Тарих

Сайлау құқығынан айыру және оның зардаптары

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

ХХ ғасырдың20-30-жылдарындағы кеңестік билік пен большевиктердің қуғын-сүргін саясатының ерекше айтылуға тиіс бір тармағы — азаматтарды сайлау құқығынан айыру мәселесі.

Халықтың белгілі бір тобын шыққан тегі мен әулетіне,жиған-терген дәулетіне, саяси ұстанымдарына байланысты сайлау құқықтарынан шектеумәселесін кеңес үкіметіалғашқы заң-жарғыларынан-ақ қолға алды. РКФСР-дің 1918 және 1925 жылдардағы Конституциялары бойыншасайлау құқығынан айырылғандар санатынапайда табу мақсатында жалдамалы еңбекке жүгінетін жандар, жеке саудагерлер, сауда және коммерциялық делдалдар, монахтар мен шіркеу қызметшілері, діни наным-сенімге табынушылар, бұрынғы полиция қызметкерлері мен агенттері, бұрынғы жандармдар корпусы мен күзет бөлімшесінің барлық қызметкерлері және Ресейде билік құрған әулет мүшелері,есі ауысқан немесе туғаннан ақыл-есі кем деп танылған жандар, сонымен қатар пайдакүнемдік жәнезиян келтіретін қылмыстары үшін сотталған адамдаренген еді. Әрине, таптық мүддені жоғары ұстап, жаңа құрылып жатқан кеңестік билік пен большевиктер партиясы үшін елдің басты заңында сайлаудан шеттетілгендер қатарына осы аталған топтардың кірістірілуі түсінікті еді.

Бұл талап кеңестік биліктің сайлау,қайта сайлау шараларына арналған басқа да заң-жарлықтарынан,нұсқауларынан орын алып және жетілдіріліп отырды. Алғашқы санаттар,негізінен,бұрынғы қанаушылар, Кеңес өкіметіне қарсы күрескен топтардан құралғанымен, өкінішке қарай кейіннен олардың тізімі үкімет тарапынан, республикалық,сондай-ақ жергілікті сайлау комитеттерінің тарапынан заңды,кей жағдайда заңсыз түрдетолықтырылып отырғанын айту керек.Сөйтіп, бұл қалың бұқараға бағытталған қуғын-сүргін саясатының бір бөлігіне айналды.

Азаматтарды сайлау құқықтарынан айыру Қазақ АКСР-інде ерекше қарқынды жүргізілді. Заңға көрсетілген санаттарға сәйкес келетін жандармен қатар, еш жазықсыз тұрғындарды да осы жазаға тартуға бастан-ақ жиі жол берілді. Соған байланысты1924 жылғы сайлау дұрыс өтпеді деп есептелді. Айта кетер жайт, заңсыз әрекетке қарсы берілген арызды қарау мерзімі сайлау комиссияларының төменгі буындары үшін — 24 сағат,ал жоғары деңгейде 48 сағат болып белгілеген-ді.Сондықтан арыз беру меноның қаралу мерзімініңтым қысқалығына байланысты наразылықтар туындады. Осыған бйаланысты1925 жылдың 13 қазанындағы БОАК нұсқауымен арыздардың қаралу мерзімі3 және 7 күн болып қайта белгіленді.

1925 жылы Қазақ АКСР-інде алдағы жылы болатын кеңестерге қайта сайлау науқанына дайындық барысында, Орталық сайлау комитеті губернияларға нұсқаулықтар жібереді. Онда 1924 жылғы сайлау барысында жіберілген кемшіліктерде көрсетілген. Солардың қатарында азаматтарды сайлау құқығынан айыру мәселесі де бар. Онда сайлау құқығынан айыру Қазақ АКСР директиваларының бұзылуымен жүргізілгені,яғни санаттардың жөнсіз көбейтілуі, құқықтан айырудың құжаттық негіздемесіз болғаны, соған байланысты сайлау құқығынан айырылғандар тізімін тексеру қорытындысында олардың 80 пайызының құқығы қайта қалпына келтірілгені ескертіледі.

