Денсаулық

Күйзеліс

Себептері мен салдары

Әдетте кейбір адамдар күйзеліске түсуге бейім келеді, сәл қиыншылықтың өзінде сары уайымға салынып, айналасының мазасын алады. Психологтердің айтуынша, адамдардың күйзеліске тез түсуі өзін жалғыз сезінуден басталады екен. Тек бұл ғана емес, күйзеліске түсудің түрлі себебі бар. Осы орайда психолог, нейропсихолог мамандардың пікірін білген едік…

Күйзелістің себебі неде?

Жаңа технологиялар дамыған заманда адамдар үнемі ізденісте жүреді. Көп оқиды, жаңа дағдылар игеріп, машықтар үйренеді. Алайда қазіргі жастарымыздың арасында ашушаңдық, менмендік, уайымшылдық пен қатыгездік белең алып барады. Мамандардың айтуынша, мұның бірден-бір себебі — қаржының жетіспеушілігі. Түнімен жұмыс істеп, күндіз сабағына баратын білім алушының бұл әрекеті оның оқу үлгеріміне әсер етпей қоймайды. Сәл сөзге ашуланып, дүрсе қоя беретіндер де бар. Өмірде түрлі қиын жағдайлар болып тұрады: денсаулықтың нашарлауы, жұмыстан (оқудан) шығып қалу, жақын адамынан айырылу, материалдық шығынға ұшырау, сүйіктісімен айырылысу, біреуден қатты көңіл қалу сынды жайттар адамды уайымға салады.

Пенде болғасын өмірде барлығы бірдей керемет бола бермейді. Түрлі  мәселелер туындаған жағдайда ересек адам болсын, оқушы немесе кішкентай  бала болсын күйзеліске түсуі мүмкін. Осындайда әр адам ішкі сырын досымен, құрбысымен бөліскені дұрыс. Іштей мұңға батып, оқшауланудың арты жақсы болмайды. Ішкі сырын ақтарып, мәселелерімен бөліскен адамның сәл де болса көңілі тыныш болады. Мектеп мұғалімі ретінде өз тәжірибемнен түйгенім — оқушылар арасындағы күйзелістің басты себептері мыналар — жиі шаршау, ата-ана тарапынан дұрыс көңілдің бөлінбеуі, достарымен қарым-қатынастың нашарлауы, оқу үлгерімінің нашарлауы және басқа да жайттар.

Қазіргі оқушылардың психологиясы өте әлсіз. Сәл ғана қиындыққа төтеп бере алмайды. Ата-ана баласын жұрттан кем қылмаймын деп қолына қымбат телефон ұстатып қояды. Мұндай балалар кішігірім мәселе болса, ата-анам шеше салады деген жеңіл оймен жүреді. Ал қолына қымбат ұялы телефон ұстаған баланы көргенде екінші оқушы да оған қол жеткізгісі келеді. Алайда оны алып беруге ата-анасының шамасы жетпейді. Міне, осындай ұсақ-түйектен күйзеліс пайда болады. Расында, балалар мен жасөспірімнің материалдық дүниеге ерте жастан қызығуы дұрыс емес. Материалдық құндылықтан гөрі рухани құндылықты бірінші орынға қойып үйренуі керек, — дейді филология ғылымдарының магистрі, Х.Досмұхамедұлы атындағы №35 орта мектептің  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал Төренова.

Күйзелістен арылу жолдары

Күйзелістен арылудың жолдары өте көп.  Өзіңізге ұнайтын және ләззат алатын нәрсемен айналысу күйзеліске әкелетін жағымсыз ойлардан алшақтатады. Жаныңыз қалаған іспен ұдайы айналысу керектігін айтады мамандар. Мысалы кітап оқу, саяхаттау, серуендеу, ән айту, биге бару, йогамен айналысу, сурет салу, т.б. Алла тағалаға құлшылық жасаудың өзі сан мыңдаған дертіңнен айықтырады деседі дін саласы мамандары.

