Мереке

Ана мен бала жанашыры

Біздің кейіпкеріміз Қойсын Нұрғалиева — өңірге белгілі маммолог. Ол балалар дәрігері, облыстағы генетикалық зертхананың алғашқы зертханашы дәрігері болып қызмет еткен. Қазір Қойсын Айдынғалиқызы Ақтөбедегі перинаталды орталықта маммолог болып еңбек етеді. 

Ол 1994 жылы қазіргі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясының педиатрия бөлімін тәмамдады. Еңбек жолын сол жылы облыстық балалар ауруханасында балалар дәрігері болып бастады.

Облыста генетик-сарапшылар тапшы болып, мықты маман Қойсын Айдынғалиқызын облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы жолдамамен Семей медицина университетінің Павлодар қаласындағы филиалына біліктілігін жетілдіруге жібереді. Онда ол генетика зертханашысы бағыты бойынша білім алды. 2008 жылы Ақтөбедегі отбасын жоспарлау орталығының жанынан облыста алғаш рет қан арқылы ұрықтағы туабітті ақаулықты анықтайтын генетикалық зертхана ашылады.  Қойсын Айдынғалиқызы — осы зертхананың алғашқы генетик-зертханашы дәрігері.

— Туа бітті ақаулықтықтың алдын алу үшін зертханада Даун, Эдвартс синдромы қан арқылы анықталады. Мұның белгілері анықталса, бала бала дүниеге келгенде психологиялық ауытқулар болады. Ұрықты алдырып, алдырмауды ата-ананың өзі шешеді.

Зертханадағы фин аппаратының ұрықтағы ақауларды ерте бастан анықтауда пайдасы зор. Бұл апапарат әлі күнге дейін Ақтөбеде баламасы жоқтығымен ерекшеленеді. Сол кездің өзінде бұл жабдық 65 миллион теңгеге бағаланған болатын. Тексерулердің, талдамалардың бәрі мемлекеттің қолдауымен тегін жүргізіледі.

Облыста жаңа туған нәрестеге фенилкетонурия мен туабіткен гипотиреозға биохимиялық скрининг жасалады. Бұл аурулардың бар-жоғы нәресте дүниеге келген бастапқы 1-2 күнде өкшесінен қан алу арқылы анықталады. Бұл аурулар да осы фин аппараты арқылы зерттеледі.

Сол кездері жыл сайын дүниеге келген 16-18 мың баланың 10-нан астамынан аталған аурулар анықталатын. Фенилкетонурия мен туабіткен гипотиреозге сол анықталған кезден бастап тиісті ем тағайындалса, нәтижелі болады. Сол себепті ата-аналар уақыт өткізіп алмауы керек, — дейді Қойсын Нұрғалиева.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйытқы болуымен 2013 жылы Ақтөбеде ерлер денсаулығы, маммолог, көз орталықтары ашылды. Сол кезде облыста маммологтар тапшы болатын. Сөйтіп, Қойсын Айдынғалиқызы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясында маммолог мамандығы бойынша біліктілігін жетілдірді.

— Сүт безіне скрининг жасау арқылы жыл сайын 200-250 әйелден сүт безінің қатерлі ауруы анықталып жатыр. Сүт безі қатерлі ауруын анықтауға арналған скрининг алғаш рет 2015 жылдан бастап қолға алынды. Ол кезде скрининг 50-60 жастағы әйелдерге ғана жүргізілетін. Соңғы жылдары бұл ауруға шалдыққандар көбейіп, тіпті «жасарып» кетті. Қазірде сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандардың саны туберкулезбен ауратындардан кейінгі екінші орында тұр. 2020 жылдан  бастап скринингтің бұл түрі 40-70 жастағы әйелдерге жүргізіліп жатыр. Қатерлі ісіктің алдын алуда скринингтің пайдасы көп, — дейді маммолог Қойсын Нұрғалиева.

Ол Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

— Күн сайын көңіліндегі сан күдікпен алысқан көп әйел үлкен үмітпен маған тексерілуге келеді.  Халық ықыласына, ел ықыласына бөлену — ең үлкен құрмет, — дейді Қойсын Айдынғалиқызы.

Ол жолдасы Рай Молданиязұлы екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр. Рай Нұрғалиев  Ақтөбе қаласындағы Қызылжар мектебін басқарады, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Үлкен ұлы Аян Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетін тәмамдады. Кейін Мәскеу қаласындағы болат және қорытпалар институтының магистратурасын бітірді. Қазір Аян — Астана қалалық жастар мәслихатының депутаты, жеке кәсіпкер. Зайыбы Мира Балтабайқызы — экономист. Қазір Қытайдың Сиань қаласында магистратурада оқиды.

Кіші ұлы Ернар — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 4-курс студенті. Ол да биыл диплом алып, алғашқы еңбек жолын бастайды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button