Дегенмен атқарушы биліктің өзі әр сайлау,қайта сайлау науқаны алдында сайлау құқығынан айырылушылар санаттарына өзгерістер енгізумен болды. Мысалы, 1925 жылдың шілде айында Ақтөбе губаткомына Қазақ ОАК Президиумының сол жылғы 26 маусымда бекітілген циркуляры жіберіледі. Онда РКФСР Конституциясының 65-бабы және КСРО ОАК 1925 жылдың 16 қаңтарындағы нұсқауы негізінде сайлау құқығынан айырылғандар қатарына төмендегідей топтарды қосу керектігі тапсырылады:біріншіден, аудандық, кіші аудандық қоныстандыру басшылары, революцияға дейін Қазақ АКСР-інің территориясында шаруалар бастығы қызметін атқарғандар;екіншіден, имамдар,хазіреттер,муфтилар, мұсылмандық дін басқармасы мүшелері(қазы),мұхтасибтар,сондай-ақ осы ұйымдағыресми қызметтегі адамдар.

1925 жылы 9 қазанда Қазақ АКСР ОАК 5-шақырылымының 11-сессиясында қабылданған «Қала,ауыл,селолық кеңестерге сайлау және кеңестер съезін шақыру»жөніндегі нұсқаудаосы сайлау құқығынан айыру санаттарының кейбірі республиканың ерекшелігіне байланысты нақтыланып көрсетіледі. Мысалы, ірі мал иелері арасында жалдамалы еңбекті кіріс алу мақсатына пайдаланғандар,сондай-ақ малдарын кедейлерге табыс табу үшін тапсырғандар, имам, ишан, қалпе, хазірет,муфти, қазы, мұхтасиб, бақсылар, егер олар өздері де сол бапқа сай келіп жатқан жағдайда сайлау құқығынан айырылған жандардың отбасы мүшелері, бұрын патшаға қызмет еткен болыс басқарушылары,билер,патшадан «Құрметті азамат» атағын алғандар сайлау құқығынан айырылатындар қатарына тіркелді.

Ақтөбе уезінде1925 жылдың 1 қарашасынан 1926 жылдың 1 наурызы  аралығында жүргізілетін қайта сайлау науқанында осы жағдай ескерілуі керек болды.Бұл губерниялық атқару комитетінің қаулысында (№30 хаттама,23.10.1925 ж.)да көрсетілген.

Қайта сайлау қарсаңында дауыс беру құқығынан айырылғандар саны өткен, яғни 1924-1925 жылғы науқанға қарағанда анағұрлым қысқарады және тізім де дұрысырақ болады деп саналды. Мысалы, Ақтөбе уезі бойынша дауысынан айырылғандар саны өткен науқанда 2785 жан болса, жаңа науқанда 1029 адам тізімге ілінді, осы көрсеткіштер сәйкесінше:Шалқар уезінде — 446 және 370 адам, Торғай уезінде 467 және 95 адам еді.

Сайлау құқығынан айырылғандар тізіміне ең көп ілінген санаттар:еңбексіз кірістен пайда көретіндер (ұлты қазақ тұрғындар арасында— байлар) мен дін қызметкерлері еді.Мысалы, 1924-1925 жылғы тізімде Шалқар уезі бойынша дауыс беру құқығынан айырылған 446 жанның 260-ы — еңбексіз кірістен пайда тапқандар, 48-і дін қызметкері болған. Ақтөбе уезінде сәйкесінше: 847 және 659 адам, ал Торғай уезінде барлығы 467 адамның 242-сі— еңбексіз кірістен пайда тапқандар және 82-сі дін қызметкері болса, 1925-1926 жылғы мәліметке сай, Ақтөбе уезінде осы екі санат бойынша дауыс беру құқығынан айрылғандар саны 611 болды,Торғай уезінде барлығы 95 жанның 82-сін құрады.

