«Қазынаның» қадамы
Жетістік
«Қазына» ансамблі ақтөбеліктерге жақсы таныс. Ол 2019 жылы қалалық қазақ зағиптар қоғамының Мәдениет үйінің жанынан Азамат Алпысбаевтың жетекшілігімен құрылды. Жетекшінің айтуынша, ансамбльді құрудағы мақсат — әнді жаны сүйетін,өнермен жұбанатын, әлемді жүрекпен көретін зағип және көзі нашар көретін жандардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларды өнерге баулу.
Әртүрлі аспаптарда шебер ойнайтынансамль мүшелері жылдық жоспар бойынша өтетін барлық шараға белсене атсалысады.
«Дүниені ақ таяқпен түртіп оятып» жүрген жандардың жетістіктері де жетерлік. Мәселен, былтыр 26-28 ақпан аралығында «Қазына» тобы Мәскеу қаласында өткен «Талант-2022» атты VIII Халықаралық телевизиялық IT жоба-байқауындаІІІ орынға ие болды.
Ансамбль қатысушысы Зияда Қуатова да былтыр Ғ.Жұбанованың 95 жылдық мерейтойына арналған ІV республикалық «ЖАСSTAR» байқау-фестивалінде ІІорын иеленді. Айтпақшы, ансамбль жетекшілерінің бірі Ақыл Жарылғасынов өткен жылы Халықаралық зағиптар күніне орай «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Ансамбльдің белді мүшелері алдағы уақытта музыкалық білімдерін одан әрі жетілдіріп, іздене бермек. Олар өнер әлемінде әлі талай асуларды бағындыратындарына сенімді.
А.БАЛЖАНАЙ.