Мейірімді Мәриям

Әйтеке би ауданының полиция бөліміне келушілерді жылы жүзді Мәриямкүл апай үнемі күлімсіреп қарсы алады. Осы бөлімнің кеңсесінде 13 жылдам астам жетекші маман болып жұмыс жасайтын оны аудан тұрғындарының көбі Мәриям апай ретінде жақсы біледі.
Оның жұбайы Сәкен Құлмағамбетов те осы аудандық полиция бөлімінде 16 жыл қызмет еткен. Бүгінде кенже қызы Азиза да осында.
Мәриямкүл Құлмағамбетова мемлекеттік қызметінСұлукөл ауылы әкімдігінде бас маман болып бастап, 2010 жылдың 14 маусымында Әйтеке би ауданы полиция бөлімі кеңсесінің жетекші маманы болып қабылданған. Күнделікті жұмысында азаматтардан түсетін арыз-өтініштерді қабылдау, тіркеу, өтініштердің уақтылы қаралуын қадағалау, уақтылы жауап жолдау, басшылықтың азаматтарды қабылдауын ұйымдастырады. Оның еңбекқорлығын, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын жауапкершілігін әріптестерімен қатар, полиция бөліміне келуші азаматтар да жоғары бағалайды.
— Полиция бөліміне азаматтар көбіне басына түскен қиындықтардың шешімін іздеп келеді ғой. Алыстан келетіндер де бар. Оларды жақсы қарсы алуға, азаматтардан түскен әрбір өтініштің жауапсыз қалмауына ерекше мән беремін. Азаматтардан өтініш түссе, ол уақтылы қаралып, жауабы жолданғанша мазам болмайды. Үйге барғанда да соны ойлап жүремін. Өтініштері уақтылы шешілген азаматтардың алғысын естігенімде еңбегімнің бекер еместігін түсінемін, — дейді ол.
Әрине, полиция бөлімінде жұмыс тым қауырт. Иығына погон тақпаса да, Мариямкүл жеке уақытымен санаспай жұмыс жасауға әбден бейімделген. Өз жұмысын жауапкершілікпен атқарады. 13 жылдың ішінде бірде-бір рет еңбекке жарамсыздық парағын ашпаған, тәртіптік жазаға мүлде тартылмаған. Әріптестері оны ерекше сыйлап, құрметтейді. «Полиция бөлімін Мәриям апайсыз елестету мүмкін емес. Ол кісі болмаса,әбден қиналып қаламыз, ол бөлімнің жүрегіндей», —дейді әріптестері. Мариямкүл «Қазақстан полициясына 30 жыл» медалімен, Алғыс хаттармен бірнеше рет марапатталған суреті аудандық полиция бөлімінің Құрмет тақтасына ілулі тұр.
Ол әсемдікті жақсы көреді. Үйінде гүл өсіру, бау-бақша баптау, тігін тігу сияқты жұмыстармен айналысады. Бүгінде жұбайымен бірге 4 бала тәрбиелеп отыр.



