Мәдениет

Қиын жылдарда халықтың рухын көтеріп еді

Қазақтың ұлттық дәстүрлі тірлігі өзгермеген, ғасырлар бойы талай тарихи өзгерістердің куәсі болған киелі мекендердің бірі — Ырғыз өлкесі. 1864 жылы 25 қазанда Ырғызда тұңғыш бастауыш қазақ мектебі, 1879 жылы Ыбырай Алтынсаринның ықпалымен екі кластық орыс-қазақ училищесі, 1883 жылы алғашқы кітапхана ашылған. Осылардың барлығы қазақ еліндегі мәдени-ағарту орындарының алғашқы қарлығаштары деуге болады. Осы оқу орындарында білім алған ырғыздық арыстардың қазақ елінің әлеуметтік-мәдени дамуына өз үлестерін қосып, басшылық қызметтерде болғаны мәлім.
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ елінің өнері мен мәдениетінің онкүндігіне Ырғыздан А.Маханов, Ғ.Әбдісаламовтың қатысуы да соның дәлелі. Осының барлығы кеңестік кезең мен тәуелсіздік алған жылдардағы Ырғыз халқының рухани дамуына өз әсерін тигізді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мәдениет саласында қызмет еткен азаматтардың түрлі экономикалық-әлеуметтік қиыншылықтарға қарамастан, Ырғыздың мәдениетінің туын биік ұстағандары көп болды.
1996 жылы республикалық, облыстық байланыс саласында басшылық қызмет жасайтын азаматтардың жәрдемімен аудандағы мәдениеттің іргелі шаңырағы «Арай» мәдениет үйіне 760 мың теңге инвестиция тартылды. Бір өнерпаздың Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде ақылы оқуын төлеуге мүмкіндік жасалды. Бұл сол кездегі жағдаймен есептегенде, мол қаржы тартылған үлкен демеушілік еді. Осының барлығы мәдениет қызметкерлерінің шығармашылық шабытын туғызып, Қостанай облысының Жангелді, Қызылорда облысының Арал, Қазалы және облыстың Шалқар, Әйтеке би аудандарының қатысуымен мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргенов атымен аталған «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер мерекесінің басталуына, кейін республикалық байқау дәрежесіне жетуіне мүмкіндік туғызды.
1997 жылы басталған осы мерекенің жеті жыл бойы бюджеттен тыс қаржымен өткізілуі Ырғыз халқының рухани жаңғыру дәрежесін, ақтөбелік жерлестер Қ.Бекенов, Қ.Әлімов, А.Қойлыбаев және ауданның Х.Өтеуов, Н.Садықов, И.Сәрсенбаев бастаған жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі еді. Әсіресе облыстық мәслихат депутаты Қ.Бекеновтің «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер мерекесіне 7 жыл бойы жасаған демеушілік қолдауын, сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Е.Құрманбековтің, облыстық шығармашылық үйінің директоры, жерлесіміз Г.Есімбаеваның көрсеткен практикалық жәрдемін ерекше атап өтуге болады. Осы өнер мерекесі кейін елімізге әйгілі болған әншілер А.Елшібаеваның, Ф.Нарманованың, А.Айниязова және Е.Есмаханның тұсаукесер баспалдақтары болды деуге болады. Өнер мерекесінде Т.Жүргенов атындағы алғашқы бас жүлдеге эстрадалық әндер жанры бойынша жергілікті өнерпаз М.Мұқашов, терме жанры бойынша шалқарлық А.Елшібаева ие болып еді.
Сол замандағы еліміз бойынша экономикалық «оңтайландыру» саясатына тап болған «Арай» мәдениет үйі мен орталық кітапхана өздерінің мәдени-рухани деңгейін түсірмей, кәсіби шеберлігінің және ұжымның ынтымақ-бірлігінің арқасында өз салалары бойынша жоғары нәтижелерге жетіп отырды. Орталық кітапхана (директоры Р.Омарова) мерзімді баспасөзге жазылудан, «Арай» мәдениет үйі (директоры Н.Спанов) ақылы қызметтен табыс табудан облыс бойынша алдыңғы қатардан көрініп отырды. Кітапханаларды мерзімді баспасөзге жазуда сол кездегі аудандық қаржы бөлімінің қатардағы маманы М.