Аудандарда «бақытты отбасы» орталықтары ашылады

Семинар
«Бақытты отбасы» орталығында «Бақытты отбасы» орталығы: ашу негіздері мен проблемалық сұрақтар» атты семинар-практикум өтті. Оған аудан әкімдерінің орынбасарлары мен комиссия хатшылары, мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Отбасын қолдау орталықтарының мақсаты — отбасы құндылықтарын нығайту, тұрмыстағы мәселелерді анықтау, адамдарға психологиялық, құқықтық, педагогикалық көмек көрсету. Іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова орталық жұмысына жоғары баға беріп, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобалардың көбірек жүзеге асырылуы керектігін атап өтті.
— «Бақытты отбасы» орталықтарын Алға, Мәртөк, Шалқар аудандарында ашуды жоспарлап отырмыз. Жаңадан ашылатын орталықтар ауыл тұрғындарына ақпараттық, әдістемелік көмек беретін болады. Қазіргі таңда Мұғалжар мен Хромтауда екі орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға психологиялық, құқықтық көмек беріп келеді. Жыл басынан бері орталық 700-ден астам адамға қолдау көрсетті, — дейді орталық директоры Бибігүл Маратқызы.

Оның айтуынша, «Бақытты отбасы» орталығы өткен жылдың 16 қарашасында ашылды. Бұл орталық ашылғалы бері 2154 отбасына көмек көрсеткен. Сондай-ақ «Бақытты отбасы» орталығында кәсіп бастауға ниетті қыз-келіншектер екі айлық курсты оқып, әртүрлі санат бойынша білімін жетілдіруге мүмкіндік алды.
— Өңірімізде іскер әйелдердің кәсіп бастауына мүмкіндік көп. Екі айдың ішінде «Бақытты отбасы» орталығында өз кәсібін бастағысы келетін аналар үшін шеберлік сағаттары өткізілді. Олар толықтай жұмыспен қамтылып, кәсібін дамытып отыр, — дейді
облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлжан Маханова.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



