Футболшы Рахат

М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының түлегі, бүгінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып жүрген Рахат Бақтыберлиев — ұжымға былтыр келген жас маман.
— Рахаттың полиция бөліміне қызметке келгеніне бір жыл болды. Осы уақыт ішінде жоғары оқу орнында алған білімін қызмет барысында көрсете білді. Өз ісіне мұқият ол тапсырманы тыңғылықты орындап біраз тәжірибе жинап үлгерді. Рахаттың қызметтік көрсеткіштері жоғары. Өз міндетіне жауапкершілікпен қарайды,— дейді Шалқар аудандық полиция бөлімінің бастығы Ринат Сатаев.
Рахат — отбасындағы 3 ұлдың үлкені. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын алдымен өзі туып-өскен Шалқар қаласынан бастауды ұйғарған. Жұмыстан тыс уақытта қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Футболдан аудан мен облыстың бірнеше дүркін чемпионы.
— Мектеп бітіргеннен кейін Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне«Құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түстім. Бірақ бір жылдан кейін Малкеждар Бөкенбаев атындағы Заң институтына ауыстым. Бала кезімнен әскери адам болуды армандайтынмын. Қазіргі таңда ішкі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып жүргеніме қуанамын. Адамдар полиция қызметкерлерін өздерін қорғаушы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуге тиіс, — дейді полиция лейтенанты Р.Бақтыберлиев.
Оның айтуынша, учаскелік полиция инспекторы өзіне қарасты әкімшілік аумақтың тұрғындарын толықтай білуі керек.