Шманның елгезектігін, мәдениетке жанашырлығын бүгінде мәдениет ардагерлері де, оқырмандар да ризашылықпен еске алып отырады. Өйткені оқырмандардың көпшілігі баспасөзге жазылуға мүмкіншілік болмаған соң, орталық және ауылдық кітапханалардан барып, баспасөз материалдарын оқитын. «Арай» мәдениет үйінің өнерпаздарының ақылы қызметтен табыс табу үшін автокөлік жалдап, Қызылорда облысының Арал, Қазалы, өзіміздің Шалқар, Әйтеке би аудандарында жыл сайын гастрольдік сапармен баруы үлкен жанқиярлық іс еді. Сол жылдары Ақтөбе облысы бойынша өнерпаздары гастрольдік сапарға барған бірден-бір аудан Ырғыз болатын.
2000 жылдар ауданның мәдениет мекемелерінің шығармашылық шырқау жылдары десе де болады. Орталық кітапхана облыстың «Үздік кітапханасы» атанса, Ырғыз халық театры (режиссері Ү.Шейітова) облыстық халық театрлары байқауында бас жүлдені, сондай-ақ бес номинацияның үшеуін («Үздік халық театры», «Үздік режиссура», «Үздік әйел рөлін орындаушы») жеңіп алды. Халық театрының мүшесі Б.Оразмағанбетова С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал» спектаклінде зағип кемпірдің рөлін орындағаны үшін белгілі мәдениет қайраткері Ә.Сығайдың: «Сіз жоғары кәсіби актрисалардың деңгейінде ойнап шықтыңыз», — деген бағасын алып еді. Қызметтес болған осы мекемелердегі әріптестеріміздің сол жылдардағы ұйымшыл ынтымақтастығы, мәдениетке деген жанашырлығы адам таңғаларлықтай еді. Және мәдениет қызметкерлерінің 90 пайызы жастар болатын. Олардың көпшілігі жарты ставкамен жұмыс істейтін. Орталық кітапхана мен «Арай» мәдениет үйінің жетекшілерімен ақылдаса отырып, әр отбасына аз да болса табыс келсін деп «оңтайландыру» саясатынан кейін осындай шараға баруға мәжбүр болдық.
Орталық кітапхананың кітапханашысы Б.Омарбекова елді мекендердегі кітапханалардың негізгі кітап қорын өз қаражатына көлік жалдап, шашау шығармай орталық кітапханаға жинаса, «Арай» мәдениет үйінің қызметкерлерінің «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер мерекесін өткізуге дайындық кезіндегі еңбектерін ескерсек, оларды жұмысынан айыру мүмкін емес еді. Өйткені Мәдениет үйінде жалғыз қарауылшы ғана жұмыс жасайтын. Сондықтан барлық дайындық жұмыстарын бірлесіп атқаруларына тура келді.
Осы жылдары «Арай» мәдениет үйінің қызметкерлері ұйымдастырған облыстық өнер байқауларынан өнерпаздар жүлдесіз қайтпайтын. 1998 жылы облыстық «Жас дәурен» байқауында А.Сәулебаева, Н.Бәйжиеновалар өнер көрсетіп, лауреат атанды.
2000 жылы «Қазақтың қос бұрымды қызы боламын» атты облыстық байқауында Г.Артықбаева — 1-орын, А.Сәулебаева 2-орын жүлдегері атанса, 2001 жылы жас өнерпаз А.Бердалиев облыстық «Жас дәурен» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. 2000 жылы — Мәдениетті қолдау жылында ауданның мәдениет мекемелерінің үздік көрсеткіштері арқасында сол кездегі аудан әкімі К.Толықбаев Қазақстанның «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. Бұл ауданның барлық мәдениет қызметкерінің еңбегіне берілген баға болды деп ойлаймыз.
Қазір уақыт өзгерді, еліміз алға қарай даму үстінде. Соған сәйкес мәдениет мекемелерінің де материалдық базалары нығайып келеді. Биыл типтік жобамен аудандық кітапхана үйі салынады деген жоспар бар. Сондай-ақ жаңадан Өнер орталығын салу үшін қаржы қарастырылды деген сүйінші хабар да жетті. Мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлеріне шығармашылық шабыт тілей отырып, ауданның мәдениет саласын көтеруге адал қызмет етсін дейміз.

Ж.Таңқаев,
еңбек ардагері.
Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button