Тарих

Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов: Ақтөбе жеріне туыстығы

Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов — бірін-бірі жан-жақты толықтырып тұратын тұлғалар, ұлттық ақыл-ой, санадағы қайталанбас ерекше құбылыс.

Біріншісі ақындық өнердің ғаламат құдіретін танытса, екіншісі әдеби-философиялық ойдың биік шыңы болатын, үшіншісі көркем сөздің хас шебері еді.

Үшеуі де Семей жеріндегі Шыңғыстаудың тумалары.

Ендеше, олардың Ақтөбе жеріне қандай туыстығы бар деген ой туындауы заңды. Бұл жерде, мәселе, Абайдың үшінші атасы, Шәкәрімнің төртінші атасы Ырғызбайға, Мұхтар Әуезовтің жиырма екінші атасы Бақшайышқа (Бақсайыс) келіп тіреледі.

Осы ретте алдымен, Ырғызбай жайына тоқталар болсақ, Мұхтар Әуезовтің ертеректегі жазылған «Абайдың туысы мен өмірі» атты  мақаласына иек артамыз. Бұл мақала кезінде Мұхтар Әуезовке «ескішіл», «рушыл», «ұлтшыл» деп жала жабылып, қудаланып түрмеге қамалғаннан кейін, жылы жабылып, қолданыстан тыс қалған болатын.

Одан кейін Мұхтар Әуезов Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайында басқа үш нұсқадағы мақалаларын жазды. «Абай Құнанбаев» атты монографиялық зерттеу еңбегі жарыққа шықты. Бұлардың бәрінде оның тұңғыш мақаласындағы Абайдың ата-тегі туралы деректер түсіп қалды. Дегенмен жазушылық шығармашылығында ол бұл мәселеге астарлап болса да бара білді.

Бүгінгі күні Мұхтар Әуезовтің жаңадан шығып жатқан шығармаларының елу  томдық толық жинағының сегізінші томындағы жоғарыда аталған «Абайдың туысы мен өмірі» туралы мақаласына арнайы тоқталар болсақ, онда «Абайдың үшінші атасы — Ырғызбай Айдосұлы (1744-1785). Тобықтылар қалмақ-қазақ соғысында қоныс аударып біраз жыл Ырғыз өзені бойын жайлаған. Ырғызбай сол өзеннің жағасында туғандықтан атын Ырғызбай деп қойған» — деген тарихи дерекке куә боламыз. Шәкәрім де «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітабында Ырғызбай өзінің төртінші атасы екенін жазады.

Сонымен Абайдың үшінші атасы, Шәкәрімнің төртінші атасы, Ақтөбе жерінің тумасы —  Ырғызбай кім, қандай адам болған? — деген  сұраққа жауап беріп көрейік.

Абайдың «шынжыр балақ шұбар төс» балуан атанған үшінші атасы Ырғызбай  туралы оның тұңғыш шығармалар жинағын (1909 жыл) бастырып, ең алғашқы өмірбаянын жазған, ақынның немере інісі Кәкітай Ысқақұлы мынадай мәліметті береді: «Абайдың үлкен атасы Ырғызбай 1750 жыл шамасында Ырғыз деген өзеннің бойында туған екен. Халқының қолбасшы батыры һәм биі екен».

Бұл жөнінде М.Әуезов Кәкітай Ысқақұлының осы дерегіне сүйене келіп, жоғарыда аталған мақаласында «Абайдың үшінші атасы осы Ырғызбай» деп ашық жазады. «Бұл кісі 1750 жылдарда Ақтабан шұбырындыдан кейін Арқаға ауған жолда Ырғыз өзенінің жағасында туғандықтан соның атымен аталыпты» —  дейді. (Мұхтар Әуезов шығармаларының 50 томдық толық жинағы 8-том, 46 б.). Бірақ Ырғызбайдың Шәкәрімге қатысын Әуезов жаза алмады. Себебі ол кезде Шәкәрімнің өзі де, шығармалары да жабық жатты.

