Мереке

Кішкентай емделушілерге сыйлықтар табысталды

Халықаралық балаларды қорғау күнінде облыс әкімі ЕралыТоғжанов облыстық көпбейінді балалар ауруханасында болып, медициналық мекеме бөлімшелерінің жұмысымен танысты.

Көпбейінді балалар ауруханасы заманауи емдеу-диагностикалық кешенімен жабдықталған. Мұнда компьютерлік томография, хирургиялық операциялар жасауға арналған бейне эндоскопиялық кешен және тағы басқамедициналық құрал-жабдықтар орнатылған.

Аталған медициналық аппараттар ең заманауи нейрохирургиялық операциялар мен жаңа туған нәрестелердегі туа біткен ақауларға арналған операцияларды жасауға мүмкіндік береді. Кішкентай емделушілер үшін дәретханалары мен жуынуға арналған бөлмелері бар жеке палаталар қарастырылған.

2023 жылдың наурыз айынан бастап жаңа консультативтік-диагностикалық, неврологиялық және 15 орындық онкогематология бөлімшелері жұмыс істейтін бас ғимаратқа жалғай салынған қосымша корпус пайдалануға берілді.

Дәрігерлер облыс әкіміне онкогематологиялық аурулармен ауыратын балаларды ауруханаға жатқызуда мәселелердің жоқтығын, оларды емдеуге төсек-орын жеткілікті екенін айтты.

Өңір басшысы балалардың ата-аналарымен әңгімелесіп, балаларды қорғау күнімен құттықтады.

— Жаздың бірінші күніне сәйкес келетін мерекені барлық бала тағатсыздана күтеді. Ата-ана үшін ең басты мақсат — дені сау және білімді ұрпақ тәрбиелеу. Әрқайсысыңызға бақытты балалық шақ, мықты денсаулық және оқуда озат болуды тілеймін! Біз сендердің жан-жақты дамып, таланттарың мен қабілеттеріңді толықтай ашуға барлық жағдайды жасаймыз және бұл үшін  қажетті қолдауды көрсетеміз,—  деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ Балаларды қорғау күніне орай кішкентай ақтөбеліктерге сыйлықтар табысталды.

А.МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button