Жігіттің сұлтаны— Жүсіпбеков

Погон таққан полиция қызметкерлері арасында өнер десе ішер асын жерге қоятындар аз емес.
№2 қалалық жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы аға лейтенант Нұрдастан Жүсіпбеков 2019 жылы жігіт сұлтаны байқауының бас жүлдесін жеңіп алған. Поэзияға жаны құмар полицей жігіт өлең жазады. Гитарамен ән айтады. Ол 2020 жылғы Қазақстан КВН одағы Ақтөбе қаласы «Жайдарман» Премьер-Лига ойындарының чемпионы атаныпты.
Оның өнерге ғана емес спортқа да жаны құмар. Нұрдастан футболды жақсы ойнайды. Талай додаларда қарсылас қақпаға гол соғып, өз командасына жеңіс сыйлады. Өткен жылы облыстық полиция департаменті командасы құрамында жарысқа қатысып, қалалық футбол ойындарының чемпионы атанды.
Ішкі істер министрлігіне қарайтын М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының түлегі Нұрдастан Жүсіпбеков қазіргі қызметі жайлы бөліскен-ді:
— Учаскелік полиция инспекторының жұмысы — қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Өзің қызмет ететін әкімшілік аумақтағы тұрғындармен жақын қарым-қатынаста болу қызметіңді жеңілдетеді. Қай жерге барып қызмет істесең де, ең бірініші сол жердіңхалқымен тығыз байланыста болуың керек. Қоғамдық тәртіп — ортақ іс. Бұл қызметке келгелі 5 жылдай болды. Өз учаскемдегі ата-аналар, жастар, мектеп оқушыларымен жиі кездесіп, профлактикалық түсінік жұмыстарын жүргіземін. Біздің мақсат — жазалау немесе айыппұл салу емес. Бұзақылық, ұрлық, жанжал, қылмыстың алдын алу. Біз осындай жұмыстарды сол жердің тұрғындарымен бірлесе отырып атқарамыз, — дейді учаскелік полиция инспекторы.
Қай жерде де өзін жақсы қырынан көрсетіп, әріптестерінің алдынды сыйлы бола білген ол қызметін мінсіз атқарады. Оның бұл еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2021 жылы Ақтөбе қаласының үздік учаскелік полиция инспекторы ретінде облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.



