Пікір

Әнұран ойнағанда, көзіңе еріксіз жас келеді…

Райса БАЙЛИЕВА, самбодан 20 дүркін ел чемпионы, самбодан, сондай-ақ әмбебап жекпе-жектен бірнеше мәрте әлем және құрлық чемпионы, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты:

— Әр елдің азаматтары үшін өз елінің Мемлекеттік рәміздерінің маңызы айрықша. Моральдық-ұйымдастырушылық мағынаға ие рәміздер азаматтарды Конституцияда айқындалған құндылықтарды құрметтей отырып, бұрынғыдан гөрі сапалы, жаңа қоғам құру жолында топтастырады. Соның ішінде Мемлекеттік Әнұран — рухани ту тектес, аса қымбат құндылық. Біздің Әнұранымыздың мазмұнына халқымыздың азаттыққа ұмтылысы, тарихтағы ерлік жолы және болашаққа деген асқақ мұраттары сыйып тұр. Түсіне білсек, Әнұранның әр сөзі бізді ата-бабамыздан қалған кең-байтақ даламыздың бүгіні мен болашағы үшін ынтымақ-бірлікке үндейді.

Мен өмір бойы спортты серік еттім. Самбо және әмбебап жекпе-жектен өткен алты әлем чемпионатында жеңімпаз болдым. Атап айтқанда, 2007 жылы — самбодан, ал 2014, 2015, 2016, 2017 және 2018 жылдары әмбебап жекпе-жектен әлем чемпионы атандым. Әр жолы менің жеңісімнің құрметіне еліміздің Әнұраны шырқалып, жоғарыда көк Туымыздың тұрғанын көргенде, айтып жеткізгісіз сезімде болдым. Мұндайда көзіңе еріксіз жас үйіріліп, Әнұранға қосыла кетесің. Елің үшін, оның Әнұраны мен Туы үшін айрықша мақтаныш сезімін бастан кешіп және сол сезімге сенің жанкүйерлерің — миллиондаған отандастарыңның да ортақтасатынын ойлап, шексіз қуанасың. Туың мен Әнұраның, еліңнің мерейі үстем болуын тілейтін жанкүйерлерің болмаса, жарыс жолына шыққың да келмес еді.

Еліміздің басшысынан бастап, балаларға дейін — әр қазақстандық Мемлекеттік рәміздерімізді мақтан тұтып, сыйлап өтуді өзінің перзенттік парызы санауы керек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button