Мереке

«Патшалар» мерекесі

Біздің облыста 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнім ерекесі кең көлемде тойланды. Өңірдің барлық елдімекенінде балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін шығармашылық ұжымдардың қойылымдары, түрлі конкурстар, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ облыс орталығының 7 алаңында мерекелік шара өтті. Басты шара облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақта тойланды. «Бақытты бала» шарасы барысында облыс әкімі ЕралыТоғжанов республикалық пәндік олимпиадада облыс намысын қорғаған  32 дарынды оқушыны марапаттады.

Орталық саябаққа таңертең ертемен халық көп жиналды: немерелерімен келген ата-әже, балапандарын ертіп келген ата-ана көп болды. Бәрінің жүзінде нұр шашқан, көңілдері шат.

Жиында алдымен сөз алған Ералы Тоғжанов балаларды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Бүгінгі жас ұрпақ — еліміздің ертеңгі күнге деген үміті. Бұл мереке ата-аналар үшін де, мемлекет үшін де үлкен маңызға ие. Облыста 200 мыңнан астам бала бар. Сіздер лайықты тәрбие алсын, ұлттық тамырынан ажырамасын, заманға бейім болсын, бос уақытын пайдалы өткізсін, қажетті ем-домын еш кедергісіз алсын, арман-қиялының шындыққа айналарына сенсін деген мақсатпен өңірде қаншама ауқымды шаралар атқарылып жатыр, болашақта да жалғасын таба бермек. 

Өңір басшысы ретінде әрдайым балаларға арналған жобаларға қолдау көрсетіп, армандарыңыздың орындалуына жағдай жасап  келемін. Менің сіздерге артар үмітім зор және ертеңгі күні облысымыз бен мемлекетіміздің атын шығаратын, елге танытатын азаматтар боласыздар деп сенім білдіремін, — деп атап өтті облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы.

Бұдан кейін өңір әкімі республикалық пәндік олимпиаданың 32 жеңімпазына Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыстап, білім шыңын бағындыру жолында сәттілік тіледі.

Айта кету керек, 2022-2023 оқу жылында жалпы  білім беретін пәндер бойынша 9,11-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне біздің облыстан 73 бала қатысты (жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша — 39, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша — 34 оқушы).  Олимпиада қорытындысында    облыс қоржынына 8 алтын, 9 күміс, 15 қола медаль түсті. Сондай-ақ 5 оқушы Мақтау қағазымен марапатталды. Басты білім бәйгесінің нәтижесінде біздің облыстың оқушылары командалық есеп бойынша ІІІ орын алып, республика бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда» атағына ие болды.

— Мемлекет тарапынан балалардың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Оған бір ғана мысал, балаларға қуаныш сыйлау мақсатында ұйымдастырылып жатқан бүгінгі шараны айтсақ та болады. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың марапатына ие болу бізге үлкен жауапкершілік жүктейді әрі қанаттандырады.

Бізді биік мақсаттарға жетелеген ұстаздарымыздың үлкен еңбегі мен қолдауына ризашылығымды білдіремін. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жетекшім — тарих пәнінің мұғалімі, облыстың үздік педагогі Роза Алматоваға алғыс айтамын. Сондай-ақ «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының жанындағы «Жалын» олимпиадалық дайындық мектебінде бізді сайысқа даярлаған Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы Нұргүл Еркінқызына рақмет айтқым келеді.

Біздің лицей-интернат республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңі бойынша 1-орын иеленді. Республикалық олимпиадада 5 оқушы бақ сынадық. Нәтижесінде 3 оқушы жүлделі орындарға ие болып, бір бала Мақтау қағазымен марапатталды. Құқық негіздері пәні бойынша сыныптасым Махаббат Мұсабаева екеуміз ІІ орын алып, күміс медальға ие болдық, — деді М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаттың 10-сынып оқушысы Даниал Әбдібек.

Шара барысында облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы бастаған топ «Ғажайып Ақтөбе» көрме-жәрмеңкесін (балалардың қолөнер бұйымдары), ашық аспан астындағы хайуанаттар бағын (Жас натуралистер стансасының көрмесі), қала сыртындағы лагерьлер жәрмеңкесін аралады. «Ғажайып Ақтөбе» көрмесіндегі оқушылардың шығармашылығымен егжей-тегжей танысқан Ералы Лұқпанұлы үштік одақтың — мұғалім, ата-ана, оқушының — қарым-қатынасына, өзара ынтымақта, бірлікте жұмыс жасап жатқанына риза болды.

Ұлт болашағын тәрбиелеу — ортақ іс. Бір үйдің ғана емес, елдің азаматын тәрбиелеу, оларға лайықты қамқорлық көрсету — біздің ортақ міндет, — деді Ералы Тоғжанов.

Біздің мектепте мұғалім, ата-ана, оқушы арасында тығыз қарым-қатынас орнатылған. Мысалы, қыркүйек айынан бастап Ақтөбе қаласындағы №78 мектеп-гимназиясында мектеп директорыЖанар Есенқосқызының бастамасымен «Іскер ана, икемді қыз» атты жоба қолға алынды. Жоба аясында қыз балаларға 7 бағыт бойынша үйірме ашылды. Онда оқушыларға 7 ата-ана қолөнер, іс тігу, бет әрлеу, тамақ пісіруді үйретеді. Жобаға 6-10 сыныпта оқитын131 оқушы қатысады, — дейді ата-ана Қарлығаш Есбергенқызы.

Сонымен қатар «Бақытты бала» шарасы аясында «Жас жол инспекторы» қалашығында «Абайлаңыз, балалар!» және «Балалар арасында тұрмыстық жарақаттың алдын алу, жарақат алған кезде алғашқы медициналық көмек көрсету» практикалық көрсетілімдері өткізілді.

Жалпы өңірде мерекеге арналған іс-шаралар 30 мамырдан бастау алды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button