Ырғызбайдың кім екендігін оның анасы Айпараның төрт ұлына берген Мұхтар Әуезовтің мәлімдемесіндегі мына бір төрт жол өлеңнен де көруге болады:

Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,

Тоқпақ жалды, торы бел Көтібағым.

Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым,

Сірә да, оңбас Торғайым.

Мұнда Ырғызбайдың өзге туыстарынан ерекше озық тұрғанын көреміз. Шәкәрім өзінің «Шежіре» кітабында: «Ырғызбай — біздің төртінші атамыз, һәм Абылай ханмен жолдас болған» деп жазады. Бұған қарағанда, Ырғызбай өз тұсындағы қазақтың басынан өткен ірі оқиғаларға араласқан, қалың жұртқа танымал қабырғалы би болған.

Ел естелігінде Ырғыздың тумасы Ырғызбай Ақтабан шұбырындыда ауған руын осы жақтан Шыңғыстауға бастап алып барған батыр адам болған.

Ырғызбай туралы соңғы бір келтірер дерек: жазушы М.Әуезовтің елу томдық толық шығармалары жинағының жиырма төртінші томында ол туралы былай баяндалады: «Көп жастар Ырғызбай деген ру атын білгені болмаса, дәл осы жұрт Ырғызбайдың өзі немен даңқты болғанын білмейтін. Ал мынау білгір, айтқыш келін Оспанды мақтау үшін оның балуандық батырлығын айтады. Соны арғы тектен келе жатқан ата қасиеті етіп көтере сөйлейді. Осындайда Ырғызбайдың жас кезінде «түйе балуан» болғанын жыр етеді. Қазақ пен Қоқан болып кездескен Ташкентте бір бас балуанға түсіп, Қоқанның қоңыраулы балуанын жығып, бесік жамбы алғанын» айтады.

Осы деректер Абай мен Шәкәрімнің арғы аталарының Ақтөбе жеріне қатыстылығы жөніндегі тақырыпты ашық, айқын түрде алға тартады. Бұл — тарихшылар мен әдебиетшілердің әр уақытта назарында болатын өзекті мәселе.

Енді Мұхтар Әуезовтің жиырма екінші атасы Бақшайышқа (Бақсайыс әулиеге) келер болсақ, жазушы 1928 жылы Смағұл Садуақасовқа берген «Өз жайымнан мағлұмат» деген дерегінде: «Мен 1897 жылы қыркүйектің 15-де туыппын. Туған жерім Семей уезіне қараған Шыңғыс болысы. Менің аталарым Қожа. Қожа —қазаққа ежелден сіңісті атау. Қожа деп Мұхамед пайғамбардың сүйікті қызы Фатима (қазақ фольклорында Бибі Фатима) мен оның күйеу баласы, әрі немере інісі Хазіреті Әлиден өрбіген ұрпақты айтамыз» — деп мәлімдеме береді. Жоғарыда аталған Хазіреті Әли оның қырық бесінші атасы.

Әрі қарай, тағы да Әуезов естелігіне зер салсақ: «Үлкен әкемнің үйінде сақталған қожалар шежіресін бала кезде бір көргенімде біздің қожалардың арғы атасы Бақсайыс дейді» — деп жазады. Жуықта жарық көрген Сейітомар Саттаровтың «Мұхтар Әуезовтің ата-тегі» кітабы бойынша тарқатып айтсақ, ол былайша: Мұхтар — Омархан, Әуезхан, Бердіқожа, Абиби-қожа, Абд ал-Хайм шайх (Аблахай шайх) Аллаберді шайх, Кули шайх, Абд-и Мумин, Раззақ қожа, Ибрахим, Абд-и Жамил, Абд-и Рахим Қожа, Арыстан қожа, Мұса қожа, Қасым қожа, Исмаил шайх, Қожа Мұхаммед, Наср ад-дин шайх, Камал ад-дин шайх – Бақшайыш (Бақсайыс). Ары қарай: Жамал ад-дин шайх, Ала ад-дин шайх, Мухий-д-дин шайх, Абд ал Али, Қожа Мұхамед Данышпан, Садр шайх, Ибраһим Ата, Ифтихар шайх, Махмуд шайх, Усман шайх, Хусайн шайх, Омар шайх, Мумин шайх, Харум шайх, Исқақ Баб, Абд ар-Рахман, Абд ул – Жаббар, Абд ул – сузаттах, Мухамед Ханафия, Хазіреті Әли.