Бүгінгі таңда көпшілік адамдар, әсіресе жастар жағы уайым-күйзеліске көбірек түсетін секілді. Тағдырдың қилы-қилы сәттерінде өзіне қол жұмсап, өмірімен қоштасып жатқандар да бар. Бұл бүгінгі қоғамның дертіне айналып, алаңдатып отыр. Біздің дініміз бен дәстүрімізде уайым-қайғы шегіп, күйзеліске түспеудің бірқатар жолы көрсетілген. Біріншіден, адамда мақсат болуға тиіс. Мақсат алға жетелейді. Екіншіден, әр уақытта бір Жаратқанға сеніп, Алланың мейірімінен үміт үзбеу керек. Қасиетті Құранда айтылғандай: «(Мұхаммед (ғ.с.с.), егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді» («Бақара» сүресі, 186-аят) делінеді.  Мұны жақсы ұғынған ата-бабамыз қандай нәубет, ашаршылық, жоқшылық, қырғын шайқастарда да сабыр етіп, жарқын болашақтан үміт үзбеген. Бір Алладан медет тілеп: «Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең, сонда да күдер үзбе бір Алладан» деп ұрпаққа тәлімін берген. Үшіншіден, қандай қиын сәттерде де Аллаға сиынып,дан дұға етіп, жәрдем тілеу керек. Сахабалардың бірі Омар ибн әл-Хаттаб: «Алла тағала сені сынаса, үніңді естігісі келгені, ал дұға жасауға мүмкіндік берсе, жауап бергісі келгені». Ендеше, қиындықтарыңды дұға деген қарумен жеңіп шық!» — деген. Сондай-ақ сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Олай болса таңертең және кешке Алла тағаладан : «Иә, Тәңiрiм! Күйзелiс және қайғыдан, әлсiздiк пен жалқаулықтан, қажырсыздық пен сараңдықтан, қарызға бату мен адамдардың ашуынан өзiңнен пана тiлеймiн» деп дұға етіңдер», — деп өсиет еткен. Дұға тілегенде Алланың көркем есімдерін пайдалана отырып, дұға еткен абзал. Білім — Алладан берілген бір нұр, адамды қараңғылықтан — жарыққа, надандықтан даналыққа жетелейді. Ендеше, ілім-білім алумен шұғылданып, өзінің тұлғалық болмысына, рухани дамуына көңіл бөлген адам әсте күйзеліске ұшырамас. Алтыншыдан, сабыр керек, қаншалықты қиын болса да, «барлығы уақытша, өткінші» деп қабылдау керек. Себебі барлық істің нәтижелі болуы тек қана Ұлы Жаратушының құзырында. Жетіншіден, әрекет ету керек. Құранда: «Адам өз жағдайын өзгертпейінше, Алла оның жағдайын өзгертпейді» деген. Адамның тарапынан да әрекет болу керек. Жалпы, қандай да бір қиындыққа тап болған, күйзелісте жүрген адам сабыр етіп, нәтижесін Жаратушыдан күтер болса, Алла тарапынан ақыретпен қатар, осы дүниеде де лайықты бағасын алады, — дейді «Бақытжан» мешітінің ұстазы Анар Қойшығұлова.

Мамандар не дейді?

Күйзеліске түсу өзге а­у­ру­ларды да қоздырады. Жү­­р­ек жұмысы бұзылып, қан қысымы кө­­теріледі, ағзаның қорғаныш жүйесі на­шарлап, демікпе, бүйрек, т.б.

ау­руларға соқтыруы ғажап емес. Дәрігерлер соңғы кездері жүйке ауруы­на ұшырағандар саны да артып бара жатқанын айтып отыр. Сол себепті бұған алаңдаушылық білдірген кейбір шетелдерде оны әлеуметтік, ұлттық дең­гей­дегі мәселе ретінде қарап, мем­ле­кеттік тұрғыда шешімін табудың жолын қарастыра бастаған. Күйзеліске түсіп, одан құтылудың амалын іздеп, дәрігердің көмегіне жүгініп жүргендер де баршылық. Осы орайда «Сенім-Clinic» емдеу және диагностика орталығының невролог, нейропсихолог дәрігері Жәнібек Иманалиннің де пікірін білген едік.

