Мәдениет

Қазақ биінің аққуы

Нұрсұлу Тапалова — 100

Кеше Ақтөбеде тұңғыш балет бишісі Нұрсұлу Тапалованың туғанына 100 жыл толуына орай «Аққу — 2023» республикалық бишілер байқауы басталды.

Өнер орталығында өткен байқаудың ашылу салтанатына Нұрсұлудың ізбасарлары — жан-жақтан келген бишілермен қатар, мерейтой иесінің соңында қалған көзі — қызы Тоты Бөлтекова, мәдениет саласының басшылары, зиялы қауым, журналистер қатысты.

Жиын балғын бишілердің өнерімен басталды. Атап айтқанда, «Аққу» би ансамблінің жас бишілері А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан алынған үзіндіге биледі. Музыкалық сүйемелдеуге Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның камералық хоры мен А.Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрі қатысты.

Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ұлттық өнер тарихында өзіндік із қалдырған тұлғаны ұлықтау — қалыптасқан дәстүр. Нұрсұлу Тапалова — қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш балет бишісі ғана емес, сонымен қатар әнші, актриса, педагог, яғни қанша дарынды бір бойына жиған жан. Бишінің туған жері Ойылда оның атында көше бар. Бүгінде Ойылдағы аудандық Мәдениет үйіне де оның есімін беруге жоғары жаққа ұсыныс түсірдік, — деп атап өтті басқарма басшысы.

Сондай-ақ көрерменге байқауға қатысатын би ұжымдары таныстырылды, облыстық телеарна мен осы байқаудың ұйымдастырушыларының бірі — облыстық халық шығармашылығы орталығы бірігіп түсірген «Би әлемінің биігі» атты деректі фильм ұсынылды.

«Аққу — 2023» байқауына еліміздің 9 өңірінен би ұжымдары қатысып отыр. Би мерекесі екі күнге — 25-26 мамыр — созылады. Ал қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, өнер зерттеушісі, профессор Тойған Ізім басшылық етеді.

Байқау аясында биші шығармашылығына арналған республикалық тәжірибелік конференция, сондай-ақ би ұжымдары үшін шеберлік сағаттары өтеді.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button