Құқық

Туған тіл — тірлігіміздің тірегі

Тіл

Тәуелсіз ел болғанымызға отыз жылдан асып барады.

Бұл мезгіл —тілді дамытуға біреулер үшін көп,қайсыбіреулер үшін әлі де болса жеткіліксіз.

Осылайша тіл мәселесіне қатысты бұқара халықтың пікірі екіге бөлінуде. Дегенмен тәуелсіздік алған кезден бастап осы уақытқа дейін күрделі мәселеге айналған бұл жай күн тәртібінен түспей келеді.

Мен үшін тіліміздің қолданылуының өз деңгейінде болмауын қозғау ұят. Десекте осы тақырыпта өз үнімді қосуды парызым деп білдім.

Тіл саясаты — кез келген мемлекеттің ұлттық тағдырын шешетін киелі құбылыс. Бұны қолшоқпарға айналдыру еліміз үшін өте қауіпті. Тәуелсіздігі мен тілі үшін жер бетінен жоғалып кеткен ұлттар мен ұлыстардың барын тарих беттерінен білеміз.

Геосаяси жағдайды өз пайдасына ұтымды пайдаланғысы келетін алпауыт елдердің бар екенін мүлдем естен шығармауымыз керек. Әрине, мен заңгер болғаннан кейін тіліміздің жағдайын заң тұрғысынан қарағанды жөн көрдім.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 1-тармағында, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі деп нақты белгіленген. Одан әрі Қазақстан Республикасының  «Тіл туралы» Заңының 4-бабында Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл — қазақ тілі деп жазылған. Қылмыстық,азаматтық,әкімшілік істер бойынша сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі деп көрсетілген.

Конституция 1995 жылы 30 тамызда  республикалық референдумда тікелей халықтың қатысуымен қабылданды. Қалған заңдарымызды қабылдаған халық атынан сайланған депутаттар.

Заңдарымыз жақсы жазылған,десекте неге тіліміз әлі өз мәртебесін ала алмауда? Сот ісін ресми тілде жүргізу кімдерге тиімді,неге олардың өзі үнсіздік танытуда?

Яғни Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, заң қабылдауда қазақ тілін мемлекеттік тіл деп бекітті. Бұл тарихи оқиғаға қазақ жерінде тұрып жатқан басқа ұлттардың дауы болмауы керек.

Осы Ата Заңымыздың 2-тармағында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деп көрсетіп, басқа ұлт өкілдеріне даналықтың жоғарғы үлгісін көрсетіп, бекітіп берді.Заңның осы тармағын басқа ұлт өкілдеріне деген құрмет деп түсіну керек.

Сөйтіп, мемлекет  Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамытуы үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайтынын аса мәртебемен көрсетті, өйткені бізді ортақ тарихи тағдыр қазақ жерінде біріктірді,барлығының Отаны — Қазақстан.

Қабылданған заңды орындау сатысы қандай?Осы жерде қазақ тілінің қолданылуының аясында кемшіліктердің барын ашық айтуымыз керек. Бізде түсіндірудің озық жолы жетіспейді.

Талас-тартыс,сөзжарыс, өсек-әңгіме, дау-дамайдың бәрі осы сатыда өрбуде, өйткені әр адам өзіне тиімді жолды таңдауда неше түрлі әрекеттерге баруда. Қозғап отырған 2-тармақта орыс тілі немесе басқа тілдер қазақ тілімен тең қолданылады делінген. Ал біз осы талапты ескермей, қазақ тілін түгелдей орыс тілімен алмастырып, оның орнына қолданудамыз.

Елімізде мемлекеттік тілдің біреу ғана екенін, оның қазақ тілі екені ескере отырып, оған басымдық беруіміз керек. Ол үшін  жоғарыдағы  заң нормаларын басшылыққа алып, істерді мемлекеттік тілде жүргізіп, бірлі-жарымды мемлекеттік тілді білмейтін іске қатысушылар үшін іс жүргізу тілін өзгертпей,олар үшін аудармашыны қатыстыру қажет деп есептеймін. Сонда ғана іс қазақша жүріп, қазақ тілімен орыс немесе басқа тілдер (аудармашы арқылы) қатарласып қолданылады.

Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілетті және атқарушы органдар Қазақстан  Республикасындамемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін  нығайтуға, барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті.

Нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі, сот билігінің беделі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру арқылы артады.

Тіл болашағы мемлекет болашағы дейтін  болсақ, мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын сот саласында Ата Заңымыздың аясында барынша кеңейту әрбір судья мен сот қызметкерінің міндеті және парызы деп түсінуіміз керек.

Зульфия ҚАБДУЛИНА,

Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу сотының кеңсе меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button