Марапат және байқау

Мәдениет және өнер қызметкерлері күні
Жұма күні қалалық Мәдениет үйінде «Мәдениет — қоғам келбеті» атты мерекелік шара өтті. Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған кешке қала әкімінің орынбасары Гүлназ Сисенова қатысып, осы салада еңбек етіп жүрген ақтөбеліктерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
— Шыр етіп дүниеге келгеннен бастап мәдениет пен өнер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналады. Біздің әрбір сәтіміз осы саламен етене байланысты. Адам қуанған кезде де, қайғырған шақта да өзіне қажетті жан тыныштығын сіздердің шығармаларыңыздан табады. Кез келгеннің қолынан келмейтін мамандық иелерінің алдында басымды иіп, алғыс білдіремін.
Ақтөбе қаласының мәдениетін дамытып, рухани-мәдени өміріне өзіндік үлес қосып жүрген азаматтарды қала әкімі Мұрат Жөребековтің атынан кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін, — деген Гүлназ Сисенова бірқатар өнер иесіне Ақтөбе қаласы әкімдігінің «Мәдениет үздігі» төсбелгісін тақса, енді бірқатарына қала әкімінің Алғыс хаттарын тапсырды.
Шара барысында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты өнер ұжымдары ән мен күйден шашу шашып, жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Кеш «Лайық шоу» байқауына ұласты. Ақтөбе сахнасында алғаш рет өткен бұл байқауда мәдениет саласында еңбек етіп жүрген 7 қызметкер әлемдік және елімізге танымал өнер жұлдыздарына айна қатесіз пародия салып, сынға түсті. Көрермен «Александр Серовпен» бірге «Я люблю тебя до слез» әнін зор тебіреніспен орындаса, сахнаға «Шімән әже» шыққанда тоқтаусыз қол соқты.
Бұл жұлдызды бәсекеде «Kaoma» тобының әншісі Лоалва Браздың рөлін сомдап, «Ламбада» әнін шырқаған «Алақай» қуыршақ театрының актрисасы Гаухар Оралбай үздік шықты.
Кеш соңында Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Саматқызы «Лайық шоудың» қатысушыларымен қатар, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген бір топ ақтөбелікке Алғыс хаттар табыстады.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.