Денсаулық

Әлеуметтік медициналық сақтандыру ққорына қалай хабарласамыз?

Биылғы бастапқы үш айда облыста өлім-жітім көрсеткіші 17 пайызға азайды.

Облыс халқының 84,5 пайызы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің көмегіне жүгіне алады.
Бұл жөнінде жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының І тоқсандағы жұмысын қорытындылау үшін ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында айтылды.
Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ-ның облыстық филиалының директоры Алтай Оразбағамбетов қатысты.
Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, биылғы І тоқсанда облыста жүрек-қан ауруларынан, қатерлі ісіктен және тыныс алу жүйесінің ауруларынан болатын өлім-жітім едәуір азайған. Туберкулез ауруы бойынша өлім-жітім 95 пайызға төмендеген. Ал туу көрсеткіші өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бір деңгейде сақталған.
— Соған байланысты халықтың табиғи өсімінің көрсеткіші өсті. Бұрын бұл көрсеткіш мың адамға шаққанда 12,84 болса, қазір — 14,04, — деді Бекболат Ізбасаров.
Ал филиал директоры Алтай Оразбағамбетовтің айтуынша, облыста 768 мыңнан астам адам әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен көмек ала алады, бұл — барлық тұрғындардың 84,5 пайызы. Өкінішке қарай, 140,9 мың адам қор көмегіне жүгіне алмайды.
Биыл облыста медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру жүйесі шеңберіндегі қызметтерді көрсетуге 84 денсаулық сақтау субъектісімен келісімшарттар жасалған. Оның 43 пайызы — мемлекет меншігіндегі, 57 пайызы — жеке меншіктегі мекемелер.
2023 жылдың бастапқы үш айында тәуліктік және күндізгі стационар жағдайында 54, 1 мың науқас емделген. Олардың еміне 10,5 миллиард теңге қаржы бөлінген.
Қор азаматтарға кеңес беру, олардың өтініштерін қабылдау үшін арнайы қызмет ашқан, оның нөмірі — 1414. Бұл нөмір операторлары сағат 9.00-ден 21.00-ге дейінгі аралықта қоңырауларды қабылдап, кеңес беру бағытындағы сұрақтарға жауап береді. Басқа өтініштер бойынша қоңыраулар әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен медициналық ұйымдардың өкілдеріне жалғайтын екінші және үшінші жолдарға ауыстырылады.
Сондай-ақ қордың Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, fms.kz ресми сайты немесе telegram-дағы @SaqtandyrýBot сияқты баламалы байланыс арналары да бар.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button