткен жерлес апайыма үш ән жаздым. Кеңес Одағының Батырлар Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметоваға арналған «Қос жұлдыз» деген әнім бар.

Армандаймын деуге келмес, бірақ Жұбановтар әулетіне, қазақтан шыққан тұңғыш биші Нұрсұлу Тапалова сынды тұлғаларға әннен ескерткіш тұрғызу ойда бар. Жалпы, өмірі әнге сұранып тұрған ақтөбеліктер аз емес қой. Сәті түссе, тыңдай жатарсыздар.

— Жалпы, өзіңізге ерекше әсер еткен, өміріңізде орны бөлек ән қайсы? Басқа біреу шығарса да, сүйіп тыңдайтын композиция болады ғой әр адамда…

— Даңқты композитор Кеңес Дүйсекеевтің «Жан анашым», «Туған жер» әндері ерекше ұнайды. Ал замандастарымнан Қуат Шілдебаевтың «Отан-Ана», «Жан ана», сондай-ақ Болат Қохамановтың «Айша бибі» әндерін қанша тыңдасам да жалықпаймын.

— Сұхбат соңында отбасыңызжөнінде бірауыз сөз…

— Дәурен мен Айымгүл деген балаларым бар. Зайыбымның есімі Таразы. Отбасымызбен Алматыда тұрамыз. Бірақ жұмыс барысымен осында жиі боламын.

Бұйыртса, екі жылдан соң 70 жасқа толамын. Сол мерейтойыма орай дайындықты бастап та кеттік. Үлкен шығармашылық кешімді бергім келеді.

Осы сәтті пайдаланып, мені дәйім іздейтін «Ақтөбе» газеті редакциясына, жерлестеріме дұғай сәлемімді жолдап, баршаңызға амандық тілегім келеді. Аспанымыз ашық, деніміз сау болсын!

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Бейбіт Оралұлы Бірімғазы 1955 жылы 2 маусым күні Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданына қарасты Ембі қаласында дүниеге келген. 

200-ден астам әннің авторы. «Нұр бейнең», «Ауылға», «Түркістан», «Боз жорға», «Аяулым», «Алғашқы көктем», «Сол бір кездер», «Сүйеді екем», т.б. әндері кеңінен тараған.

1997 жылы ҚР Президенті сыйлығына ие болды. 1999 жылы Халықаралық «Азия дауысы» байқауында «Ең үздік композитор» атағын алды. Әр жылдары өткен «Елім менің», «Тәуелсіздік толғауы» конкурстарының жеңімпазы.

«Боз жорға», «Сол бір кездер», «Мен сені баладым», «Жан анашым» жинақтары жарыққа шыққан.

«Құрмет» орденінің иегері, Ақтөбе облысы және Мұғалжар ауданының құрметті азаматы. Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі.

Қазір Ақтөбедегі Б.Оралұлы шығармашылық орталығының көркемдік жетекшісі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button