Мереке

Керемет күн

1 маусым —  Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақтөбе қаласында Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта 5 жасқа дейінгі балалар арасында сайыс өтті. Бұл шараны қалалық Мәдениет үйі ұйымдастырды.

«Кіл жүйрікте — кім жүйрік?» атты балбөбектер арасында болған жарыс қызықты болды. Еңбектеу жарысына 6-18 айлық балалар қатыстырылды. Ойынның шарты бойынша кішкентай балаларды ата-аналары түрлі ойыншықтармен алдарқатып, 10 метрге дейін еңбектеп жарыстырады. Баланы ұстауға, демеуге, көтеруге болмайды. Қолына ойыншықтар ұстаған анасы немесе әкесі баланы шақырып, артқа қарай жылжи береді. Кімнің баласы тез еңбектеп мәре сызығынан бірінші өтсе, сол  жеңіпмаз атанады. Жарысқа қатысушылардың саны көп болғандықтан 10 баладан 7 рет өткізіп, 1-орын анықталды. Финалға әр айналымда бірінші орын алған балалар ғана шықты. Финалға шыққан 7 баланың ішінен 1,2,3-орындарға қомақты сыйлықтар тігілді. Ал еңбектеу жарысына қатысқан 70 баланың барлығына «Капитан  бриг» ойын алаңына сертификаттар берілді.

Балалар күніне орай еңбектеуден болатын жарысты әлеуметтік желілердегі хабарландырулардан оқып, тіркелдім. Ұйымдастырушылардың айтуынша, екі-ақ орын қалған екен. Соның бірі боп іліккен ұлым 1-орын алды. Финалда орын алмаса да, осының өзі біз үшін керемет қызық болды. Кішкентай нәрестелердің ойынын тамашалап, қылықтарына сүйсіндік. Кейбір балалар басқа ата-аналардың ойыншығына бұрылып кетіп жатты. Бұл ойын бәрімізге тамаша көңіл күй сыйлады. Осындай қызықты жарысты ұйымдастырушыларға ризашылығымды жеткізгім келеді, — дейді Данияр есімді баланың анасы Ақгүл Тұрмағамбетова.

Жарысқа балаларын әкелген барлық ата-ана белсенділік танытып, ойынның қызықты өтуіне атсалысты. Ал финалда кідірместен еңбектеп, мәре сызығына бәрінен бұрын жеткен Смағұловтар отбасының кенжесі Жантөре жарыстың жеңімпазы атанып, арнайы балалар тамақтанатын үстелге ие болды.

Бұл бала үшін де, ата-аналар үшін де керемет демалыс болды. Біз де баламен бала боп кеттік. Анасы екі күн бойы үйде баланы шақырып, еңбектетіп дайындалды. Нәтижесі текке кеткен жоқ. Кенже ұлымыздың осы бір жетістігіне қатты қуанып тұрмыз. Отбасымызда 5 ұл бар. Ортаншы екі ұлым веложарысқа қатысады. Биылғы балалар мерекесі ата-аналар үшін де қызықты өтті, — дейді кішкентай Жантөренің әкесі Сәтбек Смағұлов.

Одан кейін «Алақай, алақай» атты 3-5 жастағы бүлдіршіндер арасында үшаяқты велосипедпен өткен жарысқа 70 кішкентай велошабандоз қатысты. Бұл жарыста бәрінен озып келген Омар есімді бүлдіршіннің жүлдесіне велосипед берілді.

Балалар мерекесінде ата-аналарды қолдау мақсатында қоларбалар шеруі ұйымдастырылды. Қатысушылар қоларбаны неше түрлі нақышта сәндеп, оған балаларын отырғызып, алып шықты.

Алаңда 46 қоларба шеруі Орталық саябақтағы жұрттың назарын аударып, қызығушылығын тудырды. Қоларба шеруінде аналар «Домбыра», «Шаңырақ» және «Қазақы ұл» номинациялары бойынша бағалы сыйлықтар алды.

Балалар мерекесіндегі осы сайыстарға белсенді қатысқан ата-аналар, жас отбасылар Ақтөбе қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button