Адам жанының күйзелісін психиатрлар емдейді. Бірақ адамдардың басым көпшілігі психиатрға барғысы келмейді. Негізінен, отбасындағы кикілжіңдер адамның күйзеліске түсуіне себеп болып жатады. Көбіне әйелдер күйзеліске жиі түседі. Себебі қай заманда да әйел адамға көп жауапкершілік жүктелген. Жас қыз бала бойжетіп, басқа үйге, жат ортаға келін болып түседі, сол үйде жар, ана атанады. Бойжеткендердің оқу бітіріп, жаңа маман болуы мен жар, ана болуы әдетте бір уақытта болып жатады да, олар бірнеше жауапкершілікті қатар арқалайды. Сөйтеді де, әйел адамның өзіне-өзі қарауға уақыты бола бермейді. Жауапкершілік пен жүктелген міндет күннен-күнге ұлғаяды. Мұндай өзгерістер, әрине, әйел баласына оңай емес. Күйзеліске түскен емделуші күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған соң, нейропсихологке жүгінеді. Оларға, негізінен, тыныштандыратын дәрі-дәрмектер тағайындалады. Кей адамдар сыртынан сап-сау көрінгенімен, рухани күйзеліске ұшырауы мүмкін. Адамның жүйке жүйесі тым сезімтал. Уақтылы күйзелістен емделмесе, ақыл-ес ауытқушылығына да шалдығуы мүмкін, — дейді ол. 

Нейропсихологтің айтуынша, ішкі дүниедегі толғаныстың соңы күйзеліспен аяқталуы мүмкін. Осы орайда өміріңізге өзгеріс енгізуге талпыну керек екен. Мұны кішкентай нәрседен де бастай аласыз. Өзіңізге уақыт бөліңіз. Дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану көп нәрсенің алдын алады.

Күйзелісті қолдан жасайтындар да бар. Қандай жағдай болмасын бұдан шығатын жолды адам өзі табуға тырысуы керек. Ұсақ мәселелерді көңілге алып, ашуланудың қажеті жоқ. Сыртқы кескін-келбетке мән беріп, күтініңіз. Бұл өзіңізді еркін, көңілді сезінуге ықпал жасайды. Нәтижесінде бағаңызды арттырасыз. Өзін қызықтыратын кез келген іспен айналысу да жаныңызды жадыратады.

Бір емделушінің оқиғасын айтып берейін, біреулерге сабақ болар: Осы жақында қабылдауыма жас келіншек келді. Ұйқысы бұзылып, ауа жетіспейді екен. Қаралмаған емханасы қалмапты. Мен науқасты қарай келе, оның дені сау, тек күйзеліске шалдыққанын анықтап, антидепрессанттар тағайындадым. Ол екі аптадан соң қайта келді. Жағдайы бұрынғыға қарағанда жақсарған. Бұл әйелдің күйзеліске ұшырауына отбасындағы ұрыс-керіс себеп болған. Ажырасып кетейін десе, баласын ойлайды. Осы секілді себептер адам жанының күйреуіне әкеледі. Әйелдің жаны тым нәзік болады. Ер-азаматтар жарының жанын түсіну арқылы өмірлік серігін де, отбасын да түрлі келеңсіздіктен құтқара алады, — дейді нейропсихолог Жәнібек Иманалин.

Дамыған елдерде әр адам алты ай сайын психологпен кеңеседі екен. Ал біздің психологтеріміз бұл жөнінде не дейді:

Бүгінгі қоғамда психолог маманның ақыл-кеңесі әрбір адамға қажет. Әйтпесе жауапсыз махаббаттың ащы запыранын тартқан жастар да, ҰБТ-ны тапсыра алмай, сан соғып қалған жасөспірімдер де, күнделікті күнкөріс көзінен айырылып, өмірінің мәнін жоғалтып, араққа салынған ерлер де, дәрменсіздіктен тәнін саудаға салған бойжеткен де, бір балаға зәру боп, Алладан ұрпақ тілеген ана да, баспанасыз далада қалған тұтас отбасы да күйзелісті жағдайды бастан кешіріп жүргені жасырын емес. Маған келетіндермен сөйлескенімде көпшілігі осындай жағдайлардан кейін күйзеліске түскендерін анықтадым. Осы айтылған кейбір келеңсіздіктер тіпті айтуға, елеуге тұрмайтын жайттар сияқты, бірақ зардабы мен салдары тым ауыр-ақ…

Физикалық ақыл-ой жүктемесі де күйзеліске әкеледі. Сондықтан дұрыстап демалу дағдыларын да  үйренуіміз керек, — дейді психолог Арайлым Бөкенбаева.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button