1926 жылдың 8 желтоқсанында Ақтөбе губаткомы құпия түрде барлық уаткомдар мен Ақтөбе қалалық кеңесіне алдағы қайта сайлау науқанын өткізу барысында назар аударылуға тиіс нұсқау түсіреді. Онда Қазақстан үшін сайлау құқығынан айырылатындар тізімі ауыл және село тұрғындарына малдарын,ауыл шаруашылығы машиналары мен құрал-жабдықтарын кіріс табу мақсатыменберу арқылы пайда көретіндер,атқамінерлер, олардың отбасы мүшелері,ауыл саудагерлері мен делдалдар,алыпсатарлар,маклерлер, молдалар, бұрынғы және кейінгі діни наным-сенімдерді ұстануды уағыздаушы қызметкерлер, мұсылмандық білімді оқытушылар, имамдар,ишандар,қалпелер, муфтилер, мұсылмандық діни басқарма мүшелері (қазылар және мұқтасиндар),хазіреттер,тәуіптер,бақсылар,бұрынғы болыс басқарушылары мен ауыл старшындары, билер, қазақтың халық судьялары,патшаға қызметі үшін «Құрметті азамат» атағын алғандар санаттарымен (ескерер жай, бұл санаттардың кейбіреуі өткен сайлау науқанында көрсетілді) толықтырылады.

Жоғарыда атап көрсеткеніміздей,1926 жылы Ақтөбе уезі бойынша сайлау құқығынан айырылғандар саны1029 болса, 1927 жылы бұлмәлімет 4788 адамға өсті. Олардың 40 пайызы сайлау құқығынан айырылғандардың отбасы мүшелері еді. 1925-1926 жылғы науқан барысында Шалқар уезінде сайлау құқығынан айырылғандар саны 370 болса, келесі жылы бұл уездің бір ғана Ырғыз болысынан 435 жан тіркелді. Сайлауға қатысу құқығынан айырылғандар санының бұлайша күрт өсуінің себебі бұрын бұл шаракөрсетілген санаттардың көпшілігі бойынша, тек тізімге енгендердің өз басына ғана қолданылып, ал отбасы мүшелері үшін қарастырылмайтын еді. Сонымен қатар енді еңбек қатынастарына басқаша қарау салдарынан орташаларменқазақ болыстарындағы руаралық тартыстарға байланысты кейбір кедейлергеде сайлау құқығынан айыру шарасы қолданылды. Осыған байланысты тұрғындардан, негізінен, дауыс беру құқығынан айырылған орташалар мен кедейлерден арыз-шағымдар көптеп түскен.Ақпан айынның 15 күні ішінде Ақтөбе уездік сайлау комитеті 108 арыз-шағымдықараса, соның ішінде 38 адамсайлау құқығынан негізсіз айырылдық деп есептеп, құқығын қалпына келтіруді сұраған екен.

Архив деректеріндегі мәліметтер бойынша,жалдамалы еңбекті пайдаланушылар есебінде сайлау құқығынан айырылған шаруалардың тарапынан: «Ауыл шаруашылығын көтеру жөнінде көп айтылады. Ал іс жүзінде сол жолда жүрген адамды құқығынан айырып жатыр. Жұмыс күшін пайдаланбау үшін қожалығымыздың жартысын сатып, кедей болуымыз керек секілді?» — деген пікірдегі наразылықтар айтылған.

1926-1927 жылы жүргізілген қайта сайлау науқанын қорытындылауға қатысты құжаттың (16.03.1927 ж.) 5-тармағында сайлау құқығынан айыру шараларындағы олқылықтар былай көрсетіледі: «Сайлау құқықтарынан айыру барысында нұсқау тармақтарына тіптен келмейтін жандарды тізімге енгізуге жол берілді. Сайлау нұсқауындағы, мысалы,еңбек шаруашылығы белгісін анықтау мәселесінде түрлі ұстанымдар басшылыққа алынды. Сонымен қатар нұсқау баптарындағы санаттарға келетін жандарды сайлау құқығынан айырмау әрекеттері де көрініс алды. Осылармен бірге қазақ болыстарында руаралық тартыстарға бола кедейлерді сайлау құқықтарынан айыру жағдайлары да кездесті».

1927 жылғы кеңестерге қайта сайлау науқаны қарсаңындаАқтөбе уезі бойынша сайлау құқығынан айырылғандардыңтізімдемесіне (1927 жылдың 30 мамырында жасақталған) 4788 адам енген. Оның ішінде тәуіптер саны — 54,бақсылар — 42,кезінде патшадан марапат алған байлардың саны124 болған.

