Мәдениет

«Дала дидары» — Ақтөбеде

Концерт

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Қадыр Мырза Әлі атындағы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығының «Қадыр жолымен…» жобасы аясында құрылған «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымының концерті өтті.

Концерт басталар алдында Қадыр Мырза Әлі орталығының осы кезге дейін атқарған жұмыстары лед экран арқылы баяндалды. Сахнаға көтерілген орталықтың директоры Бауыржан Халиолла ақынның шығармаларын Ақтөбе өңірінде кеңінен насихатталуына қолдау білдірген облыс әкімі Ералы Тоғжановқа риясыз алғысын білдірді.

Әдеби-сазды кешті «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жазушы Бауыржан Ғұбайдуллин жүргізді. Құшағын айқара ашқан ақтөбеліктерге Жаңылсын Хасанова, Қайрат Какимов,  Альберт Ғазезжанов, Әділ Ахметов, Мәди Сабыров, Ерлан Қуанышев сынды әншілер және «BatуsStar» тобы ақынның сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің, Шәмші Қалдаяқовтың, Сейдолла Бәйтерековтің, т.б. қазақ композиторларының әндерін тарту етіп, құлақ құрышын қандырды.

Жүргізуші Бауыржан Ғұбайдуллин ақынның әзіл-қалжыңдары мен афоризмге айналған даналық сөздерін оқып, көрерменнің көңілін серпілтіп отырды. Орталықтың қызметкерлері Талғат Мықи, Асылан Ислямов, Мейірбек Бисенғалиевтер ақын өлеңдерін тебірене оқыды.

Концерттің соңында облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова құттықтау сөз сөйлеп, өңір басшысы Ералы Тоғжановтың Алғыс хаты мен ықылас гүлін табыстады.

Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалы өнер адамдарына дастарқан жайып, құрмет көрсетті.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button