Мереке

Табиғат жанашырлары марапатталды

Мереке

5 маусым — Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Ақтөбе қаласындағы «Шығармашылық академиясы» ғимаратында бір топ эколог марапатталды.

Елімізде табиғатты қорғау және экологиялық ахуалды жақсарту мәселелеріне ерекше маңыз берілетінін айтқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов «2020-2024 жылдарға арналған Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсарту бойынша «Жол картасының» бекітілгенін атап өтті. Артынша осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Қазіргі таңда облыс әкімдігі мен ERG компаниясы арасында 85 миллиардтеңгеге өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Нәтижесінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №1 және 2 цехтардың газ тазарту құрылыстарын жаңғырту жолымен тазалау дәрежесі кемінде 99,9 пайыз болатын шығарындылар азаяды деп күтілуде.№2 цехта жаңғырту аяқталды. Кәдеге жарату станциясын салу және №1 балқыту цехының пештерін жаңғырту да жоспарланып отыр.

Ал Ақтөбе хром қосындылары зауытына электр және жең сүзгісі орнатылды, бұл шығарындыларды 63 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.Шығарылатын газдарды  тазарту жүйелерін жаңғырту және ауыстыру есебінен өндірістегі шығарындылардың жалпы төмендеуі 19 пайыз болды.

Сондай-ақ Ақтөбе жылу-электр орталығы бойынша кәдеге жарату қазаны бар газ турбиналы қондырғы іске қосылды. Мұндай технологияны қолданған кезде азот оксидтерінің шығарындылары азаяды.Жақын арада жаңа кәріз тазарту құрылыстарын салуды жоспарлап отырмыз.

Еліміздің экологиясын сақтап, жаңғырту жолында табанды еңбек етіп келе жатқан азаматтар қандай құрметке де лайық. Себебіқоршаған ортаны қорғау —ел қауіпсіздігінің кепілі. Жалпы, табиғатты аялау — әрқайсысымыздың міндетіміз. Сондықтан ақтөбеліктерді қоршаған ортаға ұқыпты қарап, оны қорғаушыларға қолдау көрсетуге, жұмыстарын дұрыс бағалауға шақырамын.

Кәсіби мерекелеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Істеріңіз оңға басып, әр қадамыңыздың қарымды болуына, қоғам алдында абыройыңыздың арта беруіне тілектеспін, — деген облыс әкімі бір топ сала маманына Алғыс хат табыстады.

Сондай-ақ мерекелік шара барысында облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов 20-дан астам қызметкерге Алғыс хат тапсырып, құрмет көрсетті.

Салтанатты жиын ақтөбелік өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button