Міне,осындай жағдайларға байланысты тиісті орындар сайлау құқығынан айырылғандар тізімін қайта қарауға мәжбүр болды. Оның нәтижесін 1927 жылдың 10 маусымындағы мәліметтен көруге болады. Онда Ақтөбе уезі бойынша сайлау құқығы қалпына келтірілгендер саны — 77,қалғаны — 4711 адам (бастапқы тізімде — 4788 адам) деп көрсетілген, Шалқар уезі бойынша құқығы қалпына келтірілгендер саны — 8, қалғаны — 1752 (бастапқы тізімде — 1760 адам), Темір уезінде де 8 адамның құқығы қалпына келтірілген, қалғаны — 4301, Ақтөбе қаласы бойынша бастапқы тізімнен8 адамның құқығы қайтарылып, кейінгі тізімде 908 адам қалыпты.

Архив материалдарына үңілсек, 1925-1926 жылғы науқан кезіндегімәліметке қарағанда, одан кейінгі жылдары сайлау құқығынан айырылған азаматтар санының күрт өскені байқалады. Оның себебі тізімге отбасы мүшелерінің де енгізілуімен байланысты екенін жоғарыда айттық.

1928-1929 жылғы сайлауға байланысты округтегі сайлаушыларды тіркеу 1928 жылдың 25 желтоқсанында аяқталып, ауылдық жерлерден — 193028, Ақтөбе қаласы бойынша — 9994,Шалқар қаласынан — 3027, Темір қаласынан — 1268,барлығы 208317 адам тізімге енеді.Сондай-ақ сайлау құқығынан айырылғандар тізімін ауылдық-селолық сайлау комитеттері жергілікті кеңес орындарымен бірлесіп жасақтайды. Бұл жұмыста 1927 жылғы сайлау құқығынан айырылғандар тізімі негізге алынады. Бұрынғыадамдардың бар-жоғы анықталғаннан кейіненді тізім Қазақ АКСР ОАК-ның 1928 жылғы нұсқауы негізінде сайлау құқығынан айырылуға тиіс жаңа адамдармен толықтырылады. Жаңа тізім құру желтоқсан айының екінші жартысында аяқталып, қайта сайлау науқанына 20 күн қалғанда жарияланады.

1928-1929 жылдардағы тазарту жұмыстарына байланысты қазақ аудандарында,мысалы, Темір,Шалқар аудандарында — атқамінерлер,Қарабұтақ ауданында сопылар сайлау құқығынан айырылды. Қорытындысында, ауылдық жерлер бойынша сайлау құқығынан айырылғандар саны — 8748,Ақтөбе қаласында — 1391, Шалқар қаласында — 436,Темір қаласында —270, барлығы 10845 жан болды.Тізім жария болғаннан кейін кей жерлерде, атап айтсақ,Ақбұлақ,Елек, Новоросей, Ақкемер аудандарында сайлау құқығынан айырылғандар ашық наразылық көрсеткен.

1928 жылдың 16 желтоқсанында Ақтөбе қаласы бойынша алдағы жылы болатын сайлауға қатысу құқығынан айырылғандардың тізімі жасақталады. Жоғарыда көрсетіп кеткеніміздей, тізімге 1391 жан алынған. Олар 20-ға жуық санат бойынша жасақталған: жер аударылған байлар, дін қызметкерлері,жалдамалы еңбекті пайдаланушылар,жеке кәсіп иелері, т.б. Тізімді санаттар бойынша талдап қарасақ, ең көп енген топ саудагерлер екен. Сондай-ақ сайлау құқығынан айырылғандар қатарынакөп жағдайда отбасы мүшелері түгел енгізілгені байқалады.

Айта кетер жайт, сайлау құқығынан айырылған азаматтар мен олардың отбасы мүшелері заңда қарастырылмаған, бірақ «жергілікті бастамадан», «революциялық заңдылықрухынан» туындаған адам төзгісіз шектеулерге ұшырайды. Тіпті нағыз бейшаралық халге жетеді. Оны БОАК-тың 1930 жылғы 10 сәуірдегі қаулысының 9-тармағында келтірілген нұсқаулардан көруге болады. Онда заң, қаулы, нұсқауларда көрсетілмеген қосымша шектеулер белгілейтін, атап айтқанда, сайлау құқығынан айырылған адамдарды және  олардың отбасы мүшелерін пәтерден, қаладан, жұмысшы поселкесінен, ауылдан және басқа да жерлерден шығару, азық-түлік алуға құқық беретін кітапшаларынан айыру, медициналық және заңгерлік көмектен айыру, шағым беру мен анықтамалар алу құқынан айыру, балаларды мектептен шығару,кәсіпшілік артелдер мүшелігінен шығару, кулак,бай ретінде қудалау,жекелей алым-салық салу,құрылыс салу құқығынан айыру, т.б. шектеулер жөніндегі барлық қаулылардың, циркулярлар мен өкімдердің күшін жою ұсынылады.