«Мұхтар Әуезовтің ата-тегі» кітабында сондай-ақ: Ырғыз   өзенінің  бір   саласы Бақшайыш өзені деп аталатынын, өзеннің бойында бір әзіз адамның моласы болғанын, тамның кірпіштері мен тастарын кеңестік әпербақан заманда талап алғанын, моланың осы күні де жұрт келетін қасиетті жай екенін жазады. Бұл жайт «Бақшайыш баба хан ордасымен бірге көшіп жүрген, Ырғыз бойында жайлауы болған» деген дерекке жетелейді. Одан ары қарай автор жерлесіміз   Рысжан   Ілиясованың   «Дала   тұнған   шежіре»   кітабындағы Бақсайыс баба туралы деректерге көбірек иек артады. Онда Бақсайыс әулие туралы мынадай мәлімет бар екен:

«Ертеде үш өзеннің суы тасығанда ортада қалатын төбе Аралтөбе атаныпты. Бір кездері «Қызыл жұлдыз» совхозы атанғанымен, кейін өзеннің атауын қайта иемденді. Осы жерде Бақсайыс әулиенің қорымы және осы аттас өзен бар. Ол Ырғызға келіп құяды. Бақсайыс әулие діни ғұлама, оқымысты кісі болыпты. Дүние салғанда осы жерге жерлеуді тапсырыпты» — делінген. (Р.Ілиясова «Дала тұнған шежіре». Алматы, «Зерде», 2007. 50-54 б.б.).

Одан әрі Бақсайыс Дешті қыпшақ халқына ислам дінін таратушылардың көрнекті өкілдерінің бірі болғандығы, ел ішінде Бақсайыс әулие туралы көптеген аңыз-әңгімелер сақталғандығы туралы құнды деректер берілген.

Кешегі кеңес кезеңінде Абай мен Мұхтар Әуезовтің ата-тегі мәселесі «тиіп-қашты» ғана сөз болып келді. Шәкәрімге келсек, оның өмірі мен шығармашылығы мүлде жабық жатты. Тәуелсіздікке қол жеткен жылдар ішінде ғана Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылықтарын тұтастай жаңа көзқараспен қарап, қайта тануға мол мүмкіншіліктер туды.

Ұлы даналардың туған жері Семейдің жоғары оқу орындарында олардың өмірі мен шығармашылығын студенттер мен магистранттарға жаңа көзқараспен қайта танытып оқытуда, ғылыми зерттеу бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны бізге мәлім. Ондай үлкен аумақта болмағанмен ұлы ғұламалардың ата-бабаларының бірінің кіндік қаны тамып, бірі мәңгілікке тыныс тапқан киелі мекен Ақтөбе жерінде де ізгі істер атқарылып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Бұл ретте біздің Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде көп жылдан бері абайтану зертханасы жұмыс жасайды. Абай мен Шәкәрімнің және Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылықтарының ақтаңдақ беттері тақырыбында жыл сайын дипломдық жұмыстар жазылып, магистрлік диссертациялар қорғалып жатыр. «Қазақ филологиясы», «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтары бойынша «Әуезов жөне фольклор», «Абайтанудың, шәкәрімтанудың және әуезовтанудың беймәлім беттері» тақырыптарында арнаулы пәндер оқытылады.

Алдағы оқу жылында аталған мамандықтарға арналып «Абай, Шәкәрім, Әуезов дәрістері» атты жаңа пән енгізілмек. Оның оқулығы жазылып, бағдарламасы жасалып, баспаға ұсынылды. Абай, Шәкәрім, Әуезов тағылымы аясында болашақта да осындай ізгі істер атқарыла бермек.

Әдебиет МОЛДАХАНОВ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button