Мәдениет

Батырлар  рухына тағзым

Шалқарда  Сары Батақұлы атындағы мәдениет үйінде Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдығына орай ғұламаныңТүркістандағы кесенесінде жатқан қазақтың қос батыры Тілеу Айтұлы мен Жолдыаяқ Тілеуұлының ерлігін насихаттауға  арналған облыстық конференция өтті.

Шара басталмас бұрынжиналғандар  батырдың ұрпағы Әтенбек бабаныңбасына барып Құран бағыштады. Бұдан кейін Мәдениет үйінде облыстық конференция басталды. Аудандық тарихи-өлкетану музейікөрме ұйымдастырды. Жиынға келген қонақтар алдымен көрмені тамашалап, қазақтың ұлттық сусындарынан дәм татты. Конференцияның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Ақшолақов аталған іс-шараның жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесінің зор екенін айтты.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев іс-шараға онлайн режимінде қосылып «Сайрам шайқасы — тарихи тағылым» тақырыбында  баяндама жасаса,  профессор, физика-математика ғылымдарының докторы  Жайшылық Сартабанов «Өткенге тағзым — өнегелік белгісі», ал филология ғылымының докторы, академик Жұбаназар Асанов «Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген  Шалқарымның хас батырлары» тақырыптарында ой толғады.

Жоңғарлардың қазақ жеріне жасаған жорықтарының бірі — 1681-1684 жылдардағы Сайрам соғысы. Жоңғар қоңтайшысы Халдан еліміздің оңтүстік өңіріне бірнеше рет шабуыл жасап,Шудан, Таластан асып, Арысқа жетті. Қазақтың қалың  ортасына кiріп, Сайрам қаласына келiп, маңдай тiредi. Осылайша  Қазақ Ордасының астанасы  Түркiстанды басып алуды жоспарлады.

Ал бұл әз Тәукенің хан сайланған уақытымен тұспа-тұс келді. Жұбаназар Асановтың айтуынша, Сайрам соғысы — Қазақтың Отан соғысы.

—Кеңес үкіметінің кезінде Сайрам соғысы туралы көп жазылмады. 1949-50 жылдардағы ресми тарихта ғана қысқа айтылып өтті. Мұздай қаруланған қалмақтар Жетісуды, Шуды, Арысты басып алды. Жерді қорғау үшін қазақтар Сайрамға жақын Түркістан қаласына жиналды. Үш жыл бойы Сайрамды жау қолына бермеді. Бірақ қалмақтар қаланы алды. Дегенмен әлсіреген жау Түркістанды ала алмады. Егер қазақ батырлары тізе қосып, жауға қарсы тұрмағанда ақтабан шұбырынды сол кезде басталып кететін еді, — деді Жұбаназар Асанов.

Сайрамға Алшынның Әлім Шөмен аталығы мен он екі ата Байұлынан және Жетірудан жасақталған қалың қолды би, батыр, қолбасшы Тілеу Айтұлы бастап барды. Қасына баласы Жолдыаяқ батыр мен інісі Қалдыбайды ертеді. Осылайша тарихта «қанды қырғын» атанған соғысқа кірді.

—Алты әлімнің бір аталығы — Жаманақ.  Одан Шекті тарайды. Ал оның бір аталығы — Тілеу-Қабақ. Тілеу Айтұлы — тек біздің өңірдің ғана емес,қазақтың батыры. Тәуке ханның шақыруымен батыр бабамыз ұлы мен інісін ертіп, қазақтың рухани астанасы Түркістанды жаудан қорғауға аттанады. Үш жылға созылған соғыстың ақырғы шайқасында Тілеу атамыз қайтыс болады. Атамыздың сүйегін жау қолына тастамаймыз деген Жолдыаяқ пен Қалдыбай батырдың сүйегін қалмақтардың қолынан алып шығады.Сол кезде Жолдыаяқ атамыз жараланады. Тілеу мен Жолдыаяқты Тәуке ханның жарлығымен ақ киізге орап, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлейді. Қос батырдың есімі сол жақтағы Құрмет тақтасына жазылды, — деді шараны ұйымдастырушының бірі, батырдың ұрпағы Қайырбай Оразаев.

Жердің тұтастығы мен халқының бірлігі жолында күрескен қос батырдың ерлігін ұрпақтары ұлықтап жатыр. 2000 жылы Түркістанда қос батырға көше атауы берілді. Қазақ хандығының 550 жылдығында Ақтөбе қаласында Тілеу батырдың ескерткіші бой көтерді. Шымкент қаласының көрікті жерлерінің бірінде  Тілеу мен Жолдыаяқ батырға ескерткіш орнатылды.

Жиында батырдың ұрпағы, «Жолдыаяқ» қорының төрағасы, Шалқар, Ырғыз аудандарының құрметті азаматы Жеткерген Елемесов бұндай шараның жас ұрпақты елін, жерін сүюге тәрбиелеуде маңызы зор екенін айтты.

—Уақыты келгенде тарих қойнауындағы барлық дүние ашылады. Батыр ұлдарын  ел насихаттап жатыр. 1680 жылы Түркiстанда Тәукенi ақ киiзге салып хан көтергенде, Тілеу атамыз хан сайлауына қатысқан.Сайрамға 17 мың қолды бастап барған.Тілеу батыр секілді ұлттық батырлардыжастар неғұрлым тереңірек тануы керек, — деді Жеткерген ақсақал.

Сондай-ақ батыр ұрпақтарының демеушілігімен осы іс-шараның аясында әлеуметтік аз қамтылған он отбасының баласы мен екі мұғалім Түркістан қаласына  тегін саяхат жасайды. Тілеу мен Жолдыаяқ батырлардың кесенелеріне тәу етеді.  Мүмкіндігі шектеулі балалардың орталығына арнайы сыйлықтар беріледі. Жеткерген Елемесов Тілеу батыр мен  Жолдыаяқ батыр атындағы қорлардың жұмыс істеп жатқанын, қайырымдылық шаралары бұнымен тоқтап қалмайтынын айтты.

Шараның соңында жергілікті өнерпаздар жырдан шашу шашты. Тілеу батырдың ұрпағы ақын, шайыр Сарышолақ Боранбайұлы туралы жұртшылыққа құнды мәліметтерді айтылды.

Жиыннан соң батырлардың ұрпақтары ас берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button