Тарих

Тарихты тану — өзімізді тану

Жеткерген ЕЛЕМЕС,

Шалқар, Ырғыз аудандарының құрметті азаматы,

Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы.

Айттың бір баласы Тілеу батыр,

Ту ұстап, Сайрам барып тіккен шатыр.

Шейіт кетіп Түркістан, Ясауиде

Баласы Жолдыаяқпен сонда жатыр.

Сайрам түбіндегі соғыста шебер қолбасы Тілеудің асқан ерлігімен абыройы артып, атақ-даңқы жауының жігерін жасытады. Тілеу есімі дүрбіт-ойрат ортасында аңызға айналады, оның аты аталған жерде төбеде жасын ойнап, найзағай шатырлайды.

Майданның аты майдан. Жан алып, жан беріскен сондай үлкен қақтығыста Тілеу атамыздың қасиетті қаны ат жалынан асып, қара жерге төгіледі. Суық хабар тиген соң ортада ұрыс салып жүрген немере інісі Қал­дыбай мен бел баласы Жолдыаяқ қатар ұмтылады. Бұлар жолындағы жау сарбаздарын қарумен ығыстырып жетемін дегенше,  қалмақтар сүйекті иеленіп,шеп құрып үлгереді.

Шежірешілердің айтуынша, әулие атамыз елден шыққан соң, інісі Қалдыбай мен баласы Жолдыаяқты оңашалап: «Мен осы сапардан қайтпаспын, күнім жеткен соң өз қолдарыңнан  қоярсыңдар» деген екен. Аға-әке алдындағы борышына адал Қалдыбай мен Жолдыаяқ бастарын бәйгеге тігіп, топқа түседі.

От ортасына қатарынан ұмтылған Жолдыаяққа Қалдыбай: «Ту сыртымнан ешкімді жіберме» деп айтып үлгереді. Қа­рымы қатты Қалдыбай алмас қылышпен алдындағы жауды жапырып отырады да, Жолдыаяқ оның ту сыртынан дұшпан дарытпайды. Айнала алай-дүлей арпалыста ағайынды қос арыс жау қолындағы Тілеудің асыл сүйегін алып шығады. Бөрте жор­ғаның үстіндегі Қалдыбай ағасының мәйітін алдына өңгеріп кейін қарай салады. Қал­дыбайдың қолы байланғанын көрген қалмақтар тез арада ес жиып, бұларды қайта қоршайды. Қалдыбайдың қолы бос емес әрі ат үстінде екі адам, ен­дігі ауыр салмақ Жолдыаяққа түседі. Сонда сабына қорғасын құйып тастаған, өзінен басқа ешкім көтере алмайтын көк найзаны ұршықша үйіріп, жай оғындай жалтылдатқан Жолдыаяқ оң келгенін оң шаншып, сол келгенін сол шаншып, қалың қоршауды бұзып, ілгеріге жол салады. Әлденеше жерден жараланғанына, өлген-тірілгеніне қарамай,  әкесінің сүйегін алып шығады. Қазақ сарбаздары Жолдыаяқтың жанкешті ерлігіне қайран қалады. Бірақ есіл ер ауыр жарақаттың салдарынан ұзамай-ақ майдандастары ортасында фәниден бақиға өтеді.

Соғыста, оның ішінде ел қорғау жолындағы майданда қаза тапқан ерді «шейіт кеткен» дейді. Тілеу ірі кісі екен. Қалдыбай да олқы болмаса керек, сол жерде жиналғандар: «Сұңқардың сүйегін тұлпар көтереді деген осы екен-ай» деп, денені Бөрте жорғаға теңдепті.

Бұл 1684 жылдың жазы еді, яғни Сыбан Раптан Сайрамды алатын жаз. Асыл текті Тілеу ұлтының болашағы жолында қаза тапты. Жаумен жағаласып жатқан қалың ел басшылары  кеңесе келе, өздерінің дана қолбасысын, оның жаужүрек ұлын Тәуекел баһадүр хан, Салқам Жәңгір жатқан қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі іргесіне жерлеуге шешім шығарады. Сонда сүйекті Қалдыбай қара нарына теңдеген екен, Жолдыаяқ жағы басып кете беріп, қапқа құм салып теңдестіріпті дейді.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, қазақ ғылымында өзіндік ор­ны бар, еліміздің сөзін ұстап жүрген жай­саңда­рымыздың бірі Өмірзақ Озғанбай «Бір қазақ Тілеудей-ақ жаратылмақ…» атты еңбегінде: «Алты ата Әлімнің Шектісінен шыққан Тілеу батырдың ата-тегі сонау Ноғайлы заманының хандары мен батыр-бектерінен, яғни бүкіл «аузы түкті кәпірді» уысында ұстаған, атақты Алтын Ордаға иелік еткен Едіге, Мұса, Орақ-Мамай, Қарасай-Қазидан басталады» деп есті жан ұғарлықтай, өнегесінен тағылым аларлықтай ой айтты.