Үкімет қаулылары мен сайлау жөніндегі нұсқаулықтар бойыншасайлау құқығынан айырылған шаруалардың бір тобы кулактар мен байлар еді.Олар бірыңғай ауыл шаруашылығы салығының орнына мөлшері одан әлдеқайдакөп жекелей салық төлеуге мәжбүр болды. Жекелей салықты төлеу шаруашылықты күйзелтті, ал төлей алмаған адам РКФСР ҚК-ның 60-бабы (салықты төлемегені үшін) мен 61-бабы (мемлекеттік маңызды болып саналатын салықты төлеуден бас тартқаны үшін) бойынша сотталып,жер аударылды.Сайлау құқығынан айырылғандар ғана емес,олардың отбасы мүшелері де үлкен қиындықтарға килікті. Балалары оқу орындарына түсуде кедергілерге тап болды, ауыл,село жұмыстарына (шаруалар) тартылмады және жұмыстан ең алдымен босатылды,қосымша үстеме салық төлеуге міндеттелді, армия қатарына шақырылмады. Анықтамаларда «КСРО-ны қолына қару алып қорғау құқығынан айырылған» деген сөз тұрды, тыл жасақтарына тіркеліп, түрлі ауыр жұмыстарға жегілді. Оларға ақ билет берілді. Оның мәні қазіргі денсаулығына байланысты әскер қатарына бара алмайтындарға берілетін билеттен түбегейлі өзгеше еді.

Күн көру үшін бәліш,шемішке,балмұздақ,квас сатқандар,пәтерге адам алғандар да сайлау құқығынан айырылды. Ал шаңырақ иесі сайлау құқығынан айырылса, оның зардабын бүкіл отбасы батпандап тартуға мәжбүр боларын жоғарыда айттық. Сондықтан сол кездегі газеттерде әйелдің ерінен, баланың әкесінен бас тартуы жөніндегі хабарламалар да көп кездеседі.

1930 жылдың 8 қазанында қалалық кеңеске АлександраОжигановадан (бұрынғы фамилиясы Гаврилова) арыз түседі.Онда кезінде саудагердің әйелі есебінде сайлау құқығынан айырылғанын, бірақ 1929 жылдан бері ол кісімен тұрмайтынын айтып,сол себепті өзін сайлау құқығынан айырылғандар тізімінен алып тастап, жұмысқа тұруға мүмкіндік беруді сұраған.Келесі бір деректе кезінде Ақтөбе қаласында ұзақ жылдар бойы темір жол саласында жұмыс істеген,1922 жылы қысқаруына байланысты тамақтанатынорын ашып,1929 жылға дейін темекі,сіріңке,өзі қайнатқан сабын сатқан жанның үйінен кетіп қалып, машинистка болып жұмыс істейтін қыздың саудагердің қызы есебінде сайлау құқығынан айырылғаны келтіріледі. Қыздың арызы қаралып, шешім бұзылып, оған жалпыға бірдей негізде барлық мемлекеттік мекемелерге жұмысқа тұруға рұқсат беріледі.Жалпы, сайлау құқығынан айырылғандардың балалары ғана емес,тіпті немерелері де түрлі қысымға ұшыраған. Мысалы, Петропавл округінен Ақтөбе өңіріне жер аударылған бай есебінде сайлау құқығынан айырылған адамның немересі де осындай шектеуге ілініп, 1930 жылдың 23 наурызындағы «Сайлау заңдылықтарының бұзылуын жою» жөніндегі қаулы бойынша сайлау құқығын қалпына келтіру жөнінде өтініш берген.

