Денсаулық

Йод пен темірдің ағзаға пайдасы қандай?

Маман кеңесі

Адам ағзасының қалыпты өсіп-дамуына, денсаулыққа қажеттi микроэлементтердiң бiрi — йод.

Күнделікті тағам құрамында йод жеткіліксіз болса, адам денсаулығына оның зардабы тимей қоймайды. Мысалы, йод жетiспеушiлiгінен пайда болатын аурулардың iшiндеэндемиялық зоб аса қауiптi дерттер қатарына жатады. Уақтылы емделмеген жағдайда эндемиялық зоб аса ауыр дерттерге, соның ішінде қатерлі ісікке ұласуы мүмкiн. Йод жетіспеушілігі жасөспірімдердің дамуын, жыныстық жетілуін тежейді. Ал аяғы ауыр әйел йод жетiспеушiлiгіне ұшыраса, түсiк тастауы немесе ақыл-есі кем, туысынан соқыр бала тууы мүмкін.

Әдетте таулы және теңiзден алыс орналасқан жерлерде тағам құрамында йод мөлшері өте төмен, жеткіліксіз болады. Сондықтан мұндай аймақтарда йод жетіспеушілігі салдарының алдын алу үшін қосымша шаралар қарастырылуы қажет.

Соның ішіндекүнделікті дастарқанға йодпен байытылған теңiз тағамдарын — балық және балық майы, теңiз орамжапырағы, т.б. теңiз өнiмдерiн жиі пайдалану, олардан бөлек, сүт, жұмыртқа және ет өнімдерінің, көкөнiстер арасынан қызылша, салат, шпинат, қызанақ, сәбiз, қартоп, орамжапырақ, пияз, бұршақ пен сарымсақтың, құрма, алма, жүзiм, шие, шабдалы сынды жемістердің және жаңғақтардың құрамында йод болатынын ескеру қажет. Екіншіден, йодталған тұз және йодпен байытылған тағам өнімдерін пайдаланыңыз.

Сондай-ақ темір тапшылығы да денсаулыққа кері әсер етеді. Темір тапшылығынан болатын анемия — кең тараған аурулардың бірі. Анемияның бұл түрін мамандарадамның денсаулығының төмендігін, құнарлы тамақ ішпейтінін көрсететін аурулар қатарына қосады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде екі миллиард адам анемияға ұшыраған. Ал Қазақстанда ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдердің 45 пайызы анемияға шалдыққан. Аяғы ауыр әйелдің қаныаздық ауруына ұшырауыана мен бала өліміне әкелуі мүмкін, сондай-ақ балалар арасындаақыл-ой дамуы кешеуілдеуінің көбеюіне де себеп болады.

Қазіргі таңда тұрғындар арасында теміржетіспеушілігінен болатын анемияның алдын алу үшін витаминді-минералды кешенді қоспалармен байытылған (фортификацияланған) жоғарғы және бірінші сұрыптағы бидай ұны сатылымға шығарылып отыр, себебі ұн тұрғындардың барлық әлеуметтік тобы жаппай тұтынатын өнім екені белгілі.

Фортификация дегеніміз —  ұн тарту кезінде аз мөлшерде дәрумендер мен минералдарды қосу  процесі. Бұл өнімнің сапасы мен қоректілік құндылығын арттыруға мүмкіндік береді. Көпшілік тұтынатын өнімдерді темір және фолий қышқылымен байыту 90 мыңға жуық адамның өмірін сақтауға, туабітті кемістіктердің және жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алуға мүмкіндік береді.

Күнделікті дастарқанда құрамында темірі көп сиыр еті, балық, бауыр, бүйрек, жұмыртқа, сұлы, қарақұмық жармасы, ірі бұршақ, какао, шоколад, көкөністер, бұршақ, алма, бидай, шабдалы, жүзім, қара өрік сынды тағамдарды көбірек пайдалану керек.

Нұрлыбек ДОСЖАНОВ,

облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау

департаменті басшысының орынбасары.

Майрамкүл ЕЛЕУОВА,

облыстық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің

тамақтану объектілерін бақылау

және қадағалау бөлімінің басшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button