Мереке

Ізгі қасиеттердің иесі

Хакім Абай: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, Алаш арысы Әлихан Бөкейханов:«Ұлтына, жұртына қызмет ету — білімнен емес, мінезден» деген екен.

Кәсіби мереке қарсаңында мемлекеттік қызметтегі өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген Серік Ермағамбетовтің елге қызмет етерлік мінезі де, білімі де сай.

Серік — Мұғалжар аудандық мәслихатының бас маманы. Жұртшылық оның жұмыстағы білімі, біліктілігімен қатар, отбасындағы рөлін көпке үлгі қылып айтып жүреді.

Баланың құлағына жастайынан «өскенде отбасының тірегі, қартайған ата-анаңның қорғаны боласың» деп құйып өсіретін халықпыз ғой. Қазақта әсіресе кенже ұлға жүктелер міндеттің салмағы ауырырақ. Серік те бала кезінен өзіне жүктелген міндетті сезініп ержетеді. Ол өзінің қара шаңырақтың иесі екенін бір сәтте есінен шығармағанын айтады.

Отбасын құратын шақта да болашақ жұбайы болатын Гүлданаға өзіндік талап-тілектерін айтыпты. Ата-ананың қадірін білетін Гүлдана ер азаматына  сертін берген.  Осылайша шаңырақ көтерген жастар бүгінде өз ортасының үлгі тұтар отбасына айналды. Екеуі — үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қара шаңырақта әкесі Нұрланмен бірге тұрады. Атасының балалары да тәртіпті оқушылар қатарында.

Өмір болған соң түрлі жағдайлар кездеседі. Кезінде Серіктің отбасында да орны толмас өкініш болды. Апа-жездесінің өмір жібі ерте үзіліп, арттарында кәмелет жасына толмаған Диас есімді жиені қалған еді.

Ағайын-туыс «енді қайтеді?» деп отырған шақта Серік азаматтық шешім қабылдап, жиенін өз қамқорлығына алып, бауырына басты. Бүгінде Диас 16 жасқа толды. Өзін «Серіктің баласымын» дейді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button