Мәдениет

Жәдігерлер және тарихи тұлғалар

«Музей түні»

Халықаралық музейлер күніне орай Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Музей — таным мен тарихтың бастау бұлағы» атты  мәдени танымдық іс-шара өтті. Ашық аспан астында өткен музей түнін тамашалауға келген қала тұрғындарының қарасы көп болды.

Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев осы кешті өткізуге бастамашы болып, жас ұрпаққа дәстүрлі тарихымызды насихаттауды мақсат еткен музей ұжымының әрбір жаңашыл ісіне ризашылығын білдіріп, аудан әкімі Жанболат Жидехановтың атынан «Үздік мекеме—2023» аталымының грамотасы мен арнайы сыйлығын салтанатты түрде  табыстады.

Арнайы тігілген киіз үйде этнографиялық бұйымдардан көрме жасақталып, музей қызметкерлері шолу жасады. Қазақы камзол мен кимешек киген әжелеріміздің оюлы текеметтің үстіне жайғасып,ешкі түбітін аялап,ұршық иіргені,ұлттық тағамдарды әзірлеу жайындағы ақыл-кеңестері мен көріністері көпті тәнті етті. Музей қорын жетілдіруде жергілікті тұрғындардың үлесібасым екені аян. Бұндай белсенділікосы шарада көрініс тапты. Аудан орталығындағы Мәтей Қоқанұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы Абзал Медетбеков  заманында Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының мүфтиі Бабаханның  қолынан Ахун деген құрметті атақ алған шалқарлық Жанаман Сейтімұлының Құран кітабын табыстаса, қала тұрғындары Миуа Оразаева киіз үйге ұсталатын қолдан тоқылған ши, Мира Қосназарова ешкі жүнінен түбіт айыратын көне бұйым — тарақ тапсырып, музей әкімшілігі тарапынан сыйлықтарға ие болды.

— «Түнгі музей» жобасының мақсаты — халықтың уақытын тиімді өткізумен қатар, музейдің ғылыми орталық қана емес, мәдени-көпшілік орын екенін насихаттау. Мұндай мәдени-рухани демалыс көпшілікке қолайлы. Көне туындыларды көрсетіп, жәдігерлердің алуан сырын жас буынға таныту арқылы патриотизмді күшейтуге болады. Сондықтан бұл ел бірлігін бекемдеп, құндылығын қастерлеуге үндейтін әлеуметтік маңызы зор шара.

Бүгінде Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі 12 677 экспонатпен жабдықталған.  Көрмеге қойылған кішкентай жәдігердің де үлкен тарихы бар, — деді аудандық музей директоры Нағима Тлембаева.

Кештің ең қызықты тұсы — «Батырлар — тарихи-рухани байлығымыз» атты бөлімдегі қойылым болды. Музей бастамасымен Сары Батақұлы атындағы Шалқар аудандық Мәдениет үйінің режиссері Айгүл Муытова сахналаған тарихи қойылымда қазақ елінің азаттығы үшін жауға шапқан өлкемізден шыққан батыр бабалардың бейнесі сомдалды. Сайрам соғысының сардарлары атанған, әкелі-балалы Тілеу мен Жолдаяқ, аты ұранға шыққан Бақтыбай Төлесұлы, Жылқаман Отыншыұлы, Мөңке Тілеуұлы, Қайдауыл Едігеұлы, Ақтан Ақайұлы, Арыстан Тінәліұлы, Есет Көтібарұлы,Қарағұл Қонақбайұлы, Байқазақ Жолдасбайұлы сынды баһадүрлердің бейнесін сомдаған батырлар шеруінен жұртшылықүлкен әсер алды. Торқалы тоқсан жасты бағындырған Қартбай Қабақбаев,  Оразбай Әділбаев бастаған ел ақсақалдарының бір сәт дулыға киіп,батыр бабаларының кейпіне енуіөткенге құрметтің бір белгісіндей болды.

Музей түнінде арқан тартыс, дойбы, асық ату, ләңгі тебу секілді спорттық ойындардың да бәсекесі қызықты өтті.

Көрермендер арасында «Шаһарда Шалқар деген болдыңыз ба?!» тақырыбында ересектерге арналған  өлке шежіресі мен тарихи тұлғалары туралы танымдық және  оқушыларға «Сен білесің бе?» атты сұрақ-жауап негізіндегі викториналық сауалдар қойылып, жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button