Тілеу батыр туралы әңгімені оның ұрпақтарымен байланыстыра айтқан жөн. Тілеудің  Есіркеміс,Алдаберді (Әлдеберлі), Жолдыаяқ, Жақсымбет және Мөңке есімді бес ұлы болған. Тілеу батырдың ұрпақтары арасында бүкіл алашқа есімдері белгілі болған тұлғалар өте көп. Солардың бірі — есімі үш жүзге мәлім атақты Мөңке би. Алдағы үш жүз жылын болжай білген, өз заманының ойшылы, философ және Әбілқайыр, Нұралы хандардың оң тізесін басқан қоғам қайраткері, әрі биі, әрі ақын-жырау Мөңке би артында мол мұра қалдырған тарихи тұлға.

Тілеу батырдың тағы бір ұрпағы Сары Батақұлы — әйгілі ақын, әнші, сазгер, сері және батыр болыпты.

Суырыпсалма ақын, шайыр Сарышолақ Боранбайұлы да Тілеу батырдың ұрпақтарының бірі. Оның өлеңдері әлі күнге дейін ел арасында айтылып жүр.

Тағы бір ұрпағы Мырзағұл Шыманұлы әрі би, әрі шешен, болыс болған.

Ойымызды түйіндей келе, Тілеу батырды XVII ғасырдағы қазақ тарихындағы өзгеше орны бар тарихи тұлға деп танимыз. Қазақ елінің қазіргі жастары Тілеу Айтұлы секілді ұлттық қаһармандарымызды неғұрлым тереңірек таныса, бұл отаншылдық, ұлтжандылық рухты одан әрі шыңдай түсетіні сөзсіз.

Тілеу батыр інісі Қалдыбай, баласы Жолдыаяқпен он жеті мың қолмен келіп, Сайрам соғысында ересен ерлік көрсетеді. Сол шайқаста он жеті мыңның он бір мыңы шейіт болып, Тілеу батырдың өзі де, баласы Жолдыаяқ та ерлікпен қаза табады. Тілеу батыр баласы екеуі Түркістанға жерленеді.

Сайрам соғысының сардары, қазақ тағдырына өлшеусіз еңбек сіңірген әкелі-балалы батырлардың ерлігі халық есінде мәңгі жасау үшін ел ағалары Шымкент шаһарында ескерткіш орнату үшін бастама көтерген болатын.

Теңдесі жоқ ерліктің символындай бұл ескерткіш елге керек, келешек ұрпаққа керек, қазақтың ынтымақ-бірлігі үшін керек.
Бұл ескерткіш — қазақтың бөлінбей­тіндігінің, халқымыздың қаһармандығы мен бірлігінің куәсі.

Сансыз қырғында бөлінбеген қазақты енді ешкім бөле алмайды.

Ілияс Жансүгіровтің «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан ал­сын кемеңгерді» деп айтқаны бар. «Тұғырын ұлылар өзі қояды, ескерткішін халқы қояды» деп бекер айтылмаған ғой. «Ұлыларды ұлықтау — ұрпақ парызы» десек, біз сол парызды өтеп отырмыз.

Қиын-қыстау күн туғанда қазақтың бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай болатынын әкелі-балалы батырлар көрсетті.

Міне, қазіргі таңда  осы бейбіт мамыражай уақытта Тілеудің Жолдыаяғынан тараған  Әтенбек руының азаматтары ерлікті дәріптеген ғылыми конференция ұйымдастырып,бабалар рухына ас беріп,дұға бағыштауда.

Бұл да тарихымызды тани түсудің, өткенімізге оралып, өнегемізді өрістетудің бір көрінісі деп білеміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button