Денсаулық

«Қамқорлықтың» бірінші белесі

Ақтөбе қаласындағы «Қамқорлық» оңалту орталығы 1 жылдығын атап өтті.

Аумағы 2 мың шарты метрлік ғимаратта медицина саласының сан түрлі мамандары инновациялық «4Д» форматындағы құрылғылармен гелио және шунгит, иппотерапия, механотерапия, эрготерапия, бальнеотерапия, т.б. бойынша көмек көрсетеді.

— Былтыр Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ашылған орталықта кешенді медициналық, психологиялық, әлеуметтік қызметтер қарастырылған. Соның ішінде  бірінші кезекте ауыр неврологиялық ауруларға шалдыққандарға басымдық береміз. Операциядан шыққан балаларға да оңалту шаралары осында жүргізіледі. Штатта 50-ге жуық қызметкер бар.

Медициналық аппараттар заман талабына сай. Ашылғанда Тұңғыш Президент қоры бізге құны шамамен 200 миллион теңге тұратын құрылғылар мен жабдықтар сыйлаған еді.  Жергілікті атқарушы биліктен де қолдау бар. Облыстық балалар ауруханасының жанынан құрылған орталыққа Ақтөбені айтпағанда, көршілес облыстардың тұрғындары да келеді. Жалпы, жылына 600-ден астам бала кешенді ем алады, — дейді

Ақтөбе қаласындағы Ана мен баланы қорғау орталығының бас дәрігерінің орынбасары Гүлнар Мәмбетжанова.

Мерекелік шара барысында орталықтағы дәрігерлер мен медбикелерге құрмет көрсетіліп, Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ қызметкерлер мен емделушілерге арналған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button