Мереке

Рәміздерге арналған байқау

4 маусым — Мемлекеттік Рәміздер күнінде Тұңғыш Президент атындағы саябақ сахнасының артындағы алаңда «Менің Қазақстаным — Менің Рәміздерім» атты кондитерлердің шығармашылық байқауы өтті.
Байқауға қатысқан 40 кондитер-маман төрешілер назарына патриоттық тақырыпта дайындап әкелген торт, печенье секілді кондитерлік өнімдерін ұсынды. Шеберліктерін сынға салған кондитерлердің өнімдерін Рәміздерге, патриоттық тақырыпқа арнапты.
— Мұндай шарада тек шеберлік қана емес, шын мәнінде патриоттық, отансүйгіштік сезімдері де сайысқа түседі. Байқауға көпбалалы аналар, жастар, орта буын өкілдерінің қатысқанын көріп тұрмын. Сіздердің әрқайсыңыз ел Тәуелсіздігінің символы болған Мемлекеттік Рәміздерді насихаттап, жастарға үлгі көрсетіп отырсыздар. Сол себепті мен байқауға қатысушыларға және креативті байқауды ұйымдастырушыларға, комиссия мүшелеріне алғыс айтамын. Мұндай шаралар көпке үлгі бола берсін! Мереке баршамызға құтты болсын! — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов. Одан соң жеңімпаздарға жүлде тапсырды. Байқауда төрешілер назары «Күн шуақты Қазақстан» деп аталатын тортқа түсті, кондитер бұл өнімді күннің шуағы секілді бейнелепті. Осы өнімімен 40 кондитердің арасында топ жарған көпбалалы Арайлым Молдағалиева жеңіске жетті. Жеңімпазға робот-шаңсорғыш табысталды. Арайлым 2021 жылы қалалық жұмыспен қамту орталығынан берілетін 1 миллион 225 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болғанын, сол қаражатқа кондитерге қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін бастағанын айтты.
Екінші орынға Айнұр Дүйсенбаева мен Айнұр Өтесінова ие болды, оларға «Braun» араластырғышы берілді. Ал үшінші орынды Лаура Құмарова мен Балсұлу Қайырбекова иеленді, жүлдегерлерге электр самаурын табыс етілді. Жүлдеге ие болмаған қатысушылар да ынталандыру сыйлықтарымен марапаталды.

Aйнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button