Мәдениет

«Бәрінен де сен сұлу…»

Бұрымды ару

Ақтөбе қаласындағы «Геолог» мәдениет үйінде облыстық «Бұрымды ару —2023» байқауы өтті. Онда өңірдің түкпір-түкпірінен келген 11 бойжеткен бағымен бабын сынады. 

Облыстық «Шолпы» клубының 10 жылдығына орайластырылған қыз сынының мақсаты — ұлтымыздың салт-дәстүрлерін насихаттау, олардың қос бұрымын көпшілікке үлгі ету және өнерлі һәм білімді қатысушыларды анықтау, сондай-ақ мәдени шара арқылы жиналғандарға керемет көңіл күй сыйлау.

Жобаның авторы — «Геолог» мәдениет үйінің әдіскері Бибігүл Ақжігітова. Аталған байқаудың облыстық деңгейде осы мәдениет мекемесінде алғаш рет өтіп тұрғанын айта кету керек.

— 2012 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан ашылған «Шолпы»  клубы көпшілікке жақсы таныс. Соның бөлімшесі «Геолог» мәдениет үйінің жанынан осыдан 3 жыл бұрын құрылды. Жоғарыда аталған клубтың 10 жылдығын белгілі бір себептерге байланысты енді ғана атап өтудің сәті түсіп жатыр. Әрі қыздарымыздың мерейін асырып, ең мықтысын анықтау мақсатында осы байқауды қолға алдық. Қызығушылық зор, тіпті шалғайда орналасқан Ырғыз ауданынан қатысуға ниет білдіргендер бар. Көрерменнің ықыласы жақсы болды.

Осы орайда біздің Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Umit Brilliant» клубының  қыздары және жас әншілер Адия мен Аруна Қожамырза, Еркеназ Жалмұқановалардың, тағы басқалардың байқауға ерекше атсалысқанын айтпай кетуге болмас, — дейді Бибігүл Ақжігітова.

Қатысушылар өзара 5 айналым бойынша сынға түсті. Атап айтсақ, өзін таныстыру, сән үлгісі, өнер көрсету, ас мәзірі, қолөнер жұмыстары. Олардың өнерінмәдениет саласының үздігі, «Шолпы»қыздар клубының идея авторы Алмагүл Сарыбай, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, облыстық «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Айбек Тасқалиев, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Мейрамбек Камалов, «Алтын алқа» иегері, педагог әрі медиатор Бибігүл Әбілдаева және«Геолог» мәдениет үйінің әдіскері Бибігүл Ақжігітова бағалады.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Ақтөбе қаласындағы №55 орта мектептің оқушысы Аягөз Ақмади лайық деп танылды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар, олардың жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды. Ескере кетерлігі, байқауда ешбір ару атаусыз қалмады, барлығы әртүрлі аталымдар бойынша марапатталды.

Байқау барысында Ырғыз ауданының аналары дайындаған ұлттық тағамдардан және «Геолог» мәдениет үйі жанындағы «Гауһартас» клубының қолөнер бұйымдарынан жасақталған көрмелер көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ Бекзат Алтынбаев, Шахислам Әбдіғазиз, Әмірхан Оразбаев,т.б. өнерпаздар әннен шашу шашты.

Айнаш АЗАМАТ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button