Өнегелі отбасы

Бір үйде екі «Мәдениет саласының үздігі» тұрады. Естіген бойда бірден қызығушылық танытуыңыз мүмкін. Өмірінің 30 жылға уақытын мәдениет саласына арнаған Мұратбек пен Манаргүлдің отбасына таныстары қызыға қарайды.
Жақсылықтың барлығы отбасынан басталады. Сондықтан отбасы — барша адамзатқа ең жақын, ең қасиетті ұғым. Ал осы бір қасиетті орынның керегесін кең, шаңырағын биік ұстап тұру ерге де, әйелге де байланысты. «Ақылды әйел — өз шаңырағының бақыты. Парасатты әйел — тұтас ұлттың бақыты» дегенді оқығанмын. Осы бір сөз Манаргүл Өтекешоваға арналып айтылғандай. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өнер және тарихи-мәдени мұраны дамыту бөлімінде еңбек ететін Манаргүл — жұмыста білікті қызметкер, ал үйде — ибалы келін, асыл жар, аяулы ана.
Жолдасы Мұратбек екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Қызы Ақнұр бүгінгі таңда терапевт-дәрігер болып еңбек етеді. Ұлы Санжар нағыз ер жігітке тән мамандықты таңдапты: Зауыттаметаллург.
Манаргүл 2012 жылы бауырынан айырылып, інісі Мансұрды қамқорлығына алған. Бүгінгі таңда Мансұр музыка мектебінің домбыра сыныбына барады. Өнерге жақын. Болашақта өздері секілді ел мәдениетінің дамуына үлес қосатын азамат боларына сенімді.



