Мереке

Жүрегі жұмсақ жан

Мемлекеттік қызмет адамның кәсіби білімді, жауапкершілігі жоғары әрі білікті маман болуын талап етеді. Ең бастысы — өзгеге үлгі бола білуі қажет.

Бірақ адамның жағымды бейнесі оның тек кәсіби қасиеттерімен ғана шектелмейді. Қандай жағдайда да алдымен оның адамгершілігіне қараймыз.

Біз сөз қозғағалы отырған кейіпкеріміздің бойынан сол бір асыл қасиетті бірден байқайсыз. Кәсіби шеберлігі мен адамгершілігі ұштасқан Насима Жақсығалиевабадамшалықтарға жақсы таныс. Біреулері оны аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы ретінде білсе, енді біреулері сіңлісінің балаларын тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай бауырына басып өсірген мейірімді Насима ретінде таниды.

Танымайтын адамға да қол ұшын созып, көмек көрсетуге, қолдау жасауға дайын тұратын Насима өз туғанына келгенде қайдан қарап қалсын.Жазмыштан озмыш жоқ. Артынан ерген сіңлісі «келместің кемесіне мініп» кеткен соң, Насима өзін-өзі қолға алып, оның артында қалған балалары — Азамат пен Лаураны өз тәрбиесіне алады. Өзіне жүктелген міндеттің жүгі екі есеге артқанын сезген ол тек бір ғана нәрсені мақсат тұтты. Ол — бауырынан қалған екі баланы қатарынан қалдырмай, үлкен өмір жетегіне қосу.

Насима сол күнге адал еңбек пен маңдай тердің арқасында жеткенін айтады. Азамат оқуын аяқтап, мамандығы бойынша қызмет жасап жүр. Жақында үйленіп, өз алдына отбасын құрыпты. Ал бала күнінен бейнелеу өнерін жанына серік еткен Лаура — Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының студенті.

Екеуі де жаман бала болмады. Насиманың берген тәрбиесінің арқасында анасының мерейін көтерді.

Бар мейірім атауын бойына сыйдырған Насиманы кәсіби мерекесімен құттықтап, табыс тілейміз. Кезінде өзіңіз жалғаған жақсылықтың жібі ешқашан үзілмесін! 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button