Мереке

Жүйріктен жүйрік озды…

Ақтөбе қаласының күні қарсаңында ипподромда аламан бәйге өтті.  Бұл Қазақстан Республикасы чемпионатының аймақтық іріктеу турнирінің бастауы болатын. Бәйгені Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Бәйге» федерациясы ұйымдастырды.

Ертемен ипподромға жиналған қала тұрғындарының бар назары бәйге алаңында болды. Шыдамсыздана күткен сәт те басталды. Алдымен құнан жарысты. Бұл бәйгенің жүлдесі Түркістан облысынан келген атбегінің қанжығасында кетті. Жұрт күткен топ бәйге мен аламан бәйгенің тайталасы көптің делебесін қоздырып, шабандоз балаларға қиқулап дем беріп отырды.

Әсіресе топ бәйгенің қызықты тұстарын көпшілік тамсанып бір-бірімен бөлісті.

Топ бәйгедегі кермеге тартылған 26 жүйріктен мәреге 4-5 ат қана келді.

Алғашқы айналымнан-ақ алдыңғы бестікте болып, қарқынынан таймаған қара аттың шабысы жылқы танитындардың назарын аударған еді. Көбі бұл жүйріктің жанкүйері ретінде бәйге алады деп болжаған. Үміт алдамады. 19 шақырымдық қашықтықта шабысынан таймай, соңғы айналымда суырылып алға шығып, оқ бойы озып келген қараның бие екенін білгенде жұрт одан сайын таңырқасты. «Ботагөз» лақап атымен атбегілер арасында танымал жүйріктің иесі — ақтөбелік.

Одан кейін 24 тұлпар тізгін тартқан аламанның бас бәйгесі Астана қаласына бұйырды.

Бәйгені тамашалауға келген  Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов Ақтөбе облысындағы ат спортының қарқын алып, жедел дамып келе жатқанын айтты.

Өңірімізде ұлттық спорт түрі бәйге спортын дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға барлық жағдай жасалған.

Бүгінгі таңда облыста  тұрғындардың денешынықтыру және спортпен шұғылдану мүмкіндігі үшін 1 954 спорт нысаны бар. 2023 жылдың аяғына дейін 19 спорт кешенін тұрғызуды жоспарлап отырмыз.Облысымызда ұлттық спорт түрлерімен 26 720 адам шұғылданады. Ақтөбеде ат спортын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

2005 жылы ат спорты мектебі ашылып, одан бері Ұлттық спорт түрлері бойынша мамандандырылған спорт мектебі болып қайта құрылды. Онда көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қазақ күресі, тоғызқұмалақ бөлімшелері жұмыс істейді.  Қазіргі таңда 400-дің үстінде бала осы мектепте жаттығуда. Ол балалармен 24 жоғары дәрежелі жаттықтырушы мамандар жұмыс істеп жатыр, — деген облыс әкімі алғашқы бәйгенің жүлделерін өз қолымен табыстады.

Шарада сөз алған ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов бұл жарысты келер жылы Қазақстанда өтетін Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына дайындық екендігін жеткізді.

Ұлттық спорт — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ерекше назарында. Келесі жылы еліміз Дүниежүзілік Көшпенділер ойынын өткізеді. Бұл —баршамызға үлкен – мәртебе! Біз әлем халықтарына өзіміздің ұлттық спорттарымызды, әдет-ғұрыптарымыз бен мәдениетімізді кеңінен дәріптеуіміз керек. Бұл жарысымыз —  сол әлемдік додаға дайындық, — деді ол.

Мәжіліс депутаттары Аманжол  Әлтаев пен Қазыбек Әлішев те салтанатты шараның қонағы болды.

Бұл бәйгенің жүлде қоры — 20 миллион теңге. Аламанның бас жүлдесі 5 миллион теңге алса, топ бәйгенің жүлдесі — 3 миллион теңге. Бәйгеге еліміздің бірнеше өңірінен 62 шабандоз қатысты. Бәйгеде бабы келіскен жүйріктер бапкерлерінің үмітін ақтады, — дейді бәйгенің бас төрешісі Мұрат Өсербаев.

Бәйге алаңында теңге ілу және ұлттық киім байқауы  ұйымдастырылды. Сонымен қоса лотерея ойындары өтіп, бағалы сыйлық ұтқандар саны көп болды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button