Сайлау құқығынан айырылғандарға жоғары мөлшерде жекелей салық салынуына байланысты адамдардың бұрынғы қызметінен де бас тарту оқиғалары да кездеседі. Мысалы,Қобда ауданындағы №15 (бұрынғы №3) ауылдың азаматы Ғабделуахит Бекмұхамедов 1928 жылы қараша айында Ақтөбе округтік әкімшілік бөліміне өзін муазиндік қызмет пен Қобда ауданы діни басқармасының мүшелігінен босату жөнінде арыз береді.Осындай арыз 1929 жылдың қараша айында Елек ауданындағы №27 ауылдың молдасы Сағи Жұмағалиевтен де түседі. Үкімет орындары бұл оқиғаларды діннің күйреуі есебінде қарап,газетке («Кедей», «Степная правда» газеттері) жариялауды ұсынады.

Сайлау құқығынан айырылған адамға, оның отбасына жан-жақты қысым жасалатын болғандықтан, әрине, ол құқықты қайта қалпына келтіруге деген ұмтылыс та жоғары еді. Бірақ тиісті орындарға кез келген адам ондай өтінішпен жүгіне алмады. Өтініш беру үшін бес жылдық еңбек өтілінің болуы, Кеңес өкіметіне адалдығын дәлелдей алған болуы, кәсіподақ мүшесі болуы сынды, т.б. нақты талаптар қойылған. Сол талаптарға сай келіп өтініш бергеннің өзінде мәселе аз уақытта қарала қоймайтын. Тіпті бірнеше айға,жылдарға да созылуы мүмкін. Мысалы, қалалық кеңеске 1930 жылдың 26 қыркүйегінде Ақтөбе қаласының тұрғыны А.Жаппаровтан арыз түседі. Онда наурыз айында Қазақ АКСР ОАК-іне сайлау құқығын қалпына келтіру жөнінде өтініш түсіргені, жоғары жақ қалалық кеңестен қажетті құжаттарды сұратқаны, сол құжаттардың әлі жіберілмей отырғаны жайында айтылып, осы істі жеделдетуді сұрайды. Яғни наурыз айында берілген арыз қыркүйек айында әлі де қаралмаған.

Облыстық мемлекеттік архив деректерінен өңірде азаматтарды сайлау құқығынан айыру шаралары ұзақ жылдар бойы жүргізілгенін және үнемі заңсыздықтар орын алып отырғанын көреміз. Облыс бойынша 1934-1935 жылғы қайта сайлау науқаны бойынша Темір ауданында құқығынан айырылғандар тізіміне82 адам еніп, кейін оның52-сінің  тиісті себепсіз, тек басбұзарлық пен тентектігі үшін ғана тіркелгені анықталған. Степной ауданының Қызылсу,Яковлев,Исаев және Сарыбұлақ ауылдарында 50 адам «атқамінер», «бұзақы», «астық тапсыруға қарсы» жандардың есебіне заңсыз түрдееніп, сайлау құқығынан айырылған. Қарақтысай ауылында бір азамат газет бетінде ауылдық кеңестің жұмысын,оның хатшысын сынағаны үшінсайлауда дауыс беруден шеттетіліпті. Ал Батпаққара ауданында сайлау құқығынан айырылғандар тізімінен 50 кедейтіпті батырақтар да анықталған.Сөйтіп,жергілікті комиссиялар жазықсыз жандарды Конституция баптарында көрсетілген сайлау құқығынан айырылуға тиіс санаттарға жататынын дәлелдейтін құжаттық негізсіз де тізімге қоса берген.

Дегенмен 1930-жылдары сайлау құқығынан айыру шаралары біршама бәсеңдеп,ал 1936 жылы 5 желтоқсанда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін тоқтады.Соған қарамастан, анкеталардағы бұрын сайлау құқығынан айырылған не айырылмаған деген баған 1961 жылға дейін сақталды.

Азаматтарды сайлау құқығынан айыру шаралары, оның салдары мыңдаған отбасыны қысымға ұшыратып, қайғы-қасірет әкелген озбырлық саясаттың, қуғын-сүргіннің бір тармағы ретінде әлі де зерттеле түсуге тиіс деп ойлаймыз.

Ұ.ИСМАҒҰЛОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы.

Д.ИСМАҒҰЛОВА,

тарих магистрі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button