Ауылдағы мереке
Ұлттық ойындар
Әуелден ынтымақ пен бірлікті ту етіп келе жатқан ақшатаулықтар мамырдың мамыражай күнінде арқан тарту, күрес сияқты ұлттық ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырды.
Ат бәйгесі десе, делебесі қозатын ауыл тұрғындарын бұл жарыс ерекше шабыттандырды. Ақсақалдар жас өрендерге ақ батасын беріп, жұртшылыққа ізгі тілегін арнады. Алты шақырымдық тай жарысында Бұлан Қойбағаровтың «Пырағы» қара үзіп келсе, Мұхит Рахатов пен Есенгелді Құлмұрзиннің тайлары да мәреге басқалардан бұрын келді. Қазақ күресінен бас жүлдені белдескеннің бәрін жыққан Азат Шерниязов алса, Сағындық Аққұсов пен Жанарбек Табынбаевтарға қалған екі жүлде бұйырды. Қол күресте Алексей Құсайыновқа тең келер жігіт табылмаса, жаяу жарыста Ақылбек Құрымбаевқа ешкім ілесе алмады.
Жарыстан соң киіз үйде ас берілді. Ақсақалдар ақ тілегін жолдап, Төлеу Сапаров азаматтарды өз күштерімен бастаған ауыл клубының құрылысын аяқтауға шақырды. Қазір ауыл клубының қабырғасы көтерулі тұр, енді төбесін жабу керек.